9 мамыр – Жеңіс күні. Әрине, заман өзгерген сайын өткен күндерге деген көзқарас та өзгеріп отыратыны белгілі. Алайда Жеңіс күнінің біз үшін, бізді өмірге әкелген әкелеріміз бен аналарымыз үшін маңызы зор. Себебі бұл күн – бейбіт өміріміздің бастауы, Жеңісті жақындатқан, болашақ ұрпақ үшін жанын қиған боздақтарды еске алу күні. Осы азат таңымыз үшін жанын құрбан еткен боздақтарды ешқашан ұмытпауымыз қажет.
Әрине, қазір өткен күнге баға беру оңай. Себебі біз соғысты көрген жоқпыз. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде елімізде соғыс қасіретін көрмеген, соғыстың ащы дәмін татпаған отбасы некен саяқ еді. Бірі әкесінен, бірі анасынан, бірі баласынан, тағы бірі бауырынан, енді бірі асыл жарынан айырылып, қара жамылды. Бір ғана Атырау өңірінен 13 мың боздақ қан майданда қаза тауып, хабарсыз кеткен екен. Міне, соғыс осылайша қаншама отбасының ошағын ойрандады.
Соғыстың сондай ауыртпашылығын көрген жанның бірі менің анам еді. Анам Мақпал Қыдыралиева 1932 жылы өмірге келді. Анам 9 жасқа толған кезінде сұм соғыс басталып, әкесі майданға аттанды. Соғыс оны ерте есейтті. Оның соғысты жек көргені сонша, өмірден өткенше соғыс жайлы бірде бір фильм көрмеді. Өмір бойы әкесін – нағашы атамды аңсаумен, сағынумен өтті.
Нағашы атам Қыдырәлі Жұбанов 1898 жылы дүниеге келді. 1943 жылдың 4 сәуірінде сұрапыл соғысқа аттанды. Олар ағайынды бес жігіттің соғыс басталған кезде үлкені Қыдырәлі 45 жаста, кенже інілері 20 жаста болатын. Бес ағайынды бірдей майданға алынды. Бесеуі де қан майданнан қайтып оралмады. Бесеуі де туған жеріне жете алмай, хабарсыз кетті. Сұм соғыс ешкімді аяған жоқ...
Анам үйдің үлкені болатын. Науқас анасына қарап, екі сіңлісін өзі жетілдірді. Соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі қиындықтардың бәрін бастан кешірді. Әлі есімде, 9 мамыр Жеңіс күні ел дүрлігіп тойлап жатқанда анам марқұм көңілі құлазып, жанары жасқа толатын. Себебі Жеңіс келгенімен, күткен үміті ақталмады, сарыла, сағына күткен асыл адамдары майданнан келмеді.
Биыл Ұлы Жеңіске 77 жыл толады. Жыл сайын осы күні ерліктің ерен үлгісін көрсеткен, соғыста жанқиярлықпен қаза тапқан ата-әжелеріміздің рухына бас иеміз! Себебі бұл Жеңіс – ұрпаққа аманат! Мен аталарымды мақтан етемін және рухтарына мәңгі бас иемін! Алла Тағала оларды панасына алғай!
ЖҰБАНОВ ҚЫДЫРӘЛІ
ЖҰМАҒАЛИЕВ ДАУЛЕКЕН
ТЫСПАЕВ МҰҚТАР
ТЫСПАЕВ ІЗБАСҚАН
ТЫСПАЕВ МАҚСОТ
Бүгінгі ұрпақ та, болашақ ұрпақ та – қазіргі бейбіт күнімізге, алаңсыз өмірімізге, тыныш ұйқымызға Отанды қорғаған аталарымыз бен әжелеріміздің мәңгілік үлес қосқанын ұмытпауымыз керек! Аталарымыз ұрпаққа аманат етіп қалдырған Ұлы Жеңістің қадірін түсіне білейік! Себебі, ешкім де, ешуақытта ұмытылмайды!
Барша қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, ел іргесі сөгілмесін!
Зәмзагүл Карсакова, облыстық мәслихат депутаты