Жазғы чемпионат мәресіне жетті

(1 Vote)

Футболдан ХІІІ жазғы «Құрманғазы-2025» чемпионаты «LOTOS FEST-2025» фестивалі аясында  Теңіз ауылында қорытындыланды. 

Шілде түні тамылжып тұрды. Күндізгі ыстық бәсеңсіп, жанға жайлы салқын самал еседі. Айналаны қараңғылық қымтағанымен «LOTOS FEST-2025» фестивалі алаңына жиналған халықтың қарасы қалың. Жағалай тігілген ақшаңқын киіз үйлердің жанында түнгі салқынмен тамақтанушылар, алаң ортасындағы тұңғиықгүл макеті жанында суретке түсушілер, салиқалы үлкендер, топ-топ болған жастар,  түрлі-түсті жарық шашқан ойыншықтармен ойнап мәз болған бала-шаға, серуендеп жүрген адамдар, қаңтарылған темір тұлпарлар, самаладай жарық  барлығы да жазғы түнге ерекше атмосфера сыйлағандай. Биік, әрі әдемі безендірілген сахна төрінен төгілген әсем әуен тыныштықтың көрпесін түріп, біраз жерге естіліп жатты. Бір сәт өзіңді фестиваль алаңына емес, әлемге танымал туристік базаның жағажайына келіп қалғандай сезінесің. 

«Құрманғазы-2025» жазғы чемпионатының жабылу салтанатын С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпазы Алтынбек Биғалиев жүргізді.  Алдымен көрермен назарына футболдың ашылу салтанаты түсірілген естелік бейнеролик ұсынылды. Аудандық мәслихаттың депутаты, чемпионаттың бас ұйымдастырушысы Әнуарбек Сабитов құттықтау сөз сөйлеп, футбол додасын жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан демеушілер «АРИСЕ» компаниясын аудан әкімінің Алғыс хатымен, жеке кәсіпкерлер Сүндетқали Насыров, Ризабек Жаудин, Қанағат Қуанышқалиева, Жайдарбек Мақсотов, Биболат Рапихов, Давид Сабитов, Нұрсұлтан Амангелдиев, Орынғали Абдулов, Ғасырбек Мырзағалиевті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының дипломымен және естелік сыйлықтармен марапаттады. 

«Құрманғазы-2025» жазғы чемпионаты жасөспірімдер лигасының 9 турының жеңімпаздары мен үздіктерін ұлықтау құрметі демеушілерге ұсынылды. Командалар мүшелерінен Марғұлан Төлеген (Теңіз), Диас Матлоп (Самаркино), Қайнар Байжанов (Мон-Бан), Данияр Есимов (Жұмекен), Данияр Бисенбай (Орлы), Сұлтан Құбайдолла (Хиуаз), Нұрдәулет Ибраев (Нұржау), Нұрмұхамед Ержан (Самаркино), Беколжас Болат (Ақкөл) тур үздіктері, Мұхамеджан Магеллан (Ақкөл) – «Үздік қорғаушы», Мағжан Ғапу (Самаркино) – «Үздік қақпашы», Беколжас Болат (Ақкөл) – «Үздік сұрмерген», Бейбарыс Орынғали (Мон-Бан) – «Үздік шабуылшы», Дулат Айтжанов (Мон-Бан) – «Үздік ойыншы», Азамат Адилов (Самаркино) – «Үздік жаттықтырушы» атанды. І-ІІ-ІІІ орындарды «Мон-Бан», «Ақкөл», «Самаркино» командалары иеленді. Жазғы чемпионаттың Естелік хаты төрешілер Рафхат Тоқтар мен Әділгерей Таңатаровқа табысталды. 

Чемпионаттың бірінші және жоғары лигасының тур үздіктерін марапаттау үшін ортаға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшысының орынбасары Алмас Мұқашев, жарысты ұйымдастырушылар  Нұрбай Бектеміров, Арман Құмарғалиев, демеуші Ризабек Жаудин, бас ұйымдастырушы  Әнуарбек Сәбитов шақырылды. Бірінші лиганың жеңімпаз командалары болып «Бәйтерек», «Мақаш», «Рембаза-Балықшы» танылды. Жоғары лигада І орын «РТС», ІІ және ІІІ орындар «Рембаз», «Безымянный» командаларына тиді. Шара барысында аудан өнерпаздары Ермек Айсын, Аманжан Халықов, Заманбек Меңдіханов музыкалық нөмірлер орындады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT