Мерекелі күн болуына қарамастан «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің баспасөз клубында жақында ғана бақилық болған жерлесіміз, белгілі жазушы - драматург Рахымжан Отарбаевқа арналып, еске алу, аудио кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Оны Астанадан арнайы келген, Р.Отарбаевтың рухани інісі, «Ақ Жайық-kz» журналының бас редакторы Ғабит Молдамұратов ашып, жүргізді. Қаламгер інісі ағаның қамқорлығында болған жылдарды жабырқай еске алды. -Бірақ,-деді ол: – Ел-жұрттың мұншама ықыласын көргенде, азалап жоқтаған дауыстарды елдің әр аймағынан естігенде, шалғай шет елдерден үсті-үстіне келіп жатқан көңіл айту жеделхаттарын оқығанда Рахымжан аға өз бағасын енді алды-ау деген ой келеді. Қазақстанның ақпарат құралдарын былай қойғанның өзінде, Ресей, Қытай, Түркия, Моңғолия, Мажар, Германия елдері, зиялы қауымы, әрине басында ақын-жазушылары «біз кімді жоғалтып алдық» деген ұлан-асыр аза-өкінішпен құлаш-құлаш мақалалар жазуда, газеттері арнайы беттер арнауда. Өкініштісі, ұлы таланттың қадірі өзімізге кештеу білінуде.
Дегенмен, белгілі қаламгердің шығармаларын насихаттау ісі қазірден басталып кетті. Соның айғағындай Атырау облысы әкімдігінің демеушілігімен «Ақ Жайық» баспаханасынан аудио кітабы жарық көрді. Мұны осы игілікті істің тұсаукесері деп ұғыныңыздар. Қазір өздеріңізге бірнеше данасы таратылады. Аудио кітапқа ағамыздың 30 әңгімесі енгізілген. 10 сағатқа жуық уақытты алады. Әңгімені еліміздің белгілі әртістері оқиды, музыкамен көркемделген. Жолда жүріп келе жатқан жүргізушілер де қосып қойып тыңдай алады. Қазақтың ұлттық кітапханасы өз сайтына салмақшы. Сонда бүкіл Қазақстан тыңдайтын болады.
Шығармалары аудио кітапқа еніп отырған алғашқы қазақ жазушысы Рахымжан аға екендігін біліп қойыңыздар,-деп алып, одан әрі Ғабит Молдамұратов жаңа дүниеден үзінділер тыңдатып көрді. Таяу уақытта тұсаукесері Астанада, т.б. еліміздің қалаларында өткізуге келісілді,- деп аяқтады ол өз сөзін.
Одан әрі еліміздің Астана, Алматы қалаларынан келген белгілі жазушылар, ақындар Рахымжан жерлесіміз жайлы толғанысты ойларын ортаға салды.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулетов: - Алғашқы танысуымыз Жұмекен ағаның үйінде болды. Артынан дос әрі сыйлас, сырлас болдық. Орынды-орынсыз әзілдесе беруші ек. Жұмекен аға оны Жұматай Жақыпбаев екеумізге «оған қарағанда көргендерің көп ғой, көз қырларыңды сала жүріңдер» деп көп тапсырды. Жұматай кейін «аға сені маған да тапсырды ғой, бас жағы қиын болып тұр, бір нәрсе алып келші»деп әзілдейді екен. Оның әлем классиктерімен деңгейлес жарық жұлдыз екендігі енді білініп жатыр. Әлем елдерінен жазғандарына сұраныс көп түсе бастағанда кетіп қалғаны қандай өкінішті! Қытайлар таза өз тілінде кітабын тәржімалаған алғашқы қазақ жазушысы. Ешкімнен қаймығып көрмеген заманның батыры да еді. «Арал тағдыры - адам тағдыры» тақырыбымен «Қазақ әдебиетінде» бет-бет циклды өткір мақала жазып, сол жылдары Қазақстан КП Орталық комитетін аяғынан тік тұрғызды, бүкіл Қазақстанды шулатты. Аралдың сол тұстағы обкомына «Аралды құртқан сен» деп кеудесіне сұқ саусағын қадауы ол кезде барып тұрған нағыз көзсіздік еді,-деді.
Белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлы «Рухани ұялас болдық» деп алып, көл-көсір естелікке, көлкіген көз жасына ерік берді.
Жазушы жерлесіміз Мереке Құлкенов аға: -Рахымжан оқырманы өте көп, оқырманын сендіре білген жазушы. Жазушы көп ғой, шынайысы аз. Оның тілі мүлде басқа, құлпыртып ойнатып жіберетін қасиетке ие. Басқадан ерекше бөлек тілі бар жазушы екенін айту – біздің парызымыз,-деді.
Басқа да қаламгерлер мінберге көтеріліп, жүрек сөзін мінсіз ағытты. Қадірін халқы, оның ішінде Атырау жұрты да кештеу біліп, аһ ұрып жатқан Рахымжан Отарбаевтың аудио кітабының тұсаукесер рәсімі өзінің мінезіндей алай-дүлей сезімге бөлеп, бірнеше сағаттарға созылды.
Т.ДӘРЕЛҰЛЫ.