Дулы, шулы сан құбылған ғаламда,
Күнде өзгеріс болып жатқан заманда,
Қалмау үшін өркениет көшінен
Бару керек батыл, қауырт қадамға.
Әлемдегі бар асылын дананың,
Қабылдайтын озық ойды, жаңаны,
Өркениет қарыштаған заманда
Қажет бізге ашықтығы сананың.
Жаңа ғасыр қоймақ өктем талабын,
Бәсекеге сай ма басқа қадамың,
Болмысымыз өзгеруі қаншалық
Жаңғыруы тұтас ұлттық сананың.
Тіл менен діл, діннің азбай, жаңарып,
Ұрпақтарға мұра болып, таралып,
Ұлттың коды сақталды ма бұлжымай
Рухани тамырлардан нәр алып.
Басты мақсат – рухани жаңғыру,
Ұлттық рух жалын отын жандыру,
Тәуелсіз ел болашағы – ұрпақтың
Біліміне дүниені таң қылу.
Ал, жаңғыру – туған жерді түлету,
Нуға бөлеу, көрік қосу, гүл ету,
Арғы, бергі тарихыңды түгендеу
Құрмет жасау тұлғаларға білетін.
Бұл жаңғыру – бастау жаңа белеске,
Еріп кетпей бұлдыр сағым, елеске,
Өзіңдегі барды нақты бағалау
Маңыз бермей даңғой, қысыр кеңеске.
Бірқатар ел жол таба алмай дағдарып,
Тартып жатса қайшылықтар зардабын,
Даналықпен болжап ерте
Елбасы Айқындады болашақтың бағдарын.
Жыл жаңарып, байтағыма сән кіріп,
Тіршіліктің тамырына қан жүріп,
Жатқан шақта сілкін халқым жаңа іске
Жаңаша бір рухани жаңғырып.
Жаңғыруда болмау қажет іркіліс,
Бағдар айқын, жүзеге ассын ілкімді іс,
Әр азамат есеп беріп өзіне
Жасау қажет рухани сілкініс.
Н.НҰҒМАНОВ.