"Атыраудан ұзаса академик атанар еді"

(0 Votes)

Өмірі үлгі-өнегеге толы, саналы ғұмырын өңіріміздің тарихын зерттеуге арнап, ұлы күйші Құрманғазының туған жылы мен өліміне қатысты деректерді алғаш рет нақтылаған Қазақстан Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Мақсот Құмарұлы Жолжановтың 2017 жылы «Ақжар» баспасынан «Қазақ тарихы,тіл-әдебиеті және топонимикасының өзекті мәселелері» атты жаңа кітабы шыққан еді.

Тың деректерге бай туындыға жазған алғысөзінде халықаралық деңгейдегі танымал жазушы, жерлесіміз Рахымжан Отарбаев өлкетанушы ағамыз жайлы жоғарыдағы сөздермен өкінішін білдірген екен. Аудандық орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен өткен кітаптың тұсаукесеріне өлкетанушының қызы Гүлжан Жолжанова мен інісі Қуан Құмарұлы қатысты.

Аталмыш шараны кітапхананың әдіскері Гүлден Хамзина жүргізіп: - Мақсот Құмарұлы қызметін ұстаздықтан бастап, мұражайда ғылыми қызметкер, кейін оның директоры міндеттерін атқарды. Қауырсын қаламын қолынан тастамай үлкенді-кішілі ғалымдарды еріксіз мойындатып, олардың көпшілігі бата алмаған тарих, өлкетану және топономика, тіл-әдебиет, фольклор саласында айтарлықтай өнікті істер тындырды. Сол сияқты шахмат есептерін шешу және шахмат композициясын құрастырудан Қазақстан құрамасының командасына сырттай қабылданып, Одақ және халықаралық көлемде республикамыздың намысын қорғап, жеңістерге жете білді, - деп одан әрі жаңа туындының авторы жайлы түсінік берді.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткен шарада аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жалғасбай Шамбозов: - Елбасымыз бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс», деп атап көрсетті. Олай болса 90 жылдық тарихы бар ауданымыздың өткенін зерделеп, жер-су атауларына, тіл біліміне қатысты құнды деректерді ұсынып отырған жерлесіміз, өлкетанушы Мақсот Жолжановтың «Қазақ тарихы, тіл әдебиеті және топонимикасының өзекті мәселелері» кітабы оқырмандар үшін тағылымы зор еңбек деп білеміз. Оның есімі ауданымыздың тарихында елеулі орын алады. Ауданымызда мұражай ұйымдастырушы Мақсот Жолжанұлы өмір бойы ақиқаттың ақ жолынан айнымай, шындық үшін шырылдап, өзінің туа бітті қайсарлығымен, ізденімпаздық қасиетімен дараланып, артына өшпестей із қалдырды. Ендеше, оның есімі ешқашан ұмытылмайды, мол мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретін болады, - деді.

Аудандық мұражайдың саяхат жүргізушісі Жазира Амандыққызы «Ғылымның қажымас ғұламасы» атты көрме бұрышын таныстырып, ондағы жәдігерлер туралы әсерлі әңгімеледі. Көрмеге М.Жолжановтың жазу машинкасы, көзілдіргі, шахмат тақтасы, фотоаппараты, костюмі, алғаш шыққан кітаптары және тағы басқалары қойылыпты. Аудандық орталықтандырылған кітапхананың қызметкері Гүлайна Өтепова 334 беттен, «Туған өлке тарихынан», «Қазақ тілі, әдебиеті мәселелері», «Қазақстан топонимдеріндегі ел тарихы» бөлімдерінен тұратын жаңа кітаппен таныстырды. Аудандық орталықтандырылған кітапхананың кітапханашысы Жанаргүл Жасқайырқызы «Зерттеуден жалықпаған зергер» тақырыбында библиографиялық шолу жасады. Осы шараға қатысқан, М.Жолжановтың атасы Жолжан Өтепбергенұлы туралы «Текті тентек» тарихи деректі кітабын жазған Елемес Каспиев өз сөзінде: - Ауданымыздың мақтанышының бірі, Нарынның азаматы, жерлесіміз, ғылым мен білім жолына өмірін арнаған Мақсот Құмарұлы шығармашылығының жас ұрпаққа берер өнегесі мол. Біздер қаңбақты Қошалақ құмының адамдарымыз. Бірімізден-біріміз ру сұрасып, нағашы-жиенді болып жатқанымызбен, шындығына келгенде ауылдастармыз. Мақсот біріншіден қарапайым адам, ұрпаққа тәрбие берген ұлағатты ұстаз, тамаша шахматшы. Шахматты ешқайда оқымай-ақ тамаша меңгерген. Өмір жолына көз жүгіртсек, қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы», деген аталы сөз бар. «Сегіз қырлы» десек, Мақсот Жолжанов тарихшы,, өлкетанушы, тілге көп еңбегі сіңген маман. Халықаралық дәрежедегі белгілі адамдар санатына қосылған мақтанышымыз Қаныш Сәтпаев физикпен физика, химикпен химия,этнографпен этнография, тарихшымен тарих, музыкантпен музыка жөнінде сөйлеседі екен. Бұл тамаша қасиет Мақсоттың да бойынан табылатын, ол бұрынғы өткен бабалардың лайықты ізбасары. Мына кітап кейінгі ұрпақты ізденуге, туған жерінің әр сайының, тасының тарихын білуге шақырады. Себебі авторы ауданға белгілі азамат, кез-келген ғалыммен қатар қояр тұлғамыз, «соңғы кезде сіздерден шыққан кім бар?», - дегенде мақтанышпен көрсетер адамымыз, - деп жас ұрпақ оның жолын жалғастырушы болсын деген тілегін жеткізді.

Шарада М.Жолжановтың қызы Гүлжан Мақсотқызы, інісі Қуан Құмарұлы сөйлеп, осындай шара ұйымдастырып жатқаны үшін аудан әкімшілігіне, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымына ризашылығын білдірді. Кітаптың лентасын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жалғасбай Шамбозов пен М.Жолжановтың інісі Қуан Құмарұлы қиды. -Мына кітапта қазіргі күнге керек деректердің бәрі бар. Қазақ тарихына, тіліміз бен әдебиетімізге, топонимикаға, атаулардың шығу тегіне және басқаларына қатысты құнды мағұлматтарды осыдан табасыз. Мақсот ағамыз бұдан көп жыл бұрын бейне бір осындай заман боларын, Рухани жаңғыруға бет бұрарымызды біліп әдейі жазып кеткендей, - дейді аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Бақыт Ғабдолова.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT