Арман қала - асыл дала

(0 Votes)

Елбасымыз өзінің дәйексөзінде Елордамызға үлкен үміт артып: «Астана – мемлекет дидары, халық мерейі. Күллі әлем атын енді жаттай бастаған жаңа астана біздің жас мемлекетімізге деген назарды арттыра түсері сөзсіз.

Оның біз жетпек биіктердей өрелі, біз орнатпақ қоғамдай тартымды болып көркейіп өсуі жолында күш-жігерді аямаймыз», - деген болатын. Астананың Тәуелсіз мемлекеттің бас қаласына айналуының өзі біздің жаңа дәуірдегі мемлекеттік тәуелсіздігіміздің тарихымен тікелей байланысты және мемлекеттік егемендігімізбен егіз ұғым. Біз Тәуелсіз мемлекет бола алмасақ, онда астананы көшіру мүмкіндігі де болмас еді. Ақмола қаласының Қазақстан астанасы болуының өзі жаңа ұғымға жетелейтін оқиға. Халық арасында «Елбасы – елінің тірегі, Астана – елімнің жүрегі!» деген қанатты сөз бар. Ашығын айтқанда, Астананы Елбасынсыз елестету мүлдем мүмкін еместігі шындық. Сайын далада Сарыарқаның інжу-маржанына айналған мұндай әдемі шаһардың бой көтеруін Тұңғыш Президентіміздің мемлекеттік қайраткерлік еңбегі деп бағалауымыз қажет. Жиырма жылда Астана ірі өңір¬лік орталыққа, отандық құрылыс индустриясы дамуының қуатты серіппесіне айналды. Жан-жаққа тарамдалған автожолдар салынып, тұтас алғанда көлік саласы дамытушы әлеуетке ие болды. Облыстар арасындағы байланыстар күшейді. Мәдениет пен өнерді, ғылым мен білімді дамытуға барлық жағдай жасалды. Астанада заманауи қалалық сәулеттік-тұрмыстық мәдениет қалыптастыруға негіз қаланды.

Бас шаһарымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей басшылығы негізінде дамып отыр. Астананың бас сәулетшісі Елбасының өзі. «Бәйтерек» монументі, «Пирамида», «Отан қорғаушылар» архитектуралық ансамблі, «Хан шатыр», «Астана опера», «Мәңгілік Ел» кешендері және басқа да бірсыпыра ғимараттардың үлгісін сызып, кәсіби шеберлерге олардың бейнесі мен идеясын ұсынған да Мемлекет басшысы. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына лайық деп табылса, ол бүкіл қазақстандықтардың ортақ қуанышы. Елорда елдің экономикасына да әсер етіп, жаңғырту облыс орталықтарын ғана емес, қалалар мен аудандарды да қамтыды. Сөйтіп, оның мысалында Қазақстанның өзгеріске дайын екендігі және жаңа өмір талабына сай туындаған мәселелерді ой елегінен өткізіп, сараптап оларға жауап беруге қабілеттілігі дәлелденді.

Туған елінің бас қаласын мақтан тұтпайтын ұлт болмайды. Мен осы шаһарға бір барсам деп ойлап жүргенмін. Әр арманның қашан болса да орындалары ақиқат. Арқа төсінің тұмары, аты аңызға айналған Астана туралы сырттай естігеніммен, көрмеген едім. Сәті 2016 жылдың қараша айында түсті. «Атырау-Ақпарат» ЖШС тарапынан бас қаламызда өтетін журналистер форумына қатысуға ұсыныс жасалғанда қуана келістім. «Ол жақта қыс қатты, жазда барған жақсы», - деген сөздерге құлақ асқан жоқпын. Орайы келіп тұрған мүмкіндікті пайдаланып қалуға асықтым. Себебі, бұл Қазақстанның астанасы ғана емес, әлемге бейбітшілік үнін естірткен, өмірде басы қосылып көрмеген түрлі дін өкілдерінің съезін өткізген, халықаралық аренада шет мемлекеттерге еліміздің өзіндік орны мен салмағын сездірген шаһар. Тәуелсіздігіміздің жүрегіне айналып, осында қабылданған бағдарламалар экономикамызға қан жүгірткен құтты мекен.

Астана бізді ақ көйлек киген қалыңдықтай аппақ күйде қарсылады. Соның алдында ғана қар жауып өтіпті. Қала маған қатты ұнады. Түп-түзу көшелер, төбеңнен төне қараған зәулім ғимараттар, ақ жарқын адамдар. Бас қаламызға келген қонақ Бәйтерекке соқпай кетпесі анық. Форум жұмысынан босаған сәтте біз де сонда бет алдық. Жоғарына көтеріліп, суретке түстік. Бәйтеректен шаһар алақанға салғандай көрінеді. Біз барғанда онда біраз шетелдіктер де жүр екен. Олар да шыны қабырғалардан қала бейнесіне тамсана қарап, өз тілдерінде әлденені айтып, естелік суретке түсіп жатты. Бәйтеректен шығып жаяу тартып Елордамызды тамашаладық. Кейбір қалалар жазда сұлу көрінгенімен, қыста барсаң ауылдардан айырмашылығы жоқтай көрінеді ғой. Алайда Астана туралы бұлай айта алмайсың. Қыста да жайнап тұр. Жазда бұдан да сұлу болатын шығар деп ойладым. Келесі күні «Думан» ойын-сауық орталығындағы океанариумға бардық. Бұл өз алдына ғажайып әлем. Екі жағыңнан және төбеңнен түрлі балықтар мен тасбақалар, басқа да су патшалығының мекендеушілері шұбырып өтіп жатады. Өзіңді бейне бір ертегілер әлеміне сүңгіп кеткендей сезінесің. Түрі қорқынышты алып акулалар баяу қозғалса, түрлі-түсті ұсақ балықтар топ-тобымен көз алдыңнан өтеді. Жалпы алған жақсы әсерлерімізді айтып жеткізу қиын. Океанариумды біраз араладық. Акулалармен суретке түстік.

Жалпы журналист деген халық бір-бірін жақын тартып, таныса кетуге әзір тұрады. Сол форумда кейбір әріптестерімізбен сөйлескенімде шаһарға менен өзге де бірінші рет келіп тұрғандар бар болып шықты. Олар да жақсы әсер алғанын айтып жатты. Форум арасындағы үзілісте қол босаса суретке түсуден жалықпаймыз. Қалай қарасаң да селфилетіп жатқан біреу. Себебі, бұл Астана ғой. Мұнда болған күндеріміз жадымызда ғана емес, суреттерде де сақталуы тиіс. Менің ойымша Елордамыздың мемлекетіміздің шетінде емес, Сарыарқада орын тепкенінің стратегиялық маңызы зор. Қандастарымыз тартылады. Соңғы кезде мұнда қазақтар саны артқан. Қалада такси ішінде келе жатып жүргізушімен әңгімелескенімізде олардың көбі Шымкенттен келгенін естідік. Алматыда болғанымда Алатау іргеде тұрғандай көрініп еді, мұнда тау жоқ. Соған қарағанда Астананың болашақта жан-жағына кеңейіп, әлі де өсіп, үлкен мегаполиске айналуына мүмкіндік мол деп ойладым. Н.Ә.Назарбаевтың тарихи ше¬шімімен Ақмола қаласы елі¬міздің жаңа астанасы атанғанда қала тұрғындарының саны небәрі 300 мыңдай ғана болған екен. Одақ тарап, Қазақстанның инфрақұрылымы, экономикасы тұралаған, қала салуды былай қойғанда, мемлекеттің өзі әлеуметтік-экономикалық жағынан қиын кезеңді бастан кешкен уақытта жаңа қала салу батыл қадам. Ол кезде Есілдің сол жағалауында бүгінгідей зәулім ғимараттары бар ғажайып қала бой көтереді дегенге көпшілік сене қоймағанын жақсы білеміз. Бірақ уақыт өте келе бәрі де өзгерді. Қазір Астана тұрғындарының саны 1 миллионнан асыпты.

Аталып өткелі отырған Астананың 20 жылдығы - белесті кезең. Өткенді саралап, келешекті бағамдайтын тұс. Осы орайда, Астана қаласын әлемнің ең ақылды отыз қаласының қатарына қосу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Ең әуелі, қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру және сапалы қыз¬мет көрсетуге басымдық берілуде. Осы ретте, қызмет түрлерін автоматтандыру, үйден шықпай қызмет алу мүмкіндіктері барынша кеңейтілуде. Қазір әлем жұрты осыған келе жатыр. Бұл жағынан да бас қаламыз жоғары деңгейден көрінеріне сенімдіміз. Бүгінде бұл қала Қазақстанның барлық өңірлерінен келген ынтымағы жарасқан ел жиналған ырысы мол киелі жер. Міне, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық жеңісі. Ешкімнің көңіліне келетін сөзге жол бермей, ешнәрсені саясаттандырмай ұлттың мәртебесін көтерді емес пе?! Әрине, ешқайсымыз Астана туралы оның сәулетшісі де, құрылысшысы да Нұрсұлтан Әбішұлынан артық айта алмаймыз. Президент өзінің көптеген еңбектерінде Астана туралы ой-пікірін білдіріп, оның шежіресін баяндап келеді.

Әрине, бұл мақтануға тұрарлық іс. Арқаны ен жайлаған бұл қала – біздің мемлекеттік тәуелсіздігіміздің қасиетті символы, бүкіл халықтың игілігі. Шетелден келген мемлекет басшылары оның көркіне таңданысын жасырмай, аз уақытта мұндай қаланы тұрғызған Қазақ елінің болашағы зор екенін айтып жатады.Сондықтан, оның тарихы мен қадірін анық білу әрбір Қазақстан азаматының парызы. Заманауи қала бірден әлемдік сұранысқа сай дәрежеде салына бастап, осы жолмен дамып келеді. Әрбір ғимарат екіншісіне ұқсамайды, бірін-бірі қайталамайды. Ғажап қала, жастарымызға арман болды. Биыл өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Астана – мәдени-рухани потенциалы зор, қаржы-қаражат, индустриялық-инновациялық әл-қуаты жетілу үстіндегі, әлеуметтік бейнесі әлемдік көрсеткіштер шеніне қол созған, жастық жігері жанып тұрған озық қалалардың қатарында. Кешегі Алаш арыстары армандаған арда қаламыздың есімімен тікелей байланысты айтулы оқиғалар мен әлемдік дәрежедегі іс-шаралар тізбегі де ұшан-теңіз. Біз болашаққа ерен үмітпен, ерекше құштарлықпен қарайтын жұртпыз. Келер күндердің кемел болмысын таңдай білу де – ежелгі бабалардан жеткен асыл қасиетіміз. Астана сол болмысымыздың бірегей бейнесі. Елордада өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, қысқы Азиада спорт ойындары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, басқа да көптеген халықаралық форумдар, былтыр «Болашақтың энергиясы» ұранымен өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі тәуелсіз Қазақстанның мерейін асқақтатып, беделін бекемдеген игі шаралар. Мерекең құтты болсын, ару қала!

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT