Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев бастаған комиссия қару-жарақ пен әскери техниканы жазғы пайдалану режиміне дайындау, қару мен оқ-дәрілердің сақталуы мен сақтандырылуы мәселелерін, зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймаларында оқ-дәрілердің түгенделуі мен жүйелендірілуі барысын және командирлердің өздерінің жауынгерлік тапсырмаларын білуін инспекциялық тексеруді аяқтады.
Жалпы алғанда, Қорғаныс министрлігі қойған тапсырмалар толық көлемде және жоғары сапада орындалды. Инспекция қорытындысы бойынша «Оңтүстік» ӨңҚ қолбасшысы генерал-майор Марат Құсайынов, «Оңтүстік» қолбасшысының материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары полковник Жақсылық Оразбаев, «Батыс» ӨңҚ қолбасшысы генерал-майор Қаныш Әбубәкіров, «Батыс» ӨңҚ қолбасшысының материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары полковник Сапарбек Бисенбеков, «Шығыс» ӨңҚ қолбасшысы генерал-майор Нұрлан Қашағанов, «Шығыс» ӨңҚ қолбасшысының материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары полковник Александр Аширов, ҚР ҚК ӘҚК Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов, ҚК ӘҚК Әскери-әуе күштері қолбасшысының материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары полковник Леглек Күшенов, ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы 1-дәрежелі капитан Сәкен Бекжанов пен ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары полковник Ербол Бегілдаев жақсы жағынан атап өтілді.
Атырау гарнизонында мотоатқыш, танкті және штабтық батальондардың, артиллериялық және зениттік дивизиондардың, сондай-ақ «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдері теңіз жаяу әскерлері батальондарының командирлерімен командирлік даярлық бойынша жиын өтті. Өткізіліп жатқан іс-шараның басты мақсаттарының қатарында жедел-тактикалық дайындықтың, барлау мен РЭК-тің тың жаңалықтарын зерделеу, озық тәжірибені талдау, ұрыстың әр түрінде жауынгерлік іс-қимылдарды ұйымдастыру бойынша білім мен практикалық машықтарды жетілдіру бар. Іс-шаралар теориялық және практикалық сабақтар кешенін қамтиды. Оның барысында офицерлер міндеттерді орындауға жеке құрамды дайындаудың жаңа үлгілері мен әдістерін меңгереді. Аталмыш жиын «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қаныш Әбубәкіровтің жеке бақылауымен өткізілді. Ол жиын басталысымен офицерлерді сапалы әрі тиімді оқуға жетелей түсті.
«Батальондық буынның командалық құрамы заманауи жылдам өзгеретін жағдайда өздерінің міндеттерін орындауға әзір болуы тиіс. Бүгінде батальон командирлері тәжірибелі офицерлердің жетекшілік етуімен кәсіби және командирлік дайындық деңгейлерін арттыруда. Бұл олардың бір сатыға жоғары немесе өзара ауыстырылымдылық тәртібінде қызметтік міндеттерін орындауға әзірліктерін арттыруға мүмкіндік береді», - деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қаныш Әбубәкіров БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Жиын соңында батальон командирлерінің қолбасшылық ұрысты ұйымдастыру және жүргізу бойынша білім деңгейлеріне баға берілді. Шілде айының басында Астана қаласындағы 68665 әскери бөлімінің базасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Арнайы әскерлер бас басқармасының жетекшілік етуімен инженерлік әскерлердің бөлімдері мен бөлімшелері арасында үздік мина іздейтін иттер байқауы өтті. Байқауға Қарулы Күштер инженерлік бөлімшелерінің иттерімен бірге сапер-кинологтар қатысты. Жаттығуларды орындау кезінде 68665 әскери бөлімі командасының «Эмба» атты лақап аты бар неміс овчаркасы және 58012 әскери бөлімінің «Акира» лақап аты бар малинуа бельгиялық овчаркасы мина іздеуде үздік деп танылды.
Ақпараттар көзінен әзірлеген Қанат ҒҰМАРОВ.