Қазақстанда Мемлекет басшысының Жарлығы негізінде 2014 жылдан бері қыркүйек айының соңғы жексенбісінде «Еңбек күні» аталып өтіліп келеді.
Айтулы мерекенің басты мақсаты жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру шеңберіндегі өндіруші еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау. Сонымен қатар, жұртшылықты еңбек ұжымдарының тыныс-тіршілігімен таныстырып, озаттары мен үздіктерінің еңбек жетістіктерін дәріптеу, бір мамандыққа негізделген атадан балаға жалғасқан еңбеккерлер әулетіндегі көпжылдық дәстүрдің өнегелі қырларын көпке үлгі ету, сол арқылы адамдарды еңбекке баулып, ынтасын арттыруды көздейді. Іс–шараны Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Қазақстанның кәсіподақтар Федерациясы және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырады.
«Еңбек бәрін жеңбек», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Еңбек етсең емерсің», «Еңбек қылмай ер оңбас, Бірлік қылмай ел оңбас» деп жалғаса беретін қазақтың нақыл сөздері мен мақал-мәтелдерін тізбелей беруге болады. Бұл нені білдіреді? Ата-бабаларымыз еңбектің қадірін білген, еңбек еткен адамның үлкен жетістіктерге жетіп, мәртебесі биіктейтінін жете сезінген және оны ұрпағына ұғындырып, сәт сайын санасына сіңіріп отырған. Әдетте, қазақты өзге ұлттармен салыстырып, «жалқау халық» санатына қосып жатады. Егер шыныменде қазақ жалқау, жатыпішер болса, бабалардан осындай өсиет-өнеге қалар ма еді?!
Қазақ жалқау болса, кешегі күндері ақтылы қойдан қос-қостан төл өргізіп, өңірлерін орден жапқан Таңат Жұмағалиев, ағайынды Қапетовтер қайдан шықты? Теңіз өңірін қылқұйрықты жануарға толтырған Уалиолла Жолжанов ше? Соғыс жылдары мен кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру кезінде аянбай еңбек еткен сан ондаған «Социалистік Еңбек ерлерін» қайда қоямыз? Кеңес дәуірінің өзінде маңдай терлерінің арқасында биік беделге, аласармас абыройға бөленген даланың даңқты перзенттерінің бүгінгі ұрпағы жалқау деуге қалай ғана аузың барады.
Оның үстіне нарықтық экономика деген маңдайыңнан сипайтын әкең емес. Қимылдамасаң, қапы қаласың. Ішерге асың, киерге киімің болмай да қалады. Сондықтан, «Бейнет түбі – зейнет» екенін бағамдай біліп, жас шағыңда бейнет қылсаң, кейін зейнетін көресің. Зейнеттің ең үлкені, халықтың ықыласы. Ел алдындағы абыройың. Түрлі марапат көріп, есімің биік мінберлерден аталады. Құрмет-қошемет, абырой-атақтың өзі іздеп келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі де еңбек жолын жұмысшы болып бастағанын мақтаныш етеді. Ол өзінің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясын көз жетпейтін көкжиектен ойлап таппағанын айтып, «Бұл – практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені, мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақсаусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп! Мұндай еңбек мектебін қанша жыл өтсе де ұмыту мүмкін емес» деген еді. Мемлекет басшысының бұл сөзі еңбек адамдарын қанаттандыра түсері анық. Қара жұмыстың қыл шылбырын сүйретіп жүргендер де мамандығын мақтан тұтатын болады. Бұл ойлап қарасаңыз, еңбектің түбі - береке екендігі тағы да дәлелдей түскендей. «Еңбек күнін» атап өтудегі атадан балаға жалғасқан көпжылдық династиялық дәстүрдің өнегелі қырларын көпке үлгі етудің орны ерекше. Жаңағы айтқан Жұмағалиевтің, одан басқа Көрпежанов, Қайыржанов, Өтеулиев сынды әулеттердің бүгінгі ізбасарлары шопандықтың құтты таяғын әкеден балаға мирас қылып отырғандарын мақтанышпен айтуға болады. Әке ісін лайықты жалғастырған шаруа қожалығының иесі Есболат Құбашевтың еңбегін ескеруге әбден болады. Бір емес, бірнеше ұрпақ ата кәсіпті жалғап, алтын арқауды үзбей еңбек етіп келе жатқан егіншілер, балықшылар династиясы бар арамызда. Ұлағатты ұстаздық істері ұрпақтарымен жалғасып, қосындысында бірнеше жыл еңбек өтілін құрайтын Тағанқожа Өтегенов, Бақтығұл Құспанов, Қабдығали Қазиев, Мәжит Құбашевтардың әулеттік дәстүрін айтпай кетуге болмайды. «Адам еңбегімен ардақты, мінезімен қадірлі» деп хакім Абай айтқандай, елі үшін еселі еңбек еткендерге қашанда құрмет көрсетілгені ләзім. Бүгінгідей арнайы күнді белгілеп, еңбек адамының мәртебесін көтеру - соның айғағы.
А.НӘЖІМОВ.