Өткен күн өтірікпен тойындырды,
Қарсы уәжге қолында сойыл тұрды.
Ес жиып, көзін ашқан бүгінгі ұрпақ,
Бабалар баянына мойын бұрды.
Шежіреге топырағымның тұнып асты,
Бағалы тарихымның құны қашты.
Орыстың өтірігімен бұрмаланған,
Мінеки, Алтын Ордам нұрын шашты.
Ұрпағым қадірлей түс қолда барды,
Жетпіс жылғы көз бояу жолда қалды.
Ақыры ақиқатың айтылды – ау бір,
Айналған қирандыға Ордам Алтын.
Тек көшіп жүрмеген де көшпенділер,
Ғасырлар артын сүзіп өткен білер.
Сан елге тұрақ болған Алтын Ордам,
Сені де жойып тынған өшпенділер.
Дүниеде өткен бар ма бүлінбеген,
Кезінде Алтын Ордам дүрілдеген.
Жалғанып Батыс – Шығыс екіарасы,
Қытайға керуендер үзілмеген.
Шайқалған замандарда талай тұнық,
Болған көп жауыздықты қалайтыны.
Соның бір куәсіндей құм жамылған,
Әйгілі хан ордалы Сарайшығым.
Алтын Орда – Сарайшық егіз есім,
Көп сырды емінгенге емізесің.
Құдайым ұрпағыма сана бергей,
Ой – көзбен өткеніне шегінетін.
Алтын Орда көп елдердің басын қосқан,
Құпияның бірі осы ғасыр тосқан.
Сол елдерден тек ғана Қазақстан,
Мемлекет өз алдына басы бостан.
Ұрпағым, зерделерде санасы усыз,
Күніміз өтпегей тек жарасусыз.
Алтын Ордам құм астынан дүр сілкінді,
Риза бол, ұрпағыңа баба рухы!