Юлия Галышева – қола жүлдегер!

(0 Votes)

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында жалауы желбіреген ХХІІІ қысқы Олимпиаданың үшінші жарыс күнінде Қазақстанның қоржынына алғашқы қола медаль түсті. Фристаилдың могул түрінен сынға түскен Юлия Галышева жарыс барысында небір мықтылардың көлеңкесінде қалып келіп, ақтық сында айы оңынан туып үшінші орынға ілікті.

Алты спортшы ғана іріктеліп шыққан үлкен финалды Юлия алғашқы болып бастап, өрден төмен қарай құлдилай сырғып, міндетті екі жаттығуын да мінсіз жасады. Сөйтіп, жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, кейінгі қарсыластарын күтіп тұрды. Талай жарыста олжа салып, тек Олимпиада медалі ғана бұйырмай келген кенді Алтайдың тумасы Юлия Галышеваның алдын француз Перрен Лафонт пен канадалық Жюстин Дюфуа Лапуант қана орай алды.

Сайыстың осы түрінен ерлер арасындағы сында тәжірибелі Дмитрий Рейхардтан да медаль күткен болатынбыз, алайда ол өз жаттығуын өте сәтсіз орындап, үмітті ақтамады. Оның командаласы Павел Колмаков та 7 орында қалып қойып, үлкен финалға өте алмады. Бір айта кетерлігі, спорт мамандары Олимпиада алдында осы Ю.Галышеваны, Д.Рейхардты және шаңғышы Алексей Полторанинді жүлдегерлер қатарына қосып еді. Енді, Пхенчхан төрінде Алексейдің көк туды желбіретуін күтеміз.

А.НӘЖІМОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT