Құрманғазыда кикбоксинг үйірмесіне қызығушылық көп

(0 Votes)

Елінің болашағын ойлаған мемлекет салауатты өмір салтын қалыптастыруға, спортты дамытуға үлкен мән береді. Білімді, тәрбиелі, дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы.

Сол себепті Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, соның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», деген еді. Кейінгі жылдары ауданымыздың спорт саласы да даму үстінде. Осыған дейін болмаған жаңа түрлері өмірімізге енуде. Соның бірі – кикбоксинг. Бұрын онымен айналысу қалада ғана мүмкін болса, енді, міне, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі жанынан құрылып, Кудряшов орта мектебінде, Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатта жұмыс жасай бастады. Аз уақытта-ақ дарынды бапкерлер Аслан Мұқашев пен Нұрлыбек Сәрсенғалиев тәрбиелеген шәкірттер түрлі жарыстарда өздерін мойындатып үлгерді. Қысқа мерзім ішінде бес кикбоксингшіміз облыстың чемпионы болды. Оның ішінде Азамат Қайратов 3 дүркін облыс чемпионы атанды.

2022 жылы 2 ақпанда аз қамтылған және жартылай жетім балалар тәрибеленіп отырған Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернат жанынан да кикбоксинг үйірмесі ашылған. Аудандық балалар және жасөспірімдер мектебі жанынан құрылған киксбоксинг үйірмесінің жаттықтырушысы Аслан Мұқашевтің айтуынша алғашқыда спорттың бұл түріне қызығушылық танытушылар аз болған.

– Мақсатым дені сау, саналы, тәрбиелі спортшылар дайындау. Кикбоксинг 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына да енеді. Арманым ауданымыздан Олимпиада чемпионын шығару. Сол кісінің тапсырмасымен 4 рет жарысқа бардық. 1 рет оқу-жаттығу жиынына шықтық. Бастапқыда жұмысымызды ұйымдастыруда біраз қиындықтармен бетпе-бет келдік. Үйірмеде бар-жоғы 4 бала ғана болды. Басқа ешкім келмеді. Түске дейін екеуі, түстен кейін екеуі қатысатын. Осы төрт баламен Аққыстауда өткен жарысқа қатысып бақ сынадық. Жан-жақтан келген спортшылар арасында екі баламыз екінші, тағы екеуі үшінші орын алды. Бұл біз үшін үлкен жетістік еді. Содан кейін өзге де ата-аналар тартыла бастады. Қазір 100-дің үстінде бала жаттығады. Одан да көп болатын, бірақ жаттығуларға шыдамай кетіп қалады. Осы интернаттың жанынан үйірме ашқанда бастапқыда орыннан қиындық көрдік. Акт залда мерекелік шара немесе басқа бір жиналыс өтіп жатады. Келеміз де кетіп қаламыз. Мұндағы балаларды орталыққа тасимыз.

Мектеп-интернаттың директоры Руслан Хасантаев ағамыздың көп көмегі тиді. Біздің қиналып жүргенімізді көріп, шеберхананы босатып берді. Оны жабдықтауға, боксер қолғаптарын, бинттер, едендегі арнайы матылар, боксерлік грушалар, гантелдер алуға жеке кәсіпкерлер, соның ішінде аз қамтылған балаларға спорттық құралдарды әперуге, жаттығуға қажетті қаржымен қамтуға «Ағатай строй сервис» ЖШС басшысы Ризабек Жаудин көмектесті. Өзіміз де әкелдік. Қазір осында 2009-2014 жылы өмірге келген 14 бала, 14 қыз жаттығады. Қыздармен жаттығу бөлек өтеді. Кудряшов ауылдық округінде үйірме ұйымдастыруға округ әкімі Жасұлан Сүндетов ініміз көмек көрсетті,– деді бізбен әңгімесінде. Балалар жаттығатын жер кең, жылы, терезелерінен жарық төгіліп тұр. Бір шетіне киім ілетін шкафтар қойылған. Мұндағы боксерлік грушалар ілінетін темір құрылғыларды өздері қаражат көздерін қарастырып жасаттырыпты. Еденде екі бала тұратын жұп-жұмсақ маттар. Аптасына 3 рет жаттығу өтеді. Балалар көңілді, зал ашылысымен-ақ арнайы киімдерін киіп, кикбоксинг әдістерін үйренуге ден қоя бастады. Жаттықтырушы Аслан Қайыржанұлы Атырау облысының кикбоксинг спорт түрінен аға жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі аға жаттықтырушы Данияр Жүсіпов, аудандық денешынықтыру және спорт бөлмінің басшысы Алмас Мұқашев, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әдебиет Ердешов, жеке кәсіпкерлер Ризабек Жаудин, Тахир Айбеков, ата-аналар Ерік Елмұханбетов, Алмас Қисамеденов, Болатбек Хасанов, Ерік Тарихов, Мұрат Түсәлиев, Руслан Айдынғалиев, Артур Кенжеғалиев, мектеп-интернаттағы залдың ішін безендіруге көмек жасаған Азат Құспановқа дән риза.

– Жақында облыс орталығында өткен турнирге 15 бала апардық, соның 14-і орын алды. Интернаттан барған қыздарымыз, 48 келі салмақта 8 сынып оқушысы Жанерке Бақтығали, 30 келілік салмақта 6 сынып оқушысы Сабина Қойбағарова І орын, 30 келілік салмақта Альбина Құрманғазиева ІІ орын иемденді. Айта кетер жайт, Жанерке мен Сабина өздеріне қарсы шыққандардың бәрін жеңді. Айналып келгенде екеуі бір-бірімен жекпе-жекке шығатын болып, оған өзара тату қос құрбыны әрең келістірдік. Біреуі республикалық жарысқа жолдамаға қол жеткізді. Оларды әріптесім Нұрлыбек Сәрсенғалиев екеуіміз жаттықтырамыз,– дейді Аслан Мұқашев.

boks2

Жас кикбоксингшілер тек грушаны соғып, теуіп, түрлі әдістерді үйренумен шектелмейді. Олар кроссқа, қыздар мен ұлдар арасындағы волейбол, баскетбол ойындарына да қатысады. Сонымен қатар, аудан орталығындағы үйірмеде үлкендер де жаттығады. Жас спортшыларды қолдап отырған аудандық Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернаттың директоры Руслан Хасантаев: – 2021 жылы 1 қыркүйекте осында директор болып тағайындалдым. Сол күннен бастап қандай бағытта жұмыстану керектігіне, балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға байланысты зерделеу жұмыстарын жүргіздім. Қорытындысында олардың білім сапасы төмен болғандықтан оны көтеру үшін спорт, өнер бағытындағы шараларды қолға алу керек деп шештім. Себебі, бізде үйдегідей емес, балалардың бос уақыттары көп. Өткен жылы қаңтарда спорт үйірмесін ашу жөнінде аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әдебиет Ердешовке ұсыныс жасадым. Ол кісі қабыл алған соң спортзалда және бір кабинетте дайындалды. Содан кейін, 1 қыркүйектен бастап арнайы кабинет бөліп, демеушілердің көмегімен толыққанды жабдықтадық. Үмітіміз ақталып күні кеше кикбоксингтен өткен облыстық жарыста 2 қыз баламыз бірінші, 1-і екінші және 1 ұл баламыз ІІІ орын алып келді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе! Оның ішінен бір оқушымыз республикалық жарысқа жолдама алып отыр. Сонымен қатар, Атырау облысы шахмат федерациясымен келісімшартқа отырып, 40 баланы қамтитын, аптасына 3 рет өтетін шахмат, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебімен келісіп инклюзивті сыныптағы 50 бала қатысатын теннис, Дина Нұрпейісова өнер мектебімен келісімшартқа отырып домбыра үйірмелерін ашуға жұмыстанудамыз. Ұжым болып осындай шараларды қолға алудамыз. Бір мұғаліміміз республикалық сайысқа қатысып 1 миллион теңгенің грантын ұтып алып еді, оны мектебімізге беріп, арнайы кабинет жасақтадық,– деп қолдау көрсетіп отырған кәсіпкерлерге де ризашылығын білдірді. Алға қарай оқушыларды таза өніммен қамту және еңбекке баулу мақсатында мектеп-интернат жанынан жылыжай ашу жоспарларында бар екінін жеткізді. Бүгінде мұндағы қыздар тамақ түрлерін әзірлеуді де меңгеруде. Шешімін күткен мәселе – ата-аналардың тамақ жарнасының 20 пайызын төлеуі. Оларға осы қиындық тудыруда. Сондықтан шығар, жыл өткен сайын бала саны азая түсуде. Мектеп-интернат басшысы осы мәселе шешімі тапса екен деген тілегін жеткізді.

boks

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521