Волейболдан турнир өтті

(0 Votes)

Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінде «2022 жыл – Балалар жылы» аясында бұқаралық дене шынықтыру мен спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында мектеп оқушылары және  колледж студенттері арасында волейболдан аудандық турнир өтті.

Турнирге Абай, Ломоносов, Бегалиев, Еңбекші, Әуезов орта мектептері мен аталған колледждің командалары қатысты. Қатысушылар қошеметпен ортаға шақырылып, Әнұранымыз ойналды.

Сайысқа қатысушы командаларды құттықтаған Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі директоры Болатбек Өтегенов: – Тәуелсіз мемлекетімізде еліміздің ертеңі – жастарымыздың  денсаулығына зор көңіл бөлінуде. Президентіміздің саясатында да бұған үлкен мән берілуде. Бүгін аудан мектептерінің арасында бұқаралық спортты, соның ішінде волейболды дамыту, спортқа деген қызығушылықты арттыру мақсатында осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Жаңа Қазақстанның жастары салауатты өмір салтын ұстанып өссе, болашағы жарқын болады, – деп сәттілік тіледі. Осындай игі тілектер аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Еділ Баяров, аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы, «Жастар рухы» ұйымының хатшысы Бекзат Қазиханов тарапынан да айтылды.

«2022жыл - Балалар жылы»  аясында бұқаралық дене шынықтыру   мен спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында мектеп оқушыларымен Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі студенттері арасындағы волейболдан  өткен жарыста Арсен Көбенов  (М.Әуезов) «Үздік байланыстырушы», Нұртілек Махамбетұлы (Еңбекші) «Үздік шабуылдаушы», Фархат Ғарифолла (агроколледж) «Үздік ойыншы»   номинациясын жеңіп алды. Ойын қорытындысымен І орын Еңбекші орта мектебінің командасына бұйырып, колледж директорының кубогын иеленді. ІІ және ІІІ орындарда М.Әуезов орта мектебі мен Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі. Жеңімпаздарға медалдар мен дипломдарды, колледждің 60 жылдығы туралы кітапты  жарыстың бас төрешісі Ержан Сұлтанов, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің директоры Болатбек Өтегенов, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Қазиханов табыс етті.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT