Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған.
«Туған жердің – түтіні де ыстық» деседі. Әрбір азамат өзінің өсіп-өніп шыққан ауылына ат басын бұрып, тағзым етуді перзенттік парызы санайды. Осындай игі дәстүр Жаңаталап ауылдық округіндегі Алтынсарин атындағы жалпы орта мектепте көрініс тапты. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы, ардагер ұстаз Сара Алпысова туған топырағында болып, жерлестерімен кездесу кешін өткізді. Шараны жүргізген Г.Жұмалиева, С.Саламатов сынды көпшілікке танымал өнерпаздар кеш иесінің өскелең ұрпақ тәлім аларлық ғибратты ғұмырдерегінен, еңбек жолынан, облыстық, республикалық деңгейде алған түрлі марапаттарынан хабардар етті.
Жаңаталап ауылдық округі әкімінің кеңесшісі Самиғолла Құбашев Сара апайдың оқу-тәрбие, өлкетану, тарих бағытындағы жетістіктерін жан-жақты саралап, ақжарма тілегін білдіріп, округ әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлығын ұсынды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жалғасбай Шамбузов ардагер ұстаздың қоғамдық жұмыстардағы белсенділігін тілге тиек етіп, оның еңбекқорлық, ізденімпаздық, жаңашылдық қасиеттері бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін жеткізді. Мәдениет саласының ардагері Рысты Елеусізова Сара Алпысқызымен 50 жылдан бері жұптары ажырамай қызметтес, замандас болғанын айтып, оның бүгінгі таңда қоғамдық негізде ашқан мұражайы көпшіліктің қызығушылығына бөленіп, тіпті жақында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ризуанов оған жоғары бағасын бергенін мақтанышпен жеткізді. Ардагер ұстаздың шәкірттері атынан Қ.Ешекеева, А.Қаменова сөз алып, ұлттық педагогика арқылы жас ұрпақты тәрбиелеудегі жетістіктерін, Нұғман Манаевтың өмірі мен елге жасаған қайраткерлік қызметі туралы зерттеп, зерделеп, оның есімін өзі қызмет еткен мектепке алып беруге зор үлес қосқандығын алға тартты. Сонымен қатар, жалықпай ізденген ұстаз «Қызыл ізшілер» тобын құрып, ел жадында ұмытыла бастаған асылдарымыздың есімдерін жаңғыртып, халқымен қауыштырғанын айтты.
Бүгінде өздері де талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып келетін білікті мұғалімдер мектеп кезіндегі қызықты естеліктерімен бөлісуді де естен шығармай, ұлағатты ұстаздың оқу-тәрбие бағытындағы методикасы олардың өмірлеріне бағдаршам болғанын жасырмады. - Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу қазақ халқының ертеден жалғасқан салты. Ол – ұлттық санамыздағы қастерлі ұғым. Туып өскен өлкеге еңбегімен елеулі болған азаматтар аз емес. Олар туған жерге, елге қызмет етудің бірегей жолы – адал еңбек деп біледі. Міне, бүгінде мен балалық шағым сұм соғыспен қатар келіп, өмір жолында талай өткелдерден өттім. Әке-шешем қарапайым еңбек адамдары. Бірнеше кемені иелік еткен байдың қарамағында еңбек еткен әкем өзеннің балығын Астрахань қаласына өткізіп, өндіріс тауарларын сатып әкелетін болған. Байдың Икр есімді баласы Мәскеуде мединститутта оқып, әкесіне байлықтан тез арада арылуды ескерткен. Бірақ ол мұның талабына аса мән бермеген. Жаңа үкімет құрылып, байларды кәмпескелеу туралы хабар шығып, олардың мал-мүлкі тәркіленіп, халық игілігіне беріледі. Әкем осы Дәшін аралындағы бұрынғы Киров атындағы совхоздың «Жаңа талап» колхозы болып құрылуын ұйымдастырғандардың бірі еді. Осылайша шаруашылықты дамытуға ата-анам белсенді жұмыс атқарды. Сұрапыл соғыс басталып, елдің азаматтары майданға аттанғанда, анаммен бірге бел жазбай ауыр еңбекті бастан кештім. Ата-анам 13 құрсақты болып, бірақ олар есейе келе шетіней беріпті. Сөйтіп, мені ер балаға теңеп, өрістегі атына жұмсайды екен. Ноқта-жүгенді ұстай, қалың өскен шөптің арасынан көрінбей кетсем де атымды жібермей келіппін. Менің бұған жарағанымды мақтаныш еткен әкем мен 2 сыныпта оқып жүргенімде дүниеден өтті.
Өмір бізді сөйтіп ерте есейтті. Өзіме жүктелген жұмыстардың қай түрін де жатырқамай сүйіспеншілікпен жасадым. Шөп тасушы, малшыдан, сылақшы-құрылысшыдан бастау алған қол еңбегінен пішен бригадасының есепшісі, мал дәрігерлерінің көмекшісі, жүгері өсіруші жастар бригадасының звено бастығына дейін көтерілдім. Колхоз басқармасы Мардан Тәжібаев, партия ұйымының хатшысы Құмарғали Бисенғалиев, комсомол комитетінің хатшысы Ерсайын Жаманғарин сынды азаматтардан үлкен қолдау көрдім. Туған жердің әр түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, атамекен – алтын бесігін бір сәт те естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні сөзсіз. Өйткені, азамат бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды абзал қасиеттер ана сүті, әке қаны, туған жердің топырағынан дариды деп ойлаймын, - деп ардагер-ұстаз Сара Алпысқызы тебіреніспен сөйлеп, көзіне жас алды. Осындай шараны ұйымдастырған мектеп директоры Болатбек Сайыпұлына өз ризашылығын білдіріп, иығына зерлі шапанын жапты. Туған апасы Ұлмаш әжейге кәжекей кигізіп, ауылдық округ әкімшілігіне естелік сыйлығын тапсырды. Мектеп кітапханасына «Кеңес одағының батыры Мұқат Мусаев» атты кітабының бірнеше данасын ұсынып, үлгерімі жақсы 10 оқушыға шәкіртақы табыстап, олардың әрқайсысына ақ батасын берді.
А.ШАКУПОВА.