Ардагерлер шығармашылығын дамыту, жастарды отансүйгіштікке, үлкенді құрметтеуге, халық шығармашылығының түрлі жанрларын насихаттау мақсатында «Шалқыған халқымның ән мен күйі» атты өнер сайысы ұйымдастырылды.
Оған барлығы 8 ауылдық округтен келген ардагер аталарымыз бен әжелеріміз қатысты. Ән айтып, би билеп, көркемсөз оқып өнерлерін ортаға салған өнерпаз аға толқынның ішінен озығын таңдап алу әділқазылар алқасының еншісіне түсті. Жүргізуші Ж.Сәрсенғалиева оның құрамымен және байқау шартымен таныстырды. Алғашқы болып сахна төріне шыққан Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесі жанынан құрылған домбырашылар ансамблі «Адай» күйін күмбірлетті. Зәуреш Қуанышбаева, Қажымұқан Нәженов, Уахит Масалов «Дедімай-ау», «Сартайдың термесі», «Теріскей» әндерін тамылжыта шырқаса, «Ақтілек» әжелер ансамблі ұсынған нөмірге көпшілік ыстық ықылас танытты.
Ақкөлдіктер атынан Светлана Бердешова репертуарындағы халық жүрегінен орын алған, бәріміз сүйіп айтатын туындыларды орындаса,Саламат Қабдолов бұл байқауға патриоттық әнін ала келіпті. Нұржау ауылдық округінен қатысушы ауданға белгілі өнерпаз Жаңбырбай Нәрешов «Атамекен», «Елге сапар» әндерімен көрерменнің көңілінен шықты. Одан әрі көптоғайлық Гүлжамаш Сақташева, орлылықтар атынан сахнаға шыққан Сайфолла Жұмағазиев, Бағдаш Қарабалина да өнерден құр алақан еместіктерін көрсетті.
Теңіздік Сағида Хамзаева, сафондық Клара Қимеденова, Ибрайым Махмудов, Киікбай Батырбеков ән салып, күй төгілтіп, «Алпамыс» жырынан үзінді де оқыды. Еңбекші ауылдық округінің әжелер ансамблі, жеке дауыста ән орындаған Саламат Ғаббасов, Антонина Даваева, Мүсіреп Мырзалиев өз өнерлерімен тыңдарманның қошеметіне бөленді. Қатысушылардың сахна мәдениетін сақтауы мен киім киісі, шығарманы орындаудағы шеберліктері көрініп тұрды. Десек те, кіл мықтының ішінен бір мықты анықталатыны белгілі дүние.
Мұны бағалау оңайға түспегенін алға тартқан қазылар алқасының төрағасы академик, жазушы Өмірзақ Қажымғалиев игі шараға жоғары баға беріп, оны жыл сайын ұйымдастыруды дәстүрге айналдыру қажеттігін айтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев, «Жиделі» фольклорлық-ансамблінің жетекшісі Талапқали Зайнуллин, білім саласының ардагері Жәннат Құрманғалиева, С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің әртісі Раушан Сәрсенова өнер байқауына қатысушыларға зор ризашылықтарын білдіріп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстады.
А.Шакупова