Таэквондо - ауданымызда жақсы дамып, шұғылданушылар қатары жылдан жылға өсіп келе жатқан спорт түрлерінің бірі.
С.Имашев атындағы орта мектептің түлегі Мерген Ғайниев әлемдік додаларға қатысып жақсы нәтижелерге қол жеткізсе, Ломоносов атындағы орта мектептің түлегі Виктор Рудыкин ел ішіндегі жарыстарда олжа салып жүр. Құқық және экономика колледжінің студенті Бейбарыс Нұрбаев та бірқатар додаларда жүлдегерлер сапынан орын алды. Бұл орайда жас таэквондошыларды жарыстарға дайындауда аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Руслан Аманғалиевтің еңбегі зор. Жақында Қызылорда қаласында өткен мектеп және колледж оқушыларының ІХ жазғы спартакидасында Русланның шәкірттері Б.Нұрбаев(55 келі) пен В.Рудыкин(73 келі) жеңімпаз атанды. Ал, С.Имашев атындағы орта мектептің оқушылары Сұлтан Саясатов(39 келі), Дарья Қайырғалиева(39 келі) қарсыластарына ақтық сында ғана есе жіберіп күміс медальға ие болды. Республиканың 16 облысының спортшылары қатысқан спартакиадада 5 спортшымыз қатысып, төртеуі жеңіс тұғырына көтерілді.
А.НӘЖІМОВ.