85 жылдық тарихы бар, елімізге, әлемге танымал ұжым – Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі гастрольдік сапармен ауданымызға ат басын бұрды.
Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жоспарына сәйкес, Атырау облысы әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл концерт ЮНЕСКО көлемінде аталып өткелі отырған Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толу мерейтойына арналды. Оркестрдің директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Дауешов. Бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев, екінші дирижері, мәдениет қайраткері Жексен Айсын.
Ұжым концертті бірден Құрманғазының «Серпер» күйімен бастап, соңынан Динаның «Әсемқоңырын» төгілтті. Айта кетер жайт, бұл атақты ұжымның құрамында көптеген жерлестеріміз бар екенін біліп, мақтанышты әсерде отырдық. Сейілхан Құсайыновтың «Мереке», Құрманғазының «Төремұрат» шығармаларын домбырада тамылжыта орындаған Рахат Сәрсеновтің Балқұдықтың тумасы екені хабарланды. Одан кейін «Туған ел» әнін шырқаған Халес Қапизов пен Тұрарбек Хайырәлиев те Сүйіндік ауылынан болып шықты. Күй кешінің көрігін қыздырған оркестр Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсынның дирижерлік етуімен танымал сазгерлердің шығармаларының бірқатарын орындады.
Қазақстанның мәдениет қайраткері Есенгелді Ырза, Мақсат Тілепберген, қобызшы Гүлбақыт Сенбиева, жерлесіміз Сәтжан Шәменов, Жаңылсын Қажығалиева сияқты дарындар орындаған әндер мен күйлер рухани көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сазгер Е.Хасанғалиевтің шығармаларынан жасалған ән-шашу елдің көңілінен шығып, әуенін оркестр, әнін залдағы көрермендер орындады десе де болады. Халықаралық конкурстардың жеңімпазы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, дүлдүл күйші Батыржан Мықтыбаевты көрермендер сахнадан жібергісі келмеді. Республикалық Ш.Қалдаяқов атындағы конкурстың лауреаты Индира Расылхан да екі ән орындағанымен, ду қол соққан көрермендердің көңілін қимай сахнаға қайта шықты. Мерекелік концерт «Сарыарқа» күйімен тәмамдалғанымен көрермендер, «Тағы бір күй» деп сұрағаннан соң дирижер Арман Жүдебаев домбыраны қолға алып, Н.Тілендиевтің «Әлқиссасын» орындап, толқи сөйлеп, осындай киелі жерге, ұлы күйшінің өмірге келген өлкесіне, Құрманғазы ауданына аяқ басып жатқандары үшін қуанышты екендерін жеткізді. Оркестрді ең бірінші Ахмет Жұбанов басқарса, кейін 40 жыл бойы Шамғон Қажығалиев ағамыз жетекшілік еткенін айтып, ол кісінің жұбайы, жерлесіміз Жаңылсын Қажығалиеваны таныстырды. Концерт соңында аудан әкімі Бибоз Шаяхметов: - Құрманғазы бабамыздың 200 жылдық тойы Астана, Алматы, Атырау қалаларымен бірге кіндік қаны тамған жері біздің ауданымызда да аталып өтеді. Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының арнайы тапсырмасымен, облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауқызымен, бір топ азаматтармен бірге Алматы қаласына Шамғон Қажығалиевтің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Шамғон апталығына» барып қайтқанбыз. Оркестрдің қатысуымен Абай атындағы опера және балет театрында Шамғон ағамыздың өзі тәрбиелеген бірнеше дирижерлер үлкен концерт берді.
Залда ине шаншыр орын болған жоқ. Бұл осы ұжымға деген үлкен құрметтің белгісі. Сіздерге деген аудан халқының да ыстық ықыласын көріп отырсыздар, - деп оркестр ұжымына құрманғазылықтар атынан шынайы ризашылығын білдіріп, Нұрғиса Дауешовке, Арман Жүдебаевқа, Рахат Сәрсеновке, Жаңылсын Қажығалиеваға, Тұрарбек Хайырәлиевке, жерлесіміз Б.Қарабалинаның ұлы Дәурен Әлімбайға Алғыс хаттар табыстады. Оркестрдің директоры Нұрғиса Дауешов бұл жерден қанат қаққан ұлы тұлғаларды тілге тиек етіп өтіп: - Осындай қасиетті топырақтан Құрманғазы оркестрінің өзіне қаншама азаматтар еніп отыр. Жаңа сахнада өнер көрсеткендерден басқа, Алматыда қалғаны қаншама?! Кеше осы ауданға кіріп келе жатқанда таза қазақилықтың иісі аңқып, алдымыздан Құрманғазы, Дәулеткерей, Жұмекен елді мекендерінің атауы шыққанда көзімізге жас алдық. Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасы Құрманғазы ауданында өз дәрежесінде жүзеге асырылып отырғанына қуандық, - дей келе, көрсетіліп жатқан құрметке, көрермен қошеметіне дән риза екенін айтты.
Қанат ҒҰМАРОВ.