Аудан әкімі жақында Астана қаласында өткен KFF League Awards марапаттау рәсімінде Қазақстан әйелдер лигасының «Үздік жас ойыншы» аталымын иеленген М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Ботагөз Жұмажанованы қабылдап, жас спортшыға құрмет көрсетті.
Ботагөз бесінші сыныптан бастап футбол ойынына қатысып, түрлі жарыстарда аудан, облыс, республика намысын қорғап келді. 2024 жылы Атырау футбол клубы бойынша «Үздік шабуылшы» аталымын, 2025 жылы облыстан «Жыл сұрмергені» атағын еншіледі.
Қабылдауда аудан әкімі Абат Жанғалиев Ботакөздің жетістіктерін қысқаша атап өтіп, Құрманғазы ауданынан алғаш рет Қазақстанның құрамасына шақыртылған ойыншы ретінде өңіріміздің тарихынан ерекше орын алғанын, бұл жеке жетістік ғана емес, аудан жастары үшін үлкен мақтаныш екеніне тоқталып, Алғыс хатымен марапаттады.

Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева жас спортшының жетістігі басқа оқушыларға үлгі болсын, олардың да спортқа қызығушылығы арта берсін, Ботагөздің жеңісті жолы жалғасын тапсын деген ізгі тілегін арнап, Құттықтау хаты мен естелік сыйлығын ұсынды.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров: – Соңғы жылдары оқушыларымыз спорттың әр түрінен жүлде алып, ауданымыздың мерейін көтеріп жүр. Солардың бірі және бірегейі ортамызда отырған Ботагөз қызымыз спорттың жалпы облыс, республика бойынша кенже дамыған түрлеріне жататын футболды дамытуға бесінші сыныптан бастап үлкен үлес қосып келеді. Спортта ұстаздарынан алған тәрбиесі мен білімін жетілдіріп республика бойынша ең үздік жас спортшы деген атаққа қол жеткізді. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Алға қарай елімізде, халықаралық жарыстарда, олимпиадада жеңімпаз атанып, ауданымыздың, облысымыздың мерейін үстем қылып, мемлекетіміздің көк туын желбіретеді деген сенім білдіреміз. Болашағыңыздың жарқын болуына тілектеспіз,– деп Құттықтау хатын, естелік сыйлығын, 100 мың теңгенің сертификатын, ата-анасына Алғыс хатын табыс етті.

Соңында М.Әуезов орта мектебінің директоры Гауһар Құбашева сөйлеп, жас спортшыға сәттіліктер тілеп, Құттықтау хат және 50 мың теңгенің сертификатымен ұлықтады.
Қанат ҒҰМАРОВ


