Ел жүрегіндегі Елорда

(0 Votes)

«Тарих тек өткеннің сабағы ғана емес, келешектің де көрінісі».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Еліміз енді етек жиып, егемендік алып жатқанда жаңа оқу жылын бастаған оқушының «Менің арманымдағы астана...» деп шимайлаған шығармасы бүгін де шындыққа айналды. Арман алдамамады, ойлар орындалды. Жұртты жартысын жалпағымен жойған ашаршылық артта қалды. Таршылықтың тарысын қуырып жеген қауырт күндер келмеске кетті. Қайғы мен қасіретке, қан мен терге толы жиырмасыншы ғасыр шымылдығын жапты. Келешекке кірпіш қалаған өткенге қарайласақ, өзге елдердегідей бізде де астананың ауық-ауық ауысқанын көреміз. Бірақ, кеңестік кезеңде тарихтың тілі біраз бұрмаланып, қазақтың астаналары деп шын мәніндегі шұрайлы емес, шөлді қутақыр қоныстар көрсетіліпті. Бірақ, шындықтың аты шындық қой, суға салсаң батпайды, отқа салсаң жанбайды, қайда салсаң да қылыштай қиып түседі. Бәріне уақыт емші емес пе, Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихымыз таразы басын теңестірді. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Астана астана болған кезде мектеп табалдырығын жаңа ғана аттаған бала едік. Әке-шешеміз еліміздің ер-тұрманы енді ғана бүтінделе бастағанын байқап, болашағы баянды, келешегі келісті боларын, арманның ақиқатқа айналарын айтып отыратын. Елмен бірге есейіп келе жатқан өзіміз де ата-ана атанар жасқа жеттік.

Арқада асқақтаған арман Жалпы, жаңа астана не үшін қажет болды және ол неге Арқадан тұрақ тепті, алдымен осыған тоқталайық. Еліміз егемендік алған кезде өмірді ақ парақтан бастау қажет болды. Міне, сондықтан ел жүрегін сәбидің санасындай тап-таза дархан далаға көшіру көзделді. Бұл орайда, бар мәселені жеті рет өлшеп, бір рет кесіп дағдыланған Елбасы білектің емес, білімнің қуатын басты қару ретінде қолданды. Астананы Арқаға ауыстырудың екінші себебі, елдің бір шеті елеусіз қалмасын деген ой. Бұған дейін де оның Ұлытаудан тұрақ табуы – «артымыздан жау алмасын, алдымыз ашық болсын» деген ойдан туса керек. Не болса да, қысқа күнде қырық құбылған заман ғой. Соның бәрінің артында – кемеңгер де кемел Елбасының көреген саясаты жатыр. Үшіншіден, қазақтың қос бүйірінен қысқан қысылтаяң нарық жағдайында күн көру кім-кімге де оңайға тимеді. Ешкім жылы орнынан жылжығысы келмеді. Сондықтан сын сағатта экономикалық сілкініс керек болды. Сөйтіп, кешегі Ақмола тозаңнан тазарып, көсегесі көгерді. Оның үстіне, ескі үйлерді күреу де қиынға соқпады, қолға жұқпады.

Құтты қоныс Тарихи шешім бірден қабылдана қойған жоқ. Парламенттің қос палатасында қызу пікірталастар жүрді. О баста халықтың бір бөлігі жаңалыққа жатырқай қарағаны рас. Бірақ, көреген Көшбасшы олардың да ойларын тыңдап, тамырын басты. Қалай болғанда да, басшымыз бастады, қалың қауым қостады. Президент қашан да бірнеше қадам ілгері жүретінін танытты. Тарих тамырын тереңнен тартып, төрт құбыласын түгендеді. Иә, ел басқару, мемлекет үшін маңызды шешімдер қабылдау қиынның қиыны екені даусыз. Осынау жауапкершілік жүгін бір басына көтере білген Елбасы алдымен аузына «бісмілләсін» алып, ата-баба аруағына адалдық танытты. Содан кейін ғана іске кірісті. Шағаладай шарқ ұрып, тыным таппады. Таланттың да, тарихтың да тұлпарын алма-кезек мініп, алысқа шауып отырды.

Астанаға алғаш сапарлаған ел азаматтарына алақан жайып, батасын берген ақсақалдың бірі – өзіміздің жерлес жазушымыз, заңғар тұлғамыз – Зейнолла Қабдолов екен. Айтпақшы, алғашқы сапарда мемлекеттік нышандар да Елбасымен бірге ұшқан екен. Ақыры, араға жарты жыл салып, Еуразия кіндігінен қазақтың қуаныш күлкісі естілді. Алыпқашпа әңгімелер артта қалып, бас қаланың бұғанасы бекіді. Қазір қарап отырсақ, Қазақстанның жаңа Астананы емес, Астананың жаңа Қазақстанды құрудағы үлесі басым түскендей ме, қалай өзі?! Адал еңбек ақталып, дос сүйінетін, дұшпан күйінетін жағдайға жеттік. Бүгінде сән-салтанат пен маңызды жиынның бәрі осында өтеді. Астанаға ағылған азаматтар көкірек көзін суарып, жан дүниесін жаңартуда. Десек те, болмағанды болды, толмағанды толды деп тоқмейілсуге тағы болмайды. Ендеше, осынау елдігіміз бен кеңдігімізді Тәңіріміз көлденең көздің сұғынан, қиямпұрыстың құрығынан, бір Құдайдың қаһарынан сақтағай деп тілейік.

Тілектер тоғысқанда... Жамиға ТАҢАТАРОВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы: – Астана құру күллі алаштың арманы еді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Григорий Николаевич Потанин» деген мақаласы бар. Ондағы: «Қараөткел қазақ автономиясының орталығы болса, жоғары оқу орындарында жастар білім алса, Қозы мен Баянды, Шоқандай азаматты берген халықты дүние жүзі таныған болар еді» деген қазақтың арманын алаш зиялылары Потаниннің аузына салып қойғандай. Бүгінгі Астана ерке Есілдің бойынан байыз тапты. Онымен қазір әлемнің озық отыз елі санасады. Мұнда қазақстандықтардың ең асқақ армандары орындалды десе де болады. Сан ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында бас біріктірді.

Сәуле МАҒАУҚЫЗЫ, білім беру саласының ардагері:

– Елорданың елеулі жеңістері мен жетістіктері Елбасы есімімен етене байланысты. Небір дін өкілдерінің форумы, Сириядағы соқтығыстарға қатысты келелі кездесулер, халықаралық ұйым мүшелерінің маңызды жиындары мен басқа да көптеген іс-шаралар ару Астанада өтуі тегін емес.

Хэймиш ПОЛС, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоғам және билікпен байланыс бөлімі бас менеджерінің орынбасары:

– Өзім Оңтүстік Американың тумасымын. Астанаға бірнеше рет іссапармен бардым. Көркіне көз тоймайды. «Айналдырған жиырма жыл ішінде қалайша осындай зор дәрежеге жетті екен?» деп таңданамын. Экономикасы, оның ішінде, инфрақұрылым жүйесі, сәулеті мен дәулеті, әлеуметтік әлеуеті, мәдениеті мен әдебиеті, бәрі де үйлесім тапты. Иен далаға иелік еткен шаһар шынымен де ыстық ықылас пен ерекше әсерге бөлейді. Бұл жердің тұрғындары да өте қонақжай. Қазақ еліне бар жақсылықты тілеймін.

Наурызбай МҰХТАРҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы Еруазия ұлттық университетінің түлегі, сәулеткер:

– Елордада менің ең шуақты шағым – сайран құрған студенттік күндерім өтті. Атыраулық ақиық ақын Марат Отаралиевтің немересі болған соң ба, айналам маған үлкен үміт артты. Сөйтіп, белгілі ақын болмасам да, мықты сәулеткер болуға бел будым. Қазір Атырауда жеке құрылыс мекемелерінің бірінде жобалаушы болып еңбек етемін. Енді магистр атанғым келеді. Сол үшін де аракідік Астанаға да мойын бұрып тұрамын. Астана бәсекеге қабілетті болуға баулитын орын десем артық айтқандығым болмас. Мұнда қиялыңызға қанат бітіп, бұрын белгісіз болып келген жаңа қырыңыз ашылады. Бұл жерде шеберлер шабыт шақырып, шығармашылықтың шыңын бағындырады. Жастар жарқын болашаққа жол салып, арманға қол созады.

Бексұлтан ҚУАТҰЛЫ, Өзбекстан елінің азаматы:

– Елордада жиі болып тұрамын. Соңғы барғанымда 2001 жылы Елбасының өзі тұсауын кескен «Атамекен» Қазақстан картасы этно-мемориалдық кешенінде болдым. Мұнда жарты мыңға жуық жәдігер қойылған. Сондай-ақ, әлемнің ең ірі 10 мұражайының бірі – еліміздің Ұлттық мұражайын да аралап шықтым. Көне тас ғасырынан бастап Тәуелсіздік жылдарына дейінгі аралықтағы ақпараттың бәрін осы жерден табасыз. Қай нысанға барсам да, тартымды технология мен электронды қызметті көріп көз сүйсінеді.

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT