Күйші, ұстаз, тәлімгер Маржан Зейнелқызы 1943 жылы Қошалақ ауылында дүниеге келген. Оның есімі марқұм Төлеген Ахметжановпен қатар танылды.
Маржан апай да Төкең сияқты балалар, ұстаздар, жұмысшылардан құралған ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастырып, оған өзі дирижерлік етті. 1969 жылы Атырау музыкалық училищесін бітірген соң 1980 жылға дейін Н.Манаев атындағы орта мектепте музыка пәнінен сабақ берді. Біз апайдың саз сиқырды саусаққа бағындырған өнерін сол кезде көріп қаныққанбыз. Оркестрге мектеп оқушылары көп қатысатын. Олардан шыққан шебер орындаушылар да аз емес. Ол Атырау педагогикалық училищесінде, Құрманғазы атындағы балалар саз мектебінде ұйымдастырушы, оркестр жетекшісі болып зейнетке шыққанша еңбек етті. 1984 жылы Алматы консерваториясында профессор Б.Қарабалинаның сыныбын бітіреді. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» марапаттары бар. Маржан апай өнер әлемінде жұлдыздай жарқырап, жеке орындаушы ретінде одақтық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанды. Ол ұстаздық жолдағы ұзақ жылғы іс-тәжірибесін жинақтап, «Күй-дәурен» атты үш бөлімнен тұратын шағын кітап шығарыпты.
Біріншісінде балаларды нота, есту, шығыстың сандық әдісі сияқты домбыраға үйретудің жолдары көрсетіледі. Сонымен қатар ұстаз шәкірттерін ұлттық аспапқа машықтандыру үшін төрт топқа бөледі. Республика көлеміне танымал үлгілі шәкірттері Мереке Мұханбетқалиева, Гүлбану Досқариева, Жаңылсын Шайденова, Клара Жолдасованың есімдерін мақтанышпен атайды. Арасында өзінен бас домбыраны үйренген Самат Қапизовты да айтып кетеді. Кітаптың екінші, үшінші бөлімдерінде домбырашы ұстаздың жазған өлеңдері мен мақалалары топтастырылған. Туған нағашысы Жұмекен Нәжімеденовтің күйшілігіне тоқталып сыр шертеді. Қошалақта жүріп күй шалған ағайынды Нәжімеден, Сағаден Садыховтар, Қаби, Қилым Жонысовтар, сонымен бірге Шынтас Сұлтанов жөнінде әңгімелейді. Кітап музыкалық оқу орындарының мұғалімдеріне, оқушыларына және қалың оқырман жұртшылыққа арналған.
Есмұхан ЖАНИЗИН.