Шығармашыл ұжымның жетістігі

(0 Votes)

Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының концерт залында музыка және өнер мектептері оқытушыларының, қазақ халық аспаптары оркестрлері мен ансамбльдерінің ІІІ облыстық байқауы өтті.

Музыка және өнер мектептері мұғалімдерінің шығармашылық бәсекелестігін қалыптастыру, өнерлі ұстаздардың еңбегін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқауға 6 оркестр, 14 ансамбль ұжымдары қатысты. Солардың ішінде ауданымыздың атынан бағын сынаған 50 жылдан астам тарихы бар, елдің болашағы - өнерлі жастарды тәрбиелеуде тынымсыз еңбек етіп жүрген Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінің оқытушылар ансамблі жүлделі ІІ орынмен марапатталды.

Кәсіби орындаушылық деңгейі жылдар өткен сайын шыңдалып, алдыңғы аға буынның салып кеткен сара жолын, ізгі тәрбиесін жадына сақтап, өнер додасында бәсекеге түскен шығармашыл ұжым сахна төрінде Құрманғазының «Балбырауын», Динаның «Әсем қоңыры», Махамбеттің «Ақжелең», А.Жұбановтың «Би күйі», Қ.Ахмедьяровтың «Қосбасары», шетел классикасынан В.Гнудовтың «Жаворонок», жергілікті сазгер Т.Зайнуллиннің «Шалқар шабыт» күйлерін тыңдарман жүрегіне жеткізе білді.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Гүлмира Сидағалиева, домбырашылар Анар Қабдолова, Нұргүл Мусина, Тоты Ибрашева, Бақытгүл Оразова, шаңқобызшылар Гүлжанат Шаменова, шертерші Әділбек Нұрғалиев, примашы Ибрагим Хабибуллин, сырнайшы Берік Сұлтанмұратов, иллюстраторлар Мақпуза Меңдіғазиева, Гүлмира Сужикова, Тоқтар Наушабаев, Жексенбай Тәжібаевтың кәсіби орындаушылық шеберліктері қазылар алқасы мен өнерсүйер қауымның қошеметіне ие болды.

М.БОҚАНОВА, Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінің директоры.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT