С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде қазақтың дарынды ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимні авторларының бірі, жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына 83 жыл толуына орай жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді.
Алдымен республикалық Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлері байқауының І орын иегері Жаңылсын Өтешова Абай, З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатының оқушыларымен бірге жыр жампозы – Жұмекеннің поэзиясынан үзінділер оқыды. Мультимедиалық экраннан Ашақта туған ақберен ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріптеген шағын бейнеролик көрсетілді. Одан әрі жүргізуші Гүлбақыт Ермұратова ауылдық округтер мен мектептерден үміттерін үкілеген 12 қатысушыны көрерменнің қошеметімен сахна төріне шақырды. Жұмекен мұрасын жастар арасында насихаттау, оның шығармашылығын адамгершілікке, имандылық рухына, келешек ұрпақ игілігіне пайдалану мақсатында ұйымдастырылған мүшәйраның шарты мен талаптарынан хабардар етіп, қазылар алқасының құрамымен таныстырды. Алғашқы кезеңде талапкерлер өздерінің Жұмекенге арнаған өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақынмен сырласуға тырысып, оның туындыларының терең философиясы жөнінде сөз қозғады. Бұдан кейін «Әрбір жолым қиынырақ қиысса, қиындыққа жасаған бір жорығым» деп аталған бөлімде Лед-экраннан жыр жампозының өмірі мен шығармашылығына қатысты ұяшық таңдау арқылы ұсынылған суреттерден 2 шумақтан кем емес өлең жолдарын табан астында шығару тапсырмасы берілді.
Қорытындысында сөз алған қазылар алқасының төрағасы, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Мүтиғолла Ғани бүгінгі жас таланттарды шыңдайтын мүшәйраларды жиі ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, үміткерлердің өлең шығарудағы тапқырлықтарын жоғары бағалап , кейбір кемшін кеткен тұстарын да тілге тиек етті. Сонымен 12 қатысушының арасынан Әуезов атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Раббина Батуова суырылып алға шықты. ІІ орыннан шортанбайлық Самал Өтепова және Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінен Арыстанбек Садихов көрінсе, ІІІ орынды Бірлік, Сүйіндік ауылдық округтерінен Нұргүл Жұмалиева, Индира Ғимранова, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінен Інжу Еркінова қанағат тұтты. «Көрермен көза йымы» номинациясымен Абай атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Бекзат Бейімбетұлы марапатталса, қалған қатысушыларға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды.
А.Шакупова