«Киелі өлкем, Құрманғазым!»

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапханада есімі елге жақсы танымал ақындардың бірі, ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғымановтың «Киелі өлкем, Құрманғазым» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті. Ақынның бұған дейін шыққан «Шапағат», «Нұрлы наздар», «Иірім» атты кітаптары оқырман тарапынан оң бағасын алған болатын.

Солардың қатарын толықтырып отырған, «Ағатай» баспасынан жарық көрген жаңа туындысы «Дастандар», «Туған жер толғаулары», «Өрендер – өлең өзегі», «Ойға оралған орамдар», «Сурет шежіре» сияқты бөлімдерден тұрады. Қай тақырыпта да сұлу сөздің қою қаймағын қалқып, жырдың інжу-маржанынан моншақ түзген ақын өмірден алынған көріністерді көз алдыңда өтіп жатқандай шебер суреттеп, таңғы шықтай мөлдір ұйқастарымен оқырман жүрегін жаулап, тәнті етеді.

Жаңа кітаптың тұсау кесерінде аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев сөйлеп: - Біз бүгін ұрпаққа берер ұлағаты мол үлкен шараның куәсі болып отырмыз. Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында ауданымыздың тоқсан жылдық мерейтойына орай осындай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Жалпы кім-кімнің де өзінің туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігі болатыны сөзсіз. Соны сіз өлеңмен жеткізіп отырсыз. Кітаптың аты да қандай жақсы, орынды тауып қойылған. Мазмұны да тартымды екенін, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік, қоршаған ортаға деген қамқорлық, туған жер тарихы қамтылғанын жаңа естіп жатырмыз. Сіз елге, ауданымызға еңбегі сіңген ұстазсыз, қоғамдық жұмыстарды да абыроймен атқарып жүрсіз. Бүгін көп жылғы еңбегіңіздің жемісін көріп отырсыз. Әлі тыңсыз, алдағы уақытта да осындай тамаша туындыларды өмірге әкелеріңізге сенімдіміз. Бибоз Байдәулетұлы осы шараға қатысқысы келгенімен жұмыс жағдайына байланысты қатыса алмай жатыр, - деп Н.Нұғымановты аудан әкімі атынан құттықтап, Алғыс хат пен естелік сыйлығын табыс етті.

Аудандық орталықтандырылған кітапхананың библиографы Сандуғаш Қайырова кітапқа қысқаша шолу жасап, оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі Таңатар Дәрелұлы: - Зейнеткерліктің рахатын көргеннен кейін адам өзінің қолынан келетін іспен айналысқаны өте жақсы. Басшылық қызмет атқарып, ұстаз болып шәкірт тәрбиелеген Нұрлығайын ағаның ақын екені ерте мойындалды. Кітаптың айналасына жай адам келмейді. Бәрі елін, туған жерін сүйеді, бойларында перзенттік махаббат бар. Осындағы әр төбенің басында сынық сүйем жер үшін шайқасқан батырлар, ата-бабаларымыз, ел үшін еңбек еткендер жатыр. Соларды ардақтаған жүрегіндегі жыры, сыры бәрі мұнда хатталған. Баба тарихты жырлап кітап жазу үлкен еңбек. Ауданымыздың өткені туралы көп нәрсе өлең түрінде айтылған. Біздің өлкеде қандай ырымдар, шөптер бар ол да ескерілген. Оқып отырғанда бәрі көз алдыңа келеді, - деп, жыр жинағының авторына ағып тұрған ақын деген баға беріп, бұл туынды ауданымыздың мерейтойына тамаша тарту екенін жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Өмірзақ Қажымғалиев өз сөзінде оңтүстік өңірлердегідей жергілікті жердегі қаламгерлерді көтермелеу керек екенін алға тартып: - Нұрлығайын әрбір сөзін саф алтынға сатып алатын жігіт. Әркімге ілесе шаппайды, өзіндік пікірі бар. Өлеңдерін де көріп отырсыздар ойы терең, сөзі салмақты. Жаңа Таңатар суреттеу шеберлігі қандай дәрежеде екенін айтты. Көзіңді жұмып отырып тыңдасаң қырдың бүкіл көрінісі алдыңда бояуға малынып тұрады. Бұл іште қайнап жатырған ойдың бұлақтай шапшып бермен шыққаны. Оны көңіл түкпірінде қайнатып жатырған алтын ба, гауһар тас па, мұны білу үшін Нұрлығайынды көтермелеп, кездесулер өткізіп, айтқан әрбір сөзін бағалай білуіміз қажет, - деп ақын Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өтуі керек, қолдау білдірейік деген ұсынысын ортаға салды.

Жаңа кітаптың лентасын аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиев қиды. Ардагер ұстаз Сара Алпысова ұжымшарларды ұйымдастыру кезіндегі қиындықтар ата-анасының да басынан өткенін, ақын өлеңдерінен соның бәрін көріп отырғанын айтып, алға қарай осындай кітаптарыңызбен қуанта беріңіз деген ізгі тілегін білдірді. Зейнолла Серікқалиев атындағы мектеп-интернаттың орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арайлым Әмірғалиева ақынның адами қасиеттерді жоғалтпауға шақыратын өлеңдері көп екенін жеткізіп, өзіне ұнаған шумағынан үзінді келтірді. Шара барысында С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әндер орындады. Тұсаукесер кешінің соңында Нұрлығайын Нұғыманов оны ұйымдастырған аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымына, қатысушыларға ризашылығын білдіріп, жаңа өлеңдерін оқыды. Қатысып отырған жастарды кітап деген рухани қазынадан сусындауға шақырды. Алға қарай да қолынан келгенше қаламын суытпауға тырысатынын айтып, жаңа кітаптарын аудандық орталықтандырылған кітапханаға табыс етті.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT