Атырау қаласында жыл қорытындысымен өткен «Спортшылар балы» салтанатында 18 номинация бойынша облыстың үздіктері анықталды.
Шараның құрметті қонақтары ретінде Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов, әлем чемпиондары Максим Раков, Айбек Нұғымаров және атыраулық әйгілі боксшы Болат Теміровтер қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Н.Ноғаев ел мақтанышына айналған спорт саңлақтарына барша атыраулықтар атынан алғысын білдіріп, аталым иегерлеріне марапат табыстап, бір топ спортшыларға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің төсбелгісін, облыс әкімінің алғыс хаттарын табыстады.
Олардың арасында ауданымыздан барған спорт ардагері, мемлекеттік қызметшілер спартакиадасына қатысушы Зинетолла Мұқлесов, боксшы Бекболат Құрамысов, таэквондодан жаттықтырушы Руслан Аманғалиев облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. «Жыл спортшысы» атағын Джакартада өткен Параазиада ойындарда екі дүркін чемпион болған Ержан Сәлімгереев иеленді. Әр номинацияға үш үміткер түсіп, жеребе тарту бойынша үздіктері анықталды. Шарада аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің маманы Ернар Рахметқалиұлы да облыстық басқарманың басшысы Ринат Ибрагимовтың қолынан алғыс хат алды.
А.НӘЖІМОВ