Атырау облысы әкімі жанындағы "Қоғамдық келісім" мекемесі мен аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 195, ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына орай бір топ аналар Астрахань облысы, Володар ауданы, Алтынжар селосындағы күй атасы Құрманғазы бабамыз мәңгі тыныстап жатқан мекенге саяхат жасады.
Топ құрамында аталмыш кеңес мүшелері, түрлі салада абыройлы еңбек еткен ардагер әже-апаларымыз бен олардың лайықты ізін жалғастырған бүгінгі буын өкілдері бар.
Алтынжар ауылы аудан орталығы Красный Ярдан есептегенде 60 шақырымдай қашықтықта болғанымен Ресейдің тақтайдай тегіс жолымен діттеген жерімізге еш шаршамай жеттік. Әлемге әйгілі күй бабасы кесенесінің іргесіндегі мұражайдың директоры Әния Макабаева, Құрманғазы атындағы мәдени орталықтың жетекші менеджері Татьяна Еременко екеуі алдымыздан шығып жылы қарсылады. Олар біздің саяхатымыз Алтынжардың әдемі бір қыратында бой көтерген ақшаңқан кесенеде мәңгілік тыныс-тап жатқан ұлы сазгердің рухына дұға оқып тәу етуден басталатынын қаперледі. Әния Мұстафақызы оның тұрғызылу тарихы жайлы сыр шертіп, ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев пен Ресей Федерациясының сол кездегі Үкімет басшысы В.Черномырдиннің келу сапарлары жайында тартымды әңгіме өрбітті. Құрманғазы баба әбден қартайып, әлі бітіп, күші азайған тұста алыстағы Алтынжардан тарихи отанындағы қандастарына :
Қошалақ, Бесшоқы мен Жиделілер,
Мені де не дейді екен елдегілер.
Мекенім осы күні Сахмада,
Дұғай сәлем атажұрт пенде білер, - деп жүрек сағынышын жолдағаны ел аузында қалған екен. Міне, мұражай директоры Құрманғазы бабаның мекенжайы болған Сахма ауылының сипатына тоқталып, кесененің тұрғызылу сәттеріндегі қиыншылықтар мен қол жеткен жетістіктерді саралады. Құрылыс шеберлерін де әңгімесінен тыс қалдырмады. Баба басында тұрып, бір сәт қазақтың осы Құрманғазыдай ұлы тұлғаны туғызғанына, бүгінде оның екі елдің ара-қатынасын жақсартуға үлес қосып жатқанына іштей сүйсіндік. Әния Макабаева арқалы да аруақты жанға Қазақстан жерлерінен келетін ағайындардан басқа соңғы уақыттарда шетелдік туристердің қызығушылығы жоғары екенін мақтанышпен жеткізді. Бабаның шапағаты қиналған пендеге демеу болып, арман-мақсаттарының орындалуына септеседі екен. Оның шындығына дәлел де жетіп артылады. Күй атасының рухына дұға оқып, тәу еткеннен кейін кесене ішін аралап көрдік. Мүрде жатқан жердің қаптама тасын сипап, іштей арман-тілектерімізді айттық. Кесененің алдына шығып естелік суретке түстік.
Бұдан кейін күллі қазақ үшін тәрбиелік маңызы мен тарихи орны ерекше біртуар күйшінің атындағы мәдени орталыққа ат басын бұрдық. Оған келген кезде ұлы композитордың рухты, адуынды күйлері толассыз күмбірлеп жатты. Түрлі ұлт киімдерін киіп сәнденген орталықтың әртістері қош келдіңін айтып, қонақжайлықтарын білдіріп нан мен тұздан, сары бауырсақтан дәм таттырды. Әния Мұстафақызы мұражай жәдігерлерімен таныстырып, күй атасы Құрманғазы өмірдеректерінің бізге беймәлім тұстарын да ашып көрсетті. Әсіресе, бабамыздың туған жері Жиделі ауылының келбеті, киіз үйдегі қазақы тұрмыстық дүниеліктер көрінісі сәтті жасақталған екен. Сонымен қатар, Қазақ еліне еңбегі сіңген қайраткерлерге арналған ілмелерді, атақты адамдардың мұражайға сыйға тартқан бұйымдарын, ұлтымыздың зиялы азаматтарының, Елбасының әр сапардағы суреттерін көріп тамашаладық. Мұражайды аралаған сапарластар ғимараттың жабдықталуына, экспонаттардың молдығы мен сәндігіне ризашылықтарын білдірді. Туристік топтың бастаушысы, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова ұлы сазгердің ғибратты өмірінен сыр шертетін осындағы құнды жәдігерлер мен тарихи деректерді Қазақстанда республикалық деңгейде насихаттаудың маңыздылығын жеткізді. Топ құрамындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Бақыт Ғабдоловаға бірлесіп жүзеге асыратын жұмыстардың нақты идеяларын алға тартты. Мұражайдың ұсыныс-пікірлер кітабына аналар атынан ризашылық білдіріп, қолтаңбамызды қалдырдық. Орталық алаңындағы этноауылға бас сұғып, қонақ үй мен өнерпаздар сахнасын араладық.
Мәдени кешеннің директоры Амангелді Әбілғазиев қонақтарды қазақ және орыс ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдары әзірленген дастархан басына шақырып, қош келдіңін айтты. - Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталық - Ресей-Қазақстан достығының айшықты белгісі. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанның Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыс-тары мен Ресейдің Астрахан облысы бірлесіп салған бұл кешенді орын қазақ мәдениетінің ошағына және Еділ бойы мен Каспий өңірінің мәдени мұрасын зерттеп, насихаттау орталығына айналды. Бүгінде бізге келетін қонақтарға туристік және мәдени бағытта тынбай қызмет көрсетеміз. Саяхаттаған жандарға қонақ үйіміз әзір. Ресей жерінде өтетін түрлі мәдени шараларға осы орталықтың өнерпаздары қазақтың қара домбырасымен қатысып, түрлі сайыстарда топ жарып келеді. Бұл орталықтың базасында болып жүрген барлық мәдени өтілімдер дәстүрлі ұлттық құндылықты, өнерді насихаттауға, дамытуға бағытталған - деп аналарға саяхат жасап келгендері үшін зор ризашылығын білдірді. Көңілді дастархан басында әсем әндер шырқалып, күмбірлеген күй шалқып, мың бұралған би көрініс берді. Қазақ еліне деген ерекше сүйіспеншілік, құрмет әр сөйлеген қандастарымыздың лебізінен сезіліп тұрды. Мәдени орталықтың жетекші әдіскері Алтын Мусаева, менеджер Залина Искалиева екі ел арасындағы ынтымақтастықтың, әріптестіктің әлі де нығая беретініне, бұдан да жоғары биіктерге көтерілетініне зор сенімдерін білдіріп, Қазақстанның жетістіктеріне қуанып, мақтанатындықтарын үлкен тебіреніспен жеткізіп жатты. Өз кезегінде аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова келу мақсаттарын түсіндіріп, жылы қарсылап рухани азық сыйлаған мәдени қызметкерлерге шығармашылық табыс тіледі. Атырау облысы әкімі жанындағы "Қоғамдық келісім" мекемесінің Құрманғазы ауданындағы сарапшысы Гүлден Еспанова екеуі ресейлік қандастарымыз Амангелді Әбілғазиевке, Әния Мұстафақызына естелік ретінде ұлттық энциклопедия кітаптарын ұсынды. Өнер көрсеткен ұжым мүшелері Диана Жаналиева, Амина Айдаралиева, Залина Искалиева, Алтын Мусаева, Азиза Есеналиева, Арман, Асхат Байзоллаевтарды да сый-сияпаттан құр алақан қалдырмады.
- Құрманғазы бабамыздың рухани дүниесін, елге қалдырған мұрасын жас ұрпаққа насихаттау - өте құптарлық іс. Өйткені, зобалаңға толы заманның жалынына күй құдіреті, күй атасы Құрманғазы да шарпылды. Оның асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Құрманғазының құдіретті күйлері жайында "Қазақ халқы барда Құрманғазының есімі мәңгі өшпейді" деген болатын. ХІХ ғасырда дүниеге келген біртуар күйші өз туындыларында замана қасіретін, қоғам шындығын жан жүрегімен толғады, - деген ардагер ұстаз Сара Алпысова одан әрі "Түрмеден қашқан" "Кісен ашқан", "Аман бол, шешем, аман бол" күйлерінің шығу тарихы жөнінде сыр шертті. Еңбек ардагерлері Сәркен Нұрғожина, Рая Елеусізова, Ақтілек Хамитова, Гаухария Төкестаева, Балапан Тайпақова, Сәулеш Бегәлиева және түрлі салада қызмет ететін аналар кеңесінің мүшелері Қалампыр Абилова, Гүлбану Гайсина, Бақыт Ғабдолова, аудандық мәслихат депутаты Линда Мұстахимова, дәрігер-терапевт Назерке Қажығалиева тамаша концерттік бағдарлама ұйымдастырған ұжым мүшелеріне өз ризашылықтарын жеткізіп, ақжарма тілектерін арнады.
Бойға күш-қуат, қайрат-жігер беретін күй құдіретімен сусындаған сапарластар айрықша қуанышқа бөленіп, көтеріңкі көңіл күймен орындарынан тік тұрып ұзағырақ қол соғуымен қошемет көрсетті.
Сәтімен өткен сапардан біз көршілес Ресей жерін мекендеп, тағдырдың жазуымен тарихи Отанынан жырақта жүрген қандастарымыздың атажұртына деген айрықша ықыласын, патриоттық сезімдерін ұғындық. Қуанарлығы олар өз еліндегідей еркін жүріп, мәдениеті мен өнерін өркендетуге ізгі ықыласпен кіріскен.
Айнагүл ШАКУПОВА.