Құрақ – еріне аққан ерке өзендердің немесе асау арналардың, айна көлдер мен шағын көлмектердің жағалығын қуалай бітетін ғажайып шөп тұқымынан.
Құрақ – жаздың қай мезгілінде де жап-жасыл, сұңғыл сұлу көркімен айдын біткеннің ажары болып тұрады. Үп еткен желмен сұңғақ бойлары толқыған айдынмен бірге толықсиды. Жай толықсымайды, салалы саусақтарымен бір-бірін түрткілеп оятып, әдемі сыбдыр қағады. Қатар өскен бойжеткендер іңкәр дүниеге айтып түгесе алмас сырларын құлақ түбіне өзгеден жасырып, бір-біріне сыбыр – гүбір жеткізіп жатқандай бейне. Дүниеде құрақтан сыршыл не бар екен деп еріксіз ойландырады. Қанша көрсең де, айдын жарып қалтылдауық қара қайықтарды билетіп қанша барсаң да мөлдір судың сырға –шолпылына сыбдыр үнін қосып, жағалай біткен жасыл құрақ сені қарсы алар. Жүрегіңнен мәңгі айықпас жастық жазының алабөтен сағынышы – осы балауса бал құрақтар.
Ата-анамыз сол балауса құрақтарды орып баулап әкелуге жұмсаған шақтарда біз де, біз деп отырғаным киелі Нұржаудың «Жаңа ауыл» аталған бөлігіндегі бала біткен өзіміз де құрақ арасын қуалаған ақ маңдай қасқалдақтардың балапандарындай қанаты әлі қатаймаған балапандар едік ылғи. Әлімізге қарамай жүрегімізді бір-бір балауса арман, балғын қыз лүпіл соқтырып, ақ уыз үміт сырттай ғашықтық сезіміне бөлейтін. Әсіресе Жұмекең – Жұмақай ағам мұндайда сөзшең-сыршыл еді. Құрдастары Сапарғалиев Таңатардың, менің ағам Айболаттың ауызын аштыратын. Саналарын сол күндерде арбаған ақ шағала – армандары қиқуын салып дүниенің қай бөлігіне самғады екен, қолдарына бір қонбай ұшып. Бір кем дүние расымен...
Құрақ ору жайына қалады. Жұмекең сөйлейді, әлгі екі досы тыңдайды. Көрші «балауса құрақтар» сырымен сипатталып, енді сыныптарындағы ажарлы ақ бантик таққандар түгелденеді. Құрақ ору жайына қалады. Қара қайыққа таяуды ұзыннан салып қойып, олардың айтқан әңгімесі күн сәскелікке дейін түгесілмейді. «Қой, бұлардың ғашықтық мыжыңы жөпелдемде шаң бермес» - деп қолыма құрақ оратын орағымды алып (келдек аталады біздің жерде) мен тұрамын орнымнан. Өйткені, адуын әкеме берген кемі жиырма баудан әкелмеуге тиіс уәдемді орындауым керек. Мүмкін олардан бір мысқыл жасымның кем, балалығым шығар. Сөйткен, ырғалған, тербелген, әлдеқандай бір әуенмен тебіренген балауса – бал құрақтар біздің балғын арман сынды, тереңге ой жүздірсек! Айдын барсам құрақ атаулыны алдымен көзім емес, көңілім іздейді, жоқ болса құлазиды.
Құрақ та бір домбыраның қос шегіндей шертілген туған жердің киесі мен кепиеті жұққан аялауға тұратын дүниесі. Оны көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан – ұрпаққа аманаттау – ортақ борыш! Өйткені, мұнайы жоқ, малмен күнелтісін айырған елдің бағзыдан ең көп дайындайтын шөбі – осы құрақ! Кезінде кеңшарлар аптасына 5-6 мың тонналап пішен ордық деп жоғары билікке рапорт берсе, оның дені осы құрақ. Қырда шөп шықпай қалса, қуатты техникалармен ойдың құрақ-пішенін тасымалдау үрдісі ежелден қалыптасқан. Бұрнағы жылы да «жеріме шөп шықпай қалды» деп байбалам салған нұржаулық шаруа иесі Серік Алғаязовқа теңіз тамағының құрағынан дайындауға рұқсат беріліп еді, суға сүңгіген қасқалдақтай үні сап тиылды. Құрақ өскен аралдарымыз – кім көрінгенге оп-оңай ұсына салатын байлығымыз емес. Кезінде шөп шықпай қалған жылдары облыстың көрші, тіпті алыс аудандары да келіп «Достық», «Коневск», «Бала жылаған», «Теңіз тамағы», т.б. арғы шеті кәрі Каспийді иектеген аралдарынан пішен дайындағанын осы өңір жұрты түгел біледі. Ал, осы құрақ арасында қызыл кітапқа енетін, қабаннан бастап көп аң-құс өсіп өнеді. Көктемде ұя салып, құс жұмыртқалап, алаңсыз балапан өргізеді. Аң біткен төлін жамыратады. Демек, біздің сыбдыр қаққан сыршыл құрағымыз адамға да, жан-жануарға, қанатты құсқа да «күніңді осымен көр!» - деп жіберген Тәңірі сыйы.
Егер оны біз-біреулер «ананы тұрғызамын, мынаны саламын, жұмысқа адамыңды аламын» - деп мың-мың гектарлап бүлдірер болса, техника табанымен үзіліссіз таптар болса, онда біз жерін әбден мылжалап, құрағымыздан айырылып қаламыз. Бізге дейінгі шөп шапқандар техникаларымен бір орып тазалап өтеді де, орақ түспеген тұстарды өртеп, келесі көктемге дейін ұрынбайды. Рас, қыста шабылмай қалған құрақтың қу қамысқа айналған бөлігінен құрылысқа қамыс тақталар дайындайды. Қора – жайдың керегіне баулап әзірлейді. Біздің кезімізде ауыл-ауылдың үлкен-кішісі жаппай отындық мақсатқа қыс бойы орып, қара қазан қайнатады, үйлерін жылытады. Бұл шаруаның бел ортасында әлгі айтқан ересек балалар өзіміз де жүрдік. Қазір мұның бәрі ертегі! Қимасыңдай қылмия қылық көрсеткен, өсе келе бастарына желбіретіп үкі таққан туған жердің сұлу бикештеріндей теңселе билеген балауса - бал құрақтарын көздің қарашығындай сақтауда үніміз біріксін, ағайын! Бірер адамның бозторғайдай шырылы дәрмен де, пәрмен де болмасы белгілі. Бәз-біреулердің енді құрағымызға қарап иегі қыши бастады деген тойымсыз ындыны жайлы естіген соң осы жолдарды жөпелдемде қағаз бетіне түсіріп, ойлы жұрттың есіне салған болдық, артық-кем тұсына, әрине ғапу өтінеміз.
Таңатар Дәрелұлы.