Қазақ диаспорасы дегеніміз - Қазақстан Республикасынан шет аймақтарда тұратын қазақтардың шоғырланып орналасуы.
Қазақтардың түрлі себептермен тарихи отандарынан ажырап, жат жерде өмір сүруін әлемнің көптеген елдерінен кездестіруге болады. Іргелес Ресей Федерациясы, Қытай, Орталық Азия мемлекеттерінде, Ауғанстан мен Иран, Түркия жерінде, Еуропаның бірқатар елдерінде қазақ диаспорасының жалпы саны статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 5,4 миллионға жетеді. Олардың басым бөлігін кезінде Қазақстан өз Тәуелсіздігін жарияламай тұрып, түрлі саяси қитұрқылықтардың әрекетімен Ресей мен Қытай, Өзбекстан сынды көршілес елдің қарамағына өтіп кеткен өз ата қоныстарында тұрып жатқандар құрайды.
Ал, шамамен жарты миллиондай қазақ өзге мемлекеттерде бытыраңқы орналасқан. Олар шоғырлы диаспораға жатпағанымен, Батыс Еуропаның елдеріндегі және АҚШ-тағы этникалық қазақтар барынша бастарын біріктіріп отыруды өздеріне мақсат санайды. Түркия, Моңғолия, Иран, Ауғанстанды, кешегі одақтас республикалар болған Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстанды қоныстанған қазақтар анағұрлым шоғырланып мекендейді. Бұған олардың бірлесіп тұру тілегі ғана емес, сонымен бірге жергілікті мемлекеттің жүргізген саясаты да ықпал еткенін көруге болады. Қазақ халқының көшпелі тұрмыс-тіршілігінен қанға сіңген бейімделгіштік, жерсінгіштік қабілет-қасиеттерінің арқасында қазақ диаспорасы жартылай этникалық, мультимәдени, мультидіни құрылымды елдерде жергілікті тіршілікке бейімделіп кеткені байқалады. Алайда, өздері тұрып жатқан аймақтарда этникалық азшылық болғандықтан, сол елдің саяси құрылымында қазақ диаспорасының айтарлықтай салмағы жоқтығы сөзсіз. Қазақстан Республикасы өз алдына дербес мемлекет болғалы бері өзге жерлердегі қандастарының әлеуметтік-экономикалық проблемаларына алаңдаушылық білдіріп, көмек қолын созумен келеді. Қазақстанның шет елдердегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасының аясында қазақ жастары үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алу қарастырылды.
Кейінгі жылдары да сырттағы ағайынмен арадағы ынтымақтастықты орнықтырудың жаңа жобалары өмірге келді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президентінің Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 18 мамырдағы № 280 қаулысы шықты. Оның негізінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстанның оқу орындарында білім алуы үшін стипендиялық бағдарлама әзірлеу, ондағы қазақ мектептерін және қазақ мәдени орталықтарын гуманитарлық бағыттағы оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен, гуманитарлық бағыттағы әдебиеттермен қамтамасыз ету, одан басқа ұлттық мәдениетті жаңғырту мақсатында фестивальдар, поэзия кештерін, ақындар айтысын, қазақ киносы күндерін өткізу, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырып отыру көзделді.
Сондай-ақ, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында шетелдегі қазақ диаспорасының балаларын демалыс уақыттарында Қазақстандағы білім беру және танымдық бағыттағы лагерьлерге тарту, еліміздің қасиетті орындарына туристік саяхаттарға келулеріне ықпалдастық жасау міндеттелді. Осы мақала негізіндегі қазақ әліпбиін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру туралы тұжырымдамасы шет елдегі қазақтармен байланысымызды жақсартуға септігін тигізері де анық. Әлемнің 40-таған елінде тұратын қазақ диаспорасы мен Қазақстандағы қазақ халқы арасындағы әліпби біркелкі болмағандықтан көптеген қиындық туғызып келген еді. Ауызекі сөйлеуінде ешқандай айырмашылық болмаса да, жазу мәселесінде бір-бірін түсіне бермейтіні рас-ты. Қытай қазағы төте жазуды пайдаланса, Қазақстан, Моңғолия және Ресей қазақтары кириллицаны қолданады. Ирандағы, Ауғанстандағы жазудың түрін көп біле де бермейміз. Ал, Өзбекстан мен Түркіменстан өз тәуелсіздіктерін жариялаған тұста латын әрпіне көшіп алған еді. Енді, міне, Қазақстанның 2025 жылға қарай латын әліпбиіне көшуі де ағайынмен арадағы осы бір кемшін тұстың орнын толтырарына сенім мол.
Өйткені, әлемдегі бар қазақтың жазу-сызуында ортақ қаріптің болғаны жөн. Шетелдегі этникалық қазақтарға осындай кешенді қолдаулар көрсетіліп отырылуымен қатар, негізгі түпкі мақсатымыз тарыдай шашыраған қазақ баласын тарихи отанына қайтару болып қала бермек. Алдымен, атажұртқа бетбұруға ниет білдірген ағайынның туған топырағына оралуын ынталандыру мақсатында, қоныс аудару өңіріне қарамастан кедергісіз оралман мәртебесін беру алдыңғы кезекте тұр. Үкімет белгілеген аймақтарға орналасқан кезде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудегі белсенді шаралар аясында әлеуметтік қолдау иелену мүмкіндігі, ықтиярхат алған жағдайда бір жыл ішінде оралманның Қазақстан Республикасы азаматтығын алуына жәрдемдесуі жолға қойылды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ерікті көші-қонды ынталандыруда, оралмандарды, яғни қоныс аударушыларды қабылдайтын жеті өңір ретінде Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын белгіледі. Көп қоныс өзгертетін көштің қайнар көзіне Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстары таңдалды. Осы өңірлерге қоныс аударуды ұйғарған қандастарымызға көш шығындарын жабатын және бір жыл бойы баспана жалдауға қажет қаржыны өтейтін субсидия да бөлінеді. Мәселен, Үкімет анықтаған өңірлерге көшіп барғандарға барынша жағдай жасау жағын қарастырып, біріншіден, 35 айлық есептік көрсеткіш деңгейіндегі отбасының әр адамына берілетін төлемақы бұрынғыша сақталады. Екіншіден, көшіп барған отбасыға бір жылға дейін ай сайын тұрғын үй жалдауға әр аймақтың өз ерекшелігіне сай 34-68 мың теңге көлемінде ақша төленеді.
Құзырлы сала таратқан мәліметтерді сөз етсек, Қазақстанға оралмандардың 61,6 пайызы – Өзбекстаннан, 14,2 пайызы – Қытайдан, 9,2 пайызы – Моңғолиядан, 6,8 пайызы – Түркіменстаннан, 4,6 пайызы – Ресейден және 3,6 пайызы – өзге елдерден келген екен. Елге оралған қандастарымыздың 55,6 пайызы– еңбекке қабілетті жаста болса, 18 жасқа дейінгілері – 39,9 пайыз, ал, зейнеткерлер – 4,5 пайызды құрайды.
А.НӘЖІМОВ