Енді ауылымыз Құрманғазы аталады

(0 Votes)

Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Ганюшкин ауылдық округінің «Құрманғазы» болып өзгеруіне байланысты салтанатты шара өтті.

Шара шымылдығы Болатбек Нұрбайұлының орындауындағы «Байтақ елім - қазағым» әнімен ашылды. Құттықтау сөзінде округ әкімі Мұрабек Мұғалім:

- Тәуелсіздіктің арқасында талай асыл мұраларымыз, ел есінде қалған батыр-жырауларымыздың аттары, тарихи есімдер ортамызға оралып жатыр. Ганюшкин ауылының атын өзгерту де көптен бері сөз болып жүрген еді, енді, міне, Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асты. Елді мекеннің атауын өзгерту қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Серпер» газетіне жарияланды. 2017 жылдың 30 қазан күні өткен қоғамдастық жиынында көпшілік дауыспен «Құрманғазы» есімі таңдалды. Ол облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың біріккен ХХІ сессиясында қолдау тауып, шешім шықты. Құрманғазы ауданының 90 жылдығымен тұспа-тұс келіп жатқан салтанатты сәтте облыстық мәслихат пен ономастикалық комиссияға құрманғазылықтар атынан алғысымды білдіремін, - деді.

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпазы Мейрамбек Мамбетов «Мен қазақпын» әнін орындағаннан кейін округ атауы жазылған LED- экранның шымылдығын ашу құрметі ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов пен аналар кеңесінің төрайымы Маийна Дощановаға ұсынылды.

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов:

- Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасында өскелең ұрпаққа өзіміздің игі істерімізді таныту керек делінген болатын. Солардың бірі Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен батыс қақпасындағы алғашқы елді мекен, Атырау облысы Құрманғазы ауданының орталығы - Ганюшкин ауылының атын өзгерту. Заңдылықтарға сәйкес шешім алынып, бүгінгі күні бұрынғы Ганюшкин селосы мен округ облыстық Әділет басқармасында Құрманғазы ауылдық округі мен Құрманғазы ауылы болып тіркелді. Осы тарихи сәт күйші бабамыз секілді ұлы тұлғалардың есімін мәңгі сақтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл мемлекетімізде жер-су аттарын өзіміздің тілімізге, ділімізге сәйкестендеріп беру жолға қойылғанының бір көрінісі. Бүгін сол бірлескен шешімнің көшірмесін ұрпаққа естелік болсын деп мұражайға табыс еткелі тұрмыз, - деп оны аудандық мұражайдың басшысы Гауһар Таумановаға табыс етті.

Салтанатты шара Қадыржан Хасановтың орындауындағы «Құрманғазы – құтты мекен» әнімен тәмамдалды.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT