Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында Еңбекші ауылдық мәдениет үйінде «Сарайшық – қазақ хандығының тарихи астанасы» тақырыбымен ақпараттық-танымдық шара өтті. Оны ауылдық кітапхананың меңгерушісі Мүбина Қауысова ұйымдастырды.
LED экран арқылы еңбекшіліктердің тарихи шаһарға саяхатын баяндайтын фотосуреттер көрсетілді. Мұнда қазақтың жеті ханы жерленгені, Қасым хан тұсында гүлденген қаланың ұзыны он, ені сегіз шақырымға жеткені, мемлекеттің бір миллион тұрғыны, 100 мың әскері болғаны жайлы тарихи деректер келтірілді. Сондай-ақ, бейнетүсірілімнен «Хан ордалы Сарайшық» мұражай қорығының директоры Молдаш Бердімұратовтың әсерлі әңгімесі тыңдалды. Шарада Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қанат Ғаббасов сөйлеп: - Сарайшық қаласы кезінде Қазақ хандығының ордасы болған. Біраз тарихы айтылғанымен әлі де біз білмейтін сырлары көп. Рухани жаңғыру аясында Сарайшыққа округімізден жиырмаға жуық адам барып қайтты. Болашақта осында қатысып отырған оқушылар да барып тамашалап, қызықтап қайтқаны дұрыс. Қазақтың тарихын білмеген сіздерге сын.
Газеттен, теледидардан көргеннен гөрі оған аяқтай барғанның өзі бір дүние. Бүгінгі шара тәрбиелік тұрғыдан алғанда өте мағыналы. Кейінгі ұрпақ өткен тарихымызды біліп, қастерлеуі керек. Шаһарға саяхатты алға қарай да ұйымдастырамыз. Қазір Сарайшықты су басуынан қорғауға мемлекет тарапынан миллиардтаған қаражат бөлініп жатқаны тарихи ескерткіш ретінде лайықты бағасын алғанының көрінісі. Ол қаржы көне қаланы сақтап қалу бағытында жасалатын жұмыстарға арналған, - деп, осындай шараны ұйымдастырғаны үшін Мүбина Қуандыққызына ризашылығын білдірді.
Еңбекші ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Теміртас Елеусінов:
- Мәскеу Кремлін салғанда осы Сарайшықтың сәулеттік кескінін қолданған. Оны халықтан жасырғанымен, тарих өз орнына қойып, бүгінде бәрін біліп отырмыз. Мұны мен Сарайшықта алған кітабымнан оқыдым. Бұл жүздеген жылдық тарихы бар киелі орын. Қасиетті ағаш жөнінде де жаңа әңгімеленді. Соқыр, құлағы естімейтін, сөйлемейтін, өздігінен жүре алмайтын 15 жасар қыздың бір түнегенде жағдайы жақсарған. Көзі көріп, құлағы естіген. Құдайдың құдіреті күшті ғой. Адам таң қаларлық жайт. Молдаш пойызда әңгімелескен, Сарайшықта болып жатқан жайды біліп отырған 92 жастағы кісі де көріпкел болып тұр, - деп одан әрі ардагерлерді көне шаһарға апарғаны үшін округ әкіміне рахметін айтты.
Ардагер Ізбасар Саконов те көне қалаға барғанда алған әсерімен, естеліктерімен бөлісті. LED экран арқылы «Сарайшық – қазақтың киелі мекені» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. Шара барысында Еңбекші орта мектебінің оқушылары қала туралы өлеңдер оқып, күй орындады.
Қанат ҒҰМАРОВ.