Бөкей Орда - Құрманғазы ауданаралық бірлескен меморандумға қол қойылды

(0 Votes)

Батыс Қазақстан облысы Бөкей орда ауданының жер бедері бізге ұқсас. Бірақ, шұрайлы екені шөптен байқалады. Мұндағы мал қыста бір ай ғана қорада тұрады.

Басқа уақытты осындағы тоғайлардың арасында өткізеді. Өріс толы сиырлар мен бұзаулар. Күйлері жақсы. Еркін жүретіні біздің көліктерге тұра қалып, одырая қарағанынан-ақ сезілгендей. Қой-ешкі көрінбейді. Соңынан білдік, олар жерді тоздырмас үшін қырлықта бағылады екен. Сәрсенбінің сәтімен келген құрманғазылық қонақтарын Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов лауазымды тұлғаларымен, өнерпаздарымен сырнайлатып, дәм-тұзын ұсынып, құшақ жая қарсылады. Қонақтарын Хан қорымы кесенесіне бастады. Алдымен Жәңгір хан кесенесіне бет бұрдық. Жергілікті молда билеушінің рухына арнап аят бағыштағаннан кейін, ішіне ендік. Уақыт өз дегенін істеп, 1849 жылы тұрғызылған хан зиратынан тек құлпытасы ғана қалған екен. 1996 жылы оны жаңғырту қолға алынып, басына зәулім кесене салынған. 1997 жылы 7 қыркүйекте болған ашылу салтанатына Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзі қатысқан. Осы қорымнан күйші Дәулеткерей де мәңгілік орнын тауыпты. Кесене ішіне оның шыққан тегі,шығармашылығы жайлы мәліметтер жазылған.

Атақты күйші, дарынды сазгер 1852 жылдан бастап ел басқару ісіне де араласады. 1859 жылы Санкт-Петербург қаласына барған қазақ делегациясының құрамында болып, Ресейдің солтүстік астанасының төрінде қазақ өнерін насихаттайды. Ел арасына таралған көптеген күйлердің авторы. Қорымдағы үшінші кесене көрнекі ғалым, тарихшы, этнограф, ақ патшаның заңдарын жақсы біліп, дауларды қазақтардың пайдасына шешкен Мұхаммед Салық Бабажановтікі екен. Ауыл орталығындағы мәдениет үйі алдындағы аллеяда азамат, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға, осы өңірден шыққан әскери комиссар Бисен Жәнекешовке, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Маметоваға ескерткіштер орнатылыпты. Оларға аудан әкімі Бибоз Шаяхметов, аудандық мәслихаттың депутаты Болат Жүгінісов, депутаттар Рифхат Сұлтанияев, Анар Қашуова ордалық әріптестерімен бірге гүл шоқтарын қойды. Құрманғазылық делегацияны мәдениет үйінің директоры Венера Қуанышқызы мен «Нарын» әжелер ансамблі қарсылап, ақ ұсынды. Ғимараттың екінші қабатында кітапхана орын теуіпті. Одан кейін үш қабатты Жәңгір хан мектебін, осындағы 1991 жылы ашылған мұражайды, спорт кешенін араладық.

«Орда» ЖШС орман шаруашылығы өнімдерін шығарумен айналысады. Мұнда қарағаш, шырша сияқты теректер қолдан өсіріледі. Басшысы Бауыржан Мырзағалиевтің айтуынша осында жасалатын үй қабырғаларына, шарбақтарға, басқа да құрылыс материалдарына сұраныс бар. Бізге ерекше әсер еткені орасан зор аумақты алып жатқан Бөкей ордасы тарихи мұражай кешені. Кешенде қазақ жерінде алғаш салынған қазынашылық үйі, баспахана, Жәңгір ханның сарайы, үйі, қару-жарақ палатасы, басқа да ғимараттар орын теуіпті.

Мұражайға айналдырылған Жәңгір ханның резиденциясында Ішкі орда билеушісінің сол кезде тұтынған мүліктері, қару-жарақтар қоры түгелге жуық сақталыпты. Аралай жүріп, жақсы әсерге бөленесің. Өңірден шыққан ақындар, күйші-сазгерлер, шеберлер, 24 Социалистік еңбек ері, 69 Бөкей ордасы ауданының Құрметті азаматы атағын алғандар да ескерусіз қалмаған. Жалпы мұражай аумағының атмосферасының өзі тамаша. Тазалығымен, абаттандырылуымен сүйсінтеді. Орда ауылдық округінің әкімі Медет Исаұлымен әңгімелескенімізде қазір мұнда 60 адам жұмыс жасайтынын, жазда саны жүзден асатынын естідік. Тағы бір қызықты мәліметті келтірсек, 5 мың тұрғыны бар осы округте 114 шаруа қожалығы құрылған. Тамаша қонақ үй салынған. 16207 адамы бар Бөкей ордасы ауданы көлемінде 7 ауылдық округ, 22 елді мекен, 23 асыл тұқымды мал шаруашылығы орналасқан. Хан резиденциясында ауданаралық меморандумға қол қою салтанатына орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған екі ауданның лауазымды қызметкерлері мен мәслихат депутаттары қатысты. Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов қатысушыларды таныстырып, слайд арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайынан хабардар етті.

Рухани жаңғыру аясында өткізіліп отырған бұл шараға жер шалғайлығына қарамастан арнайы келіп жатқан құрманғазылық делегацияға ризашылығын жетікізіп, экономикалық, мәдени, рухани қарым-қатынастарымыз жандана түседі деген сенім білдірді. Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметов те ауданымыз жайлы айтып өтіп, Алғыс хат пен естелік сыйлығын табыс етті. Екі жақты меморандумға қол қойылған соң, «Нарын шуағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенова, Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты Рифхат Сұлтанияев, Бөкей ордасы және Құрманғазы аудандары мәслихаттарының хатшылары Ерболат Таңат, Болат Жүгінісов, «Нұр Отан» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Төлепкерей Арыстанбек өзара пікір алмасты. Дөңгелек үстелді Бөкей ордасы ауданының әкімі Н.Рахымжанов қорытындылап, Рухани жаңғыру аясында бірлесе жұмыс жасауға әзір екенін жеткізіп, құрманғазылық делегацияға естелік сыйлықтарын табыс етіп, қонақасы берді.

Қанат ҒҰМАРОВ.

Ганюшкин - Сүйіндік - Орда.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT