Алаулы жылдардың ақиық қыраны

(0 Votes)

Орлы ауылдық округі Калинин мәдениет үйінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ ССР-ның ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, облыстық деңгейдегі дербес зейнеткер Зинетолла Мұфтаховтың 95 жасқа толуына орай жеке тектік құжаттарынан «Алаулы жылдардың ақиық қыраны» атты көрме-кездесу және еске алу шарасы ұйымдастырылды.

Ұйымдастырушылар аудандық мемлекеттік мұрағат пен майдангердің ұрпақтары. Шараға округ әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме басшылары, ардагерлер кеңесі мүшелері, ауыл тұрғындары, Зинетолла ағамызбен бірге жұмыстас болған жолдастары қатысты.

Алдымен қатысушылардың назарына мәдениет үйінің фоэсіне қойылған З.Муфтаховтың тектік құжаттарының көрмесі ұсынылды. Мұнда майдангердің мұрағатқа тапсырылған 31 тектік құжаттары, мұражай мен ұрпақтары тарапынан әкелінген тұтынған заттары мен фотосуреттері, аға жайлы әр жылдары газет бетінде жарық көрген мақалалар және т.б. жинақталыпты. Қатысушылар мен шара қонақтары оларды тамашалап, өткен кездерді еске алып, өз пікірлерін білдіріп жатты. «Алаулы жылдардың ақиық қыраны» атты еске алу шарасын өнерпаз Болат Бидоллаев жүргізді. Алғашқы сөз кезегі аудандық мұрағаттың басшысы Берік Қаменовке беріліп: - Аудандық мұрағат тек мекеме, ұйымдардың хаттарын қабылдап, сақтаумен шектелмейді. Сонымен қатар қорға Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлерінің жеке тектік құжаттарын жинақтап, олардың өмір жолдары мен ел үшін атқарған жұмыстарын халыққа, соның ішінде жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде жариялаумен де айналысады. Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығына орай облыс бойынша аудандардағы мұрағат қорындағы тектік құжаттардан жинақталған «Мәңгілік мінәжат» атты кітап шықты. Осы кітапқа ауданымыздың мұрағат қорынан 310 майдангер, 2 тыл еңбеккері және темір жол табанын төсеуге қатысқан 69 адам енді. Күні бүгін мұрағаттың №56 орнында 333 соғыс, 73 еңбек ардагерлерінің және ауған соғысы мен Чернобыль апатының зардабын қалпына келтіруші 410 тұлғаның жеке тектік құжаттары бар. «Мәңгілік мінәжат» атты кітаптың 126-шы бетінде бүгін еске алып отырған Зинетолла Мұфтахов ағамыздың суреті мен қысқаша өмірбаяны жазылған. Қалған ардагерлердің де өмірдеректері осында, бәрі де мәңгілік есте.

Зинетолла Мұфтахов 1923 жылы 13 мамырда Гурьев облысы, Теңіз ауданы Зормата ауылдық кеңесінде қарапайым балықшы отбасында дүниеге келген. 1940 жылы Абай атындағы қазақ орта мектебін бітірген. Сол жылы Гурьев қаласындағы мал шаруашылығы мамандарын дайындайтын курс-тан өтіп, 1940 жылдың қазаны мен 1942 жылдың сәуір айы аралығында Теңіз аудандық мал шаруашылығы бөлімінде зоотехник болып жұмыс жасаған. 1942 жылы аудандық әскери комиссарияттың шақыртуымен әскерге алынған. Ұлы Отан соғысында Батыс, І Украина, IV Украина майдандарының құрамында Польша, Чехословакия, Венгрия, Румыния жерлерін жаудан азат етуге қатысады. Бастапқы кезде қатардағы жауынгер, гвардия лейтенанты болып, кейін взвод командиріне дейін көтерілген. 1942 жылы жарақаттанып Омбы қаласында 4 айдай емделген. Соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл ту», ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен «Майдандағы жанқиярлық ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін», «Жуков» және басқа да медальдармен марапатталған. 1947 жылы елге аман-есен оралады. Майдан даласындағы шайқастарда штабқа оралуда кешігіп қалғандықтан елге хабарсыз кетті деген де хаттар келген. 1947-1950 жылдар аралығында Орал қаласындағы ауыл шаруашылық техникумын зоотехник мамандығы бойынша бітірген. 1950-1989 жылдар аралығында Теңіз аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Теңіз машина жөндеу стансасында директордың саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары, Зормата селолық кеңесіне қарасты «Молотов», «ХХ партсъезд» ұжымшарларында басқарма төрағасы, «Коммунизм жолы» кеңшарында зоотехник, ферма меңгерушісі, «Калинин» кеңшарында ферма меңгерушісі, мал бордақылау цехының басшысы, аудандық мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. 1945 жылдан партия мүшесі, бірнеше рет жергілікті кеңестің депутаты болып сайланып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ауыл шаруашылығын өркендету мен ел экономикасын арттыру бағытындағы ұзақ жылғы еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен, «Лениннің туғанына 100 жыл» толу мерекелік медалімен, «Ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен ұлығыланды. 1998 жылы Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы атағын алды, - дей келе басқа да марапаттарын атап өтіп майдангердің ұрпақтарына аудандық мұрағаттың Алғыс хатын табыс етті. LED экран арқылы шара кейіпкерінің өмірінен сыр шертетін суреттер көрсетілді.

Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізіліп отырған бұл шараның жас ұрпаққа берер ұлағаты мол екеніне тоқталып: - Ауданымыздың мәдениетін, руханиятын көтеріп, түрлі деңгейдегі жауапты жұмыстар атқарған ағамыз 81 жасында дүниеден өткен екен. Бірақ, осы ғұмырының ішінде екі ғасырдың куәсі болып, өмірдің талай қиындығын бастан өткерді. Еңсесін тік ұстап, рухы асқақ болып, елдің алдында абыройлы қызмет жасап, халықтың алғысына бөленді. Жемісті еңбек етті. Майданда ерлік көрсетіп одан кейінгі қиын-қыстау кездерде де жасымай ұрпағының алдында салихалы ғұмыр кешті. Өздеріңізге белгілі ауданымыздың 90 жылдығына орай түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін соның аясында мұрағат пен Зинетолла ағамыздың ұрпақтарының бірлескен ардагерді еске алу кешінің куәсі болып отырмыз. Бұл бүгінгі шарамен шектеліп қалмауы тиіс деп ойлаймын. Жергілікті жердегі білім беру ұйымдарында, жас-тар арасында ағамыздың өнегелі өмірін насихаттау біздің міндетіміз деп есептеймін. Жаңа көрсетілген бейнебаяннан және мұрағат басшысының сөзінен майдангер туралы көптеген мағұлматтар алдық, - дей келе З.Мұфтаховтың ұрпақтарына аудан әкімінің Естелік хатын ұсынды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиев З.Муфтахов туралы тереңнен толғап, әсерлі әңгімелеп: - Қарауындағы адамдардың жағдайын үнемі біліп отыратын. Жағымпаздану, жалбақтау дегенді білмейтін. Адамды бөркіне, атқаратын лауазымына қарап емес, адамгершілігіне орай сыйлайтын. Қандай жұмыс жасаса да соны ой елегінен өткізіп, ақылмен тоқтамға келіп, содан кейін бастайтын. Егер де басшының айтқан сөзі мен талабы өзінің ойынан шықса оны орындауға барлық күшін жұмсайтын және қалай да жүзеге асыратын. Бірге жолдас болғанда байқағаным ісіне өте мұқият.

Сонау 1977 жылдары қыр бойындағы 24-ші учас-токке баруға тура келді. Біраз адам Зинетолламен сапарлас болдық. Сонда ол офицерлік планшетін, әскери құбылнамасын, жергілікті жердің картасын алып шығыпты. Осы құралдармен бағытты біліп, жолсыз жермен сапар шектік. Адаспай барып қонған жеріміз кейіннен ауданның штабына айналды. Мінекей, мұқияттылық қайда жатыр?! Ол кісіні таза ғалым деуге де келеді. Оқығанын зерделеп тоқиды. Бәрін жадында сақтап, керегінде пайдаланады. Осы елге қандай еңбегі сіңді десек, Калинин кеңшарының өрлеуінің басында тұрған азамат. Калинин кеңшары төрт ұжымшардан құралды. Одан «Октябрь», «Партсъезд» кеңшарлары бөлініп шықты. Сонда бір ұжымшардың халқындай кісі 9 мың сиырмен қалды. Жерінде 3 мың ғана сиыр жайылатын орын бар еді. Осыны басы-қасында жүріп шешті. Зинекең кісіні сөзбен емес, ісімен тәрбиелейтін. Көп адам оған қарап бой түзеп өсті, - деп ұрпақтары әке атына кір келтірмей келе жатқандығы үшін ризашылығын білдірді. Шара барысында сөйлегендерден аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев З.Мұфтахов еңбекке баулыған ұстазы екенін, еңбек ардагерлері Өтеулі Хасанов өсиет сөздерін естігенін, Ғаділхан Қалиев ауданда Зейнетолла ағамыз бен Мардан Тәжібаевты құрмет тұтқанын, Амангелді Хилауов оның өзіне де, өзгеге де талап қоя білгенін, қанша мақтау алып жатса да қарапайымдылығынан танбағанын тілге тиек етті. Ұрпақтары мен туыстары атынан сөйлегендерден балдызы Сираж Ибрайұлы: - «Жезденің тәуірі әкедей», - дейді. Жездеміз бәрімізге басшы бола білді. Жиендерім мен жиеншарларым осындай шара ұйымдастырып жатырғандарың үшін үлкен рахмет! Ағамыз бен апамыздың көрмеген қызығын сіздерге көруге жазсын. Ғұмырлы, бақытты болыңдар, - деді. З.Мұфтаховтың ұлы Шапхат ағамыз өз сөзінде: - Елбасымыздың саясатын қолдап, мінекей халық арасында сол соғыста от кешкен, бейбіт өмірде еңбегімен даңқы шыққан әкемізді елеп-ескеріп елге танытып, ұрпаққа өнеге етіп жатырсыздар. Сол үшін сіздерге ризашылығымды білдіремін. Әкеміз бен анамыз ұрпағын білімді болуға, адал еңбек етуге тәрбиеледі, - деп кезінде өзінің де жоғары оқу орнына түсуіне жігер бергенін еске алып, шара ұрпақтарымызға жұғысты болсын, олар да елге қызмет көрсетсін деген тілегін жеткізді. Шара барысында Ахат Мұстафин, Берік Жұмағазиев, Толыбай Қажыгереев, Жазира Сәрсенғалиева, Қадыржан Хасанов орындаған әндер көрермен көңілінен шықты. Соңында З.Мұфтаховтың 1995 жылғы мерейтойында түсірілген бейнекассета көрсетіліп, жұбайы Гүлшырын екеуінің сөздері тыңдалды. Көрме-кездесудің соңы арнайы дайындалған еске алу дас-тарханына ұласып, онда да естеліктер айтылып, ұрпақтарына ақ тілектер арналды.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT