Халықаралық күйшілер сайысы өткен күннің ертеңіне аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Зияда Жоламанова, аудандық мәдениет үйінің директоры Анар Мусина, т.б. мәдениет саласының үлкенді-кішілі қызметкерлері, БАҚ өкілдері, сайысқа әр аймақтан келіп қатынасқан домбырашыларды алып, Астрахань жеріне, ондағы Құрманғазы баба мәңгі тыныстап жатқан Алтынжар мекенін бетке ұстап жолға шықтық
. Володар ауданында бізді Құрманғазы атындағы республикалық мәдени орталықтың директоры Амангелді Әбілғазиев, оның орынбасары Светлана Әлібекқызы, Құрманғазы атындағы мұражайдың меңгерушісі Әния Мұстафақызы нан-тұзбен қарсылап алып, айқара құшақ ашты. Осы топ негізгі келген шаруалары – баба топырағын басып, Құран-дұға бағыштап, кесене ішін аралап көріп, төңірекке көз жіберді. Алтынжардың алтынға бергісіз биігінде Ұлы Құрманғазының айтулы ақшыл кесенесі көкпен таласқандай көркімен көз сүйсіндіреді, көңілге түрлі ой салады, қиял қозғайды. Әния Мұстафақызы арғы-бергі тарихтан сыр қозғады. Арқалы да аруақты жанға еліміздің төрт бұрышынан ағайынды былай қойғанда өзге ұлт өкілдері де ат сабылтады екен. Әлдебір жүрегіне мұң, қабағына қайғы түйіп келгендерге шапағаты әлі де молынан тиюде. Мәселен мойнына бұршақ салып, Құдайдан бір соқыр қыз тілеген орыс келіншегі осында түнеп, осы қалайы жоқ торсық шеке ұлдар туыпты. Көп адам жоғымен жүздесіп, көп адам арманымен қауышыпты. Әнияның сөзі аңыз емес, ақиқат дегендей ақша бұлт көгіңнен қаздай қалқи жөңкіледі. Алтынжар биік. Етекте орман мүлгиді, қом сулар төгіле жайылып жатты. Оқырман мынаны білуі тиіс. Баба кесенесін ашуға сол кездегі Ресей Үкіметінің басшысы В.В.Черномырдин біздің Елбасы Н.Ә.Назарбаев келгені тарихи шындық. Кесененің маңдайшасына туылған, кесене орныққан мерзім: 1823-1996 деп ойып, жазылған.
Мәдени орталыққа келгеніңде Құрманғазы күйлері тасқындай төгіліп, ерекше еркіндікті ұқтырады. Әния Мұстафақызы мұражай жәдігерлерімен кең көлемде таныстырды. Ұлы Құрманғазы, қазақтың дәулескер күйшілері одан кейін қалай жалғасады, қазақ деген жауынгер, дала мінез халықтың болмысы, тарихы, бүгінгі бақытты шағы, бұған жауапты түп-түгел осыннан табасың. Орталықтың директоры Амангелді Әбілғазиев бауырымыздың айтуы бойынша жылына осында 25 мың шамасы адамдар екі бағытта, мәдени және туристік сапармен ат ізін салады. Саяхаттап келгендерге жоғарыда қонақ бөлмелер әзір, төменде киіз үйлер тігулі. Қазақ қандай халық, бітім болмысы, өткені, бүгіні жайлы толық танысып, киіз үйден ұлттық тағамдар мәзірімен құрметтеледі. Сөз жоқ, баба басына апарылады. Ресей өңіріндегі көпшілік мәдени шараларда Құрманғазы атындағы осы мемлекеттік орталықтың өнерпаздары қазақтың күйін күмбірлетіп, әнін айтып, тұлпарлары топ жарып дара шапқан. Бізге де алдымызға ас мәзірі тартылды. Әр аймақтан келген кешегі Құрманғазы атындағы халықаралық байқауда өнер көрсеткен бала қырандар бабына бір келді дерсің, бірінен-бірі өтердей. Адуын күйлерді дүсірлете тартып, көңілдерді ала шапқын қылды. Нұрболат Исаевтың әуелете салған әндері ондағы бауырлардың туыстық сезіміне шоқ тастап, көздерінен жас шығарды. Ө.Тәжібаев, З.Жоламанова, А.Мусина олардың ақжарма пейілдеріне орай жиі араласып, өнер, мәдениетте барыс-келісті күшейтуге уағдаласты. Құрманғазы атындағы мәдени орталықта 35 қызметкер бауырымыз мемлекеттің арнайы штатымен жұмыс жасауда. Директор Әбілғазиев Амангелді қазақ десе жаны жоқ жігіт екен. «Біз шақырсақ келіңіздер, сіздер шақырсаңыздар, қалмаймыз» сөзін құран сүресіндей тақпақтатады.
«Елге сәлем айта барыңыздар» - дейді Светлана Әлібекқызы жанарымен мұң мен сағынышты оқытып. Далалықта Құрманғазы күйлері төгіле ойнап жатты. Ұзақты күн бір тынбайды екен. Мәуелі теректер қыздай бой созып, шашын талдап тарайды. Қоштасқаны деп ұқтық. Алып мемлекеттің ортасынан ойып, қазақтың иісін бұрқырата ақ орда тігіп таза қазақ болып жүрген осылардан артық туысым жоқтай көңілім босады. Артта сағынышты жәудір жанарлар, айдыны шалқар, айбыны үстем – Алтынжар, алда – Туған ел!
Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,
Құрманғазы – Алтынжар – Құрманғазы.