Үздік өнерпаздар анықталды

(0 Votes)

Биыл Арқа төсіндегі ғажайып қала елордамыз Астананың 20 жылдығы атап өтіледі. Елдің қуанышы, мақтанышы болған Астананың мерекесіне орай түрлі мәдени іс-шаралар жүзеге асуда. Олардың барлығының мақсаты елорданың жиырма жылда қол жеткізген тартымдылығын, әсемдігін, сұлулығын дәріптеу.

Еңбекші жалпы орта мектебінде Астана қаласының 20 жылдығы аясында «BURABAI SUMMER FEST» І Халықаралық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы телевизиялық фестиваль-конкурсының аудандық кезеңі ұйымдастырылды. Мақсаты – дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау, олардың шығармашылық қабілеттіліктерін дамыту және орындаушылық шеберліктерін арттыру.

Фестивальді ашып, сөз сөйлеген аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Ахметжанова оның жүру барысын түсіндіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өнер байқауы 9 номинация бойынша жүзеге асты.

«Дәстүрлі әннен» Дәулеткерей саз мектебінен Б.Елжанова, эстрадалық әннен Нұржау орта мектебінен Э.Игілік, «көркемдік оқу» бойынша Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектептен Д.Сәрсенбаева, «ұлттық, классикалық музыкалық аспаптарда орындау өнерінен» Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінен Н.Амангельдин, А.Бейімбетқызы, «эстраданың сүйемелдеуімен музыкалық аспаптарда орындау өнерінен» Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектебінен Ғ.Шахназар, «хореографиялық өнерден» Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінен «Наз» би тобы, «бейнелеу өнерінен» Әуезов атындағы орта мектептен Ж.Хамзақызы орындаушылық шеберліктерімен көзге түсіп, үздіктер қатарынан көрінді.

Жеңімпаз номинация иегерлері облыста өтетін байқауға жолдама алды. Әділқазы мүшелері оларға дипломдар ұсынып, қалған жүлдегерлерді де түрлі орындармен марапаттады. Облысқа аттанатын жеңімпаздарымыздың күй елінің мәртебесін асқақтатарына кәміл сенеміз. Өйткені, өнерлі өрендердің алға қойған жоспарлары көп. Олар енді келесі белестерді бағындыруға бар күш-жігерлерін салып дайындыққа кірісіп те кетті.

А.ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT