ҚИҒАШТА АТЫЛҒАН ОҚ

(0 Votes)

...Телефон қылғына шырылдады. Тұтқаны көтерген заставаның байланыс бойынша кезекшісі арғы жақтағы адамның дауысын естігені мұң екен, түрі өзгеріп сала берген. Есікті тықылдатқан байланысшы сарбаз застава бастығынан ішкі кіруге рұқсат сұрады.

Офицер оңаша отыр екен. Алдында жатқан көп қағаздан басын көтеріп, есіктің алдында сымша тартылған қалпы «ауылдағы ерікті жасақшылардың бірі жаңа ғана заставамен байланысқа шығып, өзінің Қиғаш өзенінің жағасынан күдікті адамды кездестіргені туралы жеткізгенін» баяндаған сарбазды үнсіз тыңдады. Күйші Дина Нүрпейісова ауылының тұрғыны Иван Колягин шекарашылар келгенше белгісіз тұлғаны тоқтата тұратынын айтыпты. Бірнеше секундтан кейін заставада «Қаруға!» дабылы азынап қоя берді. Сол-ақ екен, жаңа ғана тыныштықтың құшағында мүлгіген заставаның ішінде апыр-топыр басталып кеткен. Құрамында лейтенант Ғибрат Мүсілім мен қатардағы жауынгер Михайл Рогов бар «Дабыл» тобы оқиға орнына сегіз минутта жетті. Алайда ерікті жасақшының ескертуін құлағына ілмеген күдікті бұл кезде өзеннің бойындағы қалың қамыстың ішіне кіріп үлгерген болатын. Бірақ бәрібір шекарашылардан құтылып кете алмады. – «Дабыл» тобының аға нарядшысы лейтенант Мүсілім! Сіз шекара аймағында тұрсыз. Құжатыңызды көрсетіңіз! – деді топ жетекшісі Мүсілім.

Белгісіз тұлға өзін Қазақстан Рес­публикасының азаматы деп таныстырды. Алайда шекарашылардың «жол қапшығыңызды ашып көрсетіңіз» деген заңды талабын орындаудан бас тартты. Есесіне, аға нарядшыға өзін ың-шыңсыз жіберу үшін келісімге келмек болып ақша ұсынды. Өзінің бұл тірлігінен ештеңе шықпайтынын түсінген ол шекара нарядымен бірге заставаға баруға амалсыз келісті. Бірақ шекаралық «УАЗ» автокөлігінің қасына жақындай берген кезде ол күтпеген жерден лейтенант Мүсілімге тап беріп, офицердің денесіне екі жерден пышақ салды. Содан кейін бірден Иван Колягинді бас салып, пышағын жасақшының иығына сұқты... Бір секундтан кейін бірінен соң бірінің артынан екі оқ атылды. Бірақ лейтенант Ғ.Мүсілімнің көкке қарата атқан ескерту оғына пысқырып та қарамаған белгісіз адам ерікті жасақшыны тастай беріп, енді офицер жаққа айбаттанған түрмен беттеді. Шекарашы тосылған жоқ, тағы да бірнеше мәрте оқ шығарды.

Бұл жолы ол қылмыскерді көздеген. Артынша құлақ жарған ащы дауыс шықты. Бір оқ ер адамның аяғына, екінші оқ ішінен тиіп, өтіп кетті. Бірақ қылмыскер бұған да тоқтамады. «Аллаху акбар» деп айғайлаған күйі ұмтылды. Екеуінің арасында өліспей беріспейтін күрес басталды. Лейтенант өзінің ауыр жарақаттанғанына қарамастан, қылмыскердің қолынан пышақты қағып жіберіп, өзін жерге құлатты. Осы сәтте қатардағы жауынгер М.Рогов та офицерге көмекке жетіп үлгерген. – Қимылдама, атамын! – саңқ ете түскен сарбаз автоматының ұңғысын қылмыскерге бұрған күйі:

– Лейтенант мырза, сіз қалайсыз?, – деп сұрады. – Бәрі дұрыс, Миша бәрі дұрыс... Ауыр тыныстаған лейтенант шекара бұзушының қолына кісен салды. Осының барлығын ол ет қызуымен істеген еді. Санаулы секундтың ішінде найзағай секілді өте шыққан қақтығыс­та шекарашылар жеңді. Бірақ... Бұл кезде лейтенант көп қан жоғалтып үлгерген. Алған жарақаттары да ауыр. Сондықтан Михаил заставадан қосымша күштің келгенін күтпестен, лейтенантты бірден көлікке салып, жақын маңдағы елді мекенге ала жөнелді. Ал қолына кісен салынған күйі жерде қимылсыз қалған қылмыс­керді жасақшы Колягин өзінің де жараланғанына қарамастан күзетіп қалды...

Оқиға орнына аттанған шекара заставасының бастығы аға лейтенант Ф.Заиров Роговпен жолда кездесті. Ол жаралы офицердің ауыр жағдайы мен медициналық мекеменің алыс­тығын саралай келе, көрші Ресейдің аумағындағы Астрахань облысының Қызылжар елді мекеніне баруға шешім жасады. Застава бастығының бұл шешімі өз кезегінде әскери бөлім командирі подполковник М.Қанабековтің тарапынан мақұлданып, Ресейдің ФҚҚ Калмыкия және Астрахань облысы бойынша шекара басқармасының бастығы генерал-майор С.Маслов ақпараттандырылған болатын. Обалы не керек, ресейлік әріптестер де өз тараптарынан аянып қалған жоқ. Болған оқиға туралы ендігі құлақтанып үлгерген Ресейдің жеңілдетілген өткізу пунктіндегілер жаралы офицерді әкеле жатқан әскери көлікті бірден өткізіп жіберді. Осы кезде көліктің алдынан жедел жәрдем де шыққан еді

... Аудандық аурухананың дәрігерлері қазақстандық шекарашыны аман алып қалу үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Тіпті өздерінің ақ желеңді әріптестеріне көмек көрсету үшін Астрахань қаласынан да дәрігерлер тобы шыққан. Алайда алтын уақытты жоғалтпаған хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Эльдар Төлегенов тез арада жаралыға ота жасап, шекарашыны ажал аузынан алып қалды. Сол сәтте лейтенант Ғ.Мүсілімнің жағдайы аса мүшкіл болатын. Ол көп қан жоғалтып еді, оның үстіне ақ желеңділерге лейтенанттың бір бүйрегін алып тастауына тура келген. Бұл кезде Құрманғазы ауданының орталық ауруханасына шұғыл жеткізілген ерікті жасақшылар мүшесі Иван Колягин мен құрықталған қылмыскерге де медициналық көмек көрсетілген.

***

Шекарашылар шекара бұзушының жол қапшығынан көлік жүргізушінің куәлігін, магниттік компас, елді мекеннің қолдан жасалған екі схемасын, орыс және араб тілдерінде жазылған кітапшаны тапты. Кейіннен белгілі болғанындай, шекара бойында құрықталған қылмыс­кер Ақтөбе облысының 1990 жылғы тұрғыны екен. Қазақ-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы Сирияға жетіп, өзі таңдаған жат дін ұстанушылармен бірге әскери қимылдарға қатысуды мақсат тұтқан. Міне, осылай. Жат діннің жетегінде кетіп, өзінің тыныштығын көзінің қарашығындай күзетіп келе жатқан шекарашыға суық қару жұмсаған қылмыскер заңның әділ жазасынан құтылған жоқ. Өзінің шекарашылық шеберлігі, ержүректігі мен батылдығы үшін лейтенант Ғ.Мүсілім және И.Колягин «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Қатардағы жауынгер М.Рогов – өмір мен өлім белдескен қысылтаяң шақта дұрыс шешім қабылдай білгені үшін кеудесіне «Мемлекеттік шекараны үздік күзеткені үшін» медалін тақты. «Сазды» шекара заставасының кешкі 20.00-ден басталып, тәулікке ұласатын қызметі өз арнасын қайта тапқан. Екі елдің арасында аунап ағып жатқан Қиғаш өзенінің жағасында атылған оқтың дауысы қайтып естілген жоқ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT