Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тағы бір игі шара жүзеге асты.
Көптен бері айтылып келе жатқан Киров ауылдық округі мен Дәшін ауылының аты өзгерді. Округ пен ауылдың тиісінше Жаңаталап пен Хиуаз болып өзгеруіне арналған салтанатты жиынды Киров халық театрының әртісі, ауданымызға танымал өнерпаз Самат Саламатов жүргізді. Құттықтау сөзінде Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Олжас Тәжібаев: - Бүгін Киров ауылдық округі Жаңаталап, Дәшін ауылы Хиуаз болып қайта аталып отыр. Ауыл атауының өзгеруінің ономастикалық заңдылықтарға ешқандай қайшылығы жоқ. Оның үстіне көп жылдардан бері тұрғындар, ауыл үлкендері әртүрлі жиналыстарда айтқан ұсыныс-пікірлерінде, газет бетіне жазған мақалаларында аудан көлемінде Хиуаз апайдың атында көше, мектеп, ауыл атауы жоқтығын алға тартып келді. Соған сәйкес ауыл тұрғындарымен, қоғамдастық мүшелерімен біріккен жиналыс өтіп, оның шешімімен бірауыздан Киров ауылдық округін Жаңаталап, Дәшін ауылын Хиуаз деп атау ұйғарылды. Ол одан әрі аудан әкімдігі мен аудандық мәслихатта қаралып, құжаты рәсімделіп облысқа жіберілді. Облыс әкімдігі мен облыстық мәслихат тарапынан мақұлданып, біріккен шешім 16 наурыз күні шықты.
Шешім облыстық Әділет басқармасында тіркеліп, заңды күшіне енді. «Жаңаталап», - деген сөздің өзі жаңашылдықты, алға ұмтылушылықты білдіретін жақсы мағына. Сондықтан ауылымыз өсіп-өркендей берсін, - деді. Атау жазылған көрнекіліктің лентасын қию еңбек ардагері Саламат Бурханов пен округтің аналар кеңесінің төрайымы Сәуле Мардановаға ұсынылды. Келесі кезекте аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова ауыл тұрғындарын тарихи сәтпен құттықтап: - Ұлы Отан соғысының ардагері, аты аңызға айналған қазақтың ұшқыш қызы, Халық қаһарманы, жерлесіміз Хиуаз Доспанова апамыздың есімі елімізге кеңінен танымал. Сол себепті бұл өте мәнді, сәнді атау, дұрыс таңдау болды деп есептеймін. Округ тұрғындарына ынтымақ, бірлік, әр отбасына амандық тілеймін, - деп атауға қолдау білдіргені үшін ауыл үлкендеріне ризашылығын жеткізді. Шара барысында Боздақтар ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, мерекелік концерт тамашаланды.
Қанат ҒҰМАРОВ.