С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Шежіресі халқымның – Құрманғазы» атты халықаралық домбырашылар байқауының ашылу салтанаты өтті.
Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жиделі» фольклорлық ансамблі Құрманғазының «Балбырауын» күйімен шараның шымылдығын түрді. Бұдан кейін атақты композитордың «Қайран шешем» күйін төгілтсе, ансамбльдің сүйемелдеуімен аудандық өнерпаз Т.Қажыгереев «Сәлем, Қазақстан» әнін орындады. Байқауға еліміздің батыс аймағынан 6 үміткер бақ сынауға келіпті. Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан, Атырау қаласынан, Махамбет, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарынан арнайы ат басын бұрған, күйшілік өнерді жандарына серік еткен жастар көрерменнің ыстық ықыласымен сахна төріне шақырылды. Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаев алдымен баршасын қасиетті Рамазан айымен құттықтап: - Ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына орай жасақталған іс-шаралардың негізінде халықаралық домбырашылар байқауын өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Өкінішке орай, түрлі себептерге байланысты көршілес Ресейден сайыскерлер келмей қалды. Үміткерлерді ұлы бабамыздың рухы желеп-жебеп, шабыт берсін! Киелі аспапқа тіл бітіріп, күй өнерін насихаттап жүрген жастарға ақ жол тілейміз, - деді. Байқаудың мақсаты да мәдениет қызметкерлерінің тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету, ұлттық құндылықты сақтау, күмбірлеген күй өнерінің сиқырлы үнін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру, төл өнерімізді төрге оздырған ұлы тұлға Құрманғазының 200 жылдығына орай «Күй мерекесін» ұйымдастыру болып табылады.
Ауданға танымал өнерпаздар С.Саламатов пен Г.Жұмалиева фестивальдің ережесі бойынша ол 3 кезеңнен тұратынын хабарлап, байқаудың лайықты бағасын берер қазылар алқасының құрамын таныстырды. Сахна төрінде өнер додасына қатысушылар қоржыннан реттік нөмірлерін суырып, І кезеңді алғашқы болып Құрманғазы ауданынан қатысушы Болат Долдашев бастап кетті. Үміткерлер фестивальдің ережесіне сәйкес қос ішекті ұлттық аспаптың құдіретімен Құрманғазы, Есбай, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина секілді халық композиторларының шығармаларын орындап, өнерге сусап отырған көрерменге рухани демалыс сыйлап, игі әсер қалдырды. Жабылу салтанатында әділқазылар алқасының құрамы сахна төріне көтеріліп, байқау қорытындысын жариялады. Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев барлық қатысушыларды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, «Құрманғазы» атындағы арнайы жүлдені жоғары дәрежеде өнер көрсеткені үшін атыраулық Асылхан Жоламановқа ұсынды. Қазылар алқасының мүшесі Таңатар Дәрелов жүлделі ІІІ дәрежелі лауреат атағын маңғыстаулық Мағжан Әсембаевқа табыстады. ҚР мәдениет саласының үздігі, домбырашы, ұстаз Серікқали Тәжіғалиұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Жиделі» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Талапқали Зайнуллин ІІ орынмен Батыс Қазақстан облысынан келген үміткеріміз Азамат Қалиевті, Махамбет ауданынан қатысқан Айболат Ізжановты ұлығылады. Жүлделі І орын атыраулық Асылхан Жоламановқа бұйырды. Қазылар алқасының төрағасы Орақ Жауырұлы байқаудың бас жүлдесін жерлесіміз, құрманғазылық Болат Долдашевқа тапсырды. Түрлі дәрежедегі лауреат атағын иеленген жеңімпаздарға 100000, 150000, 200000 көлеміндегі жүлде қорлары мен арнайы белгілері ұсынылды. Ал Болат Долдашевқа естелік ретінде қара ағаштан ойылып жасалған, бесаспап ағаш шебері Жұмалиев Талғаттың қолынан шыққан домбыра өнер туындысы сыйға тартылды. Қонақтар үшін мейрамханада мерекелік дастархан жайылып, ертесіне Алтынжардағы Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталығына барды.
Айнагүл ШАКУПОВА.