Теңіз топырағының талантты тұлғаларының бірі, айтулы әдебиетші, мемлекеттік және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері, республикаға еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Серікқалиұлының туғанына 80 жыл толуына орай ғалым-сыншының есімін иеленген мектеп-интернат ұжымы бірқатар тағылымды шараларды ұйымдастырудың ұйытқысы болып келеді.
Зейнолла Серікқалиұлы өмірге келген 10 ақпан күні Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру шеңберінде білім ордасында мектеп мұражайы ашылды. Оның тұсаукесер салтанатында Зейнолла Серікққалиұлы атындағы мектеп-интернатының директоры Қ.Бисенғали шараға жиналғандарды атаулы күнмен құттықтап, сөз сынының сардарының өмір жолымен қысқаша таныстырды.
Шараға қатысқан аудан әкімі Б.Шаяхметов те құттықтау тілегін арнап, мұражай бөлмесінің есігіне керілген қызыл лентаны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Құмарғалиев екеуі қиды. Мұражай жәдігерлерімен танысу барысында аудан әкімі 1962 жылы Ганюшкинде мектеп-интернат ашылғанда жатақхана корпусы болған кезінде Мақаш әкімнің өзі салдырған қарағай мектептің фотосын көрсетіп, көптеген аға буын ардагер ұстаздар өтініш етіп жүрген қалпына келтіру жұмыстары таяу арада басталып, ауданның 90 жылдығына орай жөндеуден өтіп қайтадан ашылатындығын қаперге берді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Құмарғалиев, осы мектепте директорлық қызмет атқарған Қ.Дауымов Зейнолла Серікқалиұлына арналған мұражайды алдағы уақытта марқұмның аудан, облыс көлеміндегі тума-туыстарымен, Алматыдағы жанұясымен тығыз байланыс орнатып толықтыра түсуді тілек етті. Мерейтойлық бағдарлама С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатының ұйымдастыруымен өткен «Сөз сынының зергері» салтанатты шараға ұласты.
Жиналғандарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 7 қарашадағы №8422 қаулысы негізінде Ганюшкин мектеп-интернатына қазақ әдебиетінде талантты тұлғалардың бірі, сын сардары Зейнолла Серікқалиұлының есімі берілуі мектеп ұжымы үшін зор мақтаныш екені айтылып, ғалым туған бүгінгі күні осындай тағылымды шара өткізілуі оған көрсетілер құрметтің бірі деп атап өтілді. Шара шымылдығын мәдениет үйі жанындағы ҚР еңбек сіңірген қайраткері Т.Зайнуллин көркемдік жетекшілік жасайтын «Жиделі» фольклорлық ансамблі ашты.
Ақын Т.Дәреловтің сөзіне жазылған Т.Зайнулиннің «Біз Зейнолла мектебі» атты мектеп-интернат гимнін аталмыш білім ордасының ұстаздарынан құралған хор ұжымы мен жеке дауыста Идаят Ғаббасов, Мәншүк Сайфуллина, Эльмира Нұрышывалар орындады. Бұдан соң мектеп-интернат оқушылары А.Қалиева ақын И.Исаевтың «Зиялы адам» атты Зейнолла рухымен сырласу өлеңін мәнерлеп оқыса, Н.Тілепбергенов «Ардақты аға» әнін орындады. Үлкен экраннан З.Серікқалиұлы жайлы бейнеролик көрсетіліп, сыншы жайлы замандастарының айтқан естеліктері назарға берілді.
Аудандық білім бөлімі басшысы Г.Құбаева мерейгер турасында көптеген мағлұматтармен, тың деректермен бөлісті. Келесі кезекте сөз алған Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатының директоры Қ.Бисенғали үстіміздегі оқу жылының басталысымен мектепте өткен мерейтойлық шаралар төңірегінде ой өрбітіп, бұл игілікті істер алға қарай да жалғасатынына тоқталды. З.Серікқалиұлының немере інісі мемлекеттік қызмет ардагері С.Рахимов түрлі себептермен жастау кезінде ағасымен араласа алмағанына өкінетінін айтып, өмірінің соңғы кезеңдерінде ғана зиялы жанмен кездесіп, көп ғибрат түйгенін тебірене жеткізді. Шарада мәдениет үйі өнерпаздары А.Жахина, Қ.Хасановтар күй мен әннен шашу шашты.
А.НӘЖІМОВ.