Санаулы күндерден кейін ортамызға қайта оралған, осыдан 33 жыл бұрын егемендігімізді алғаш жария еткен 25 қазан – Республика күнін атап өтеміз. 1990 жылы осы күні қабылданған Декларация өмірімізге жаңа серпін берді.
Әрине, егемендік оңайлықпен келген жоқ. Аталған құжаттың қабылдануына қарсы шыққандар да болды. Егемендігіміздің басында тұрған азаматтардың бірі, ауданымызда туып-өскен заңғар тұлға, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, сот жүйесінің құрметті қызметкері, 2008 жылы Францияда «Жыл адамы» ретінде мойындалған Ирак Елекеев ағамызбен атаулы күн жайлы әңгімелестік. Оған көшпес бұрын, сұхбаттасымызды оқырманға қысқаша таныстыра кетейік...
Ирак Қасымұлы 1947 жылы 20 мамырда Гурьев (Атырау) облысы Құрманғазы ауданының Ганюшкин (Құрманғазы) ауылында туған. 1977 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің құқықтану факультетін бітірген заңгер-құқықтанушы. 1963 жылы алғашқы еңбек жолын жұмыс жабдықтау бөлімінің жұмысшысы болып бастады. 1995 жылға дейін Жамбыл, Алматы қалаларында электрик, кірпіш зауытында слесарь, жөндеуші, кешенді бригаданың бригадирі, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті дайындық бөлімінің тыңдаушысы, 1972 жылдан – студенті болды. 1977 жылдан - Маңғышлақ облыстық сотының сынақ мерзімінен өтушісі, мүшесі, Маңғыстау облыстық әділет бөлімі бастығының орынбасары, Гурьев облыстық әділет басқармасының бастығы сынды қызметтік баспалдақтардан өтті. 1995-2009 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң шығарушы орган аппаратының бастығы, ҚР Әділет вице-министрі, Парламент Мәжілісі төрағасының кеңесшісі, ҚР Жоғарғы сотының жанындағы Сот әкімгерлігі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, кейін төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы сот әкімшілігі комитеті төрағасының орынбасары, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі қызметтерін абыроймен атқарды.
– 1990 жылы 22 қазанда Қазақ КСР Жоғары кеңесінің ХІІ шақырылымының депутаты Салық Зиманов егемендік туралы Декларация жобасын жазып, оны депутаттардың талқылап, қабылдауына бастамашы болған еді. Мұны мақтанышпен айта аламын. Себебі, Салық ағамыз атыраулық жерлесіміз, жақсы заңгер, академик. Сол кезде бірсыпыра депутаттар түсінбеген сияқты. Әлі де болса Кеңес Одағының айтқанымен жүргенді қалайтындардың ішінде қазақтар да, өзге ұлт өкілдері де кездесті. Олар Салық Зимановтың ұсынысымен сөйлеген Александр Княгинин деген депутаттың Декларацияны қолдаған пікірін біле тұра соған үш рет қарсы шықты. Сонда Александр Княгининнің: «Әй қазақтар! Сендерге аңсаған егемендік келіп тұр ғой! Неге қолдамайсыңдар?», деген сөзі әлі есімде. Осыдан кейін ғана қарсы келушілер оянып, Декларация қабылданды. Көп ұзамай ағамыз елге келді. Мен ол кезде Атырау облыстық Әділет басқармасының бастығымын. Бір топ азаматтар қарсы алдық. Салық ағамыз Атырауға сапарында: «Біздің шын мерекеміз – 25 қазан, егемендік алған күн», деп айтып еді. Міне, сол жүзеге асты. 25 қазан ең үлкен ұлттық мерекемізге айналды. Парламент депутаты болып жүрген кезімде Салық Зиманов, Александр Княгиннің аттары Астана қаласындағы көшеге берілді. Егемендік алуымызға үлесін қосқан азаматтарды осылай қастерледік. Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар оқиғасынан кейін билікті өз қолына алғанының нәтижесі. Қазір Астанада мерекеге дайындық жүріп жатыр.
1991 жылы Президент сайлауының алғашқы кездесуі Атырау облысында болды. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ирақа қандай бұйымтайың бар?» деп сұрады. Сонда мен: «Соттардың жағдайы өте төмен. Отырған ғимараттары нашар. Көрші елде партияның, кеңестің ғимараттарын соттарға босатып беріп жатыр. Бізде неге солай етпеске?» деген ұсыныс айттым. «Парламентте бір судьяны сөйлетіп тыңдайық» деген едім оған да келісім берді. Сөйтіп, қалалық, аудандық партия комитеттерінің ғимараттарын соттарға әпергенбіз. Шынын айтайын, ол маған оңай болған жоқ. Атырау облысында елімізде алғашқы болып соттың «Ақиқат жолы», деген газетін шығардық. Бас редакторы белгілі журналист Құттыгерей Смадияр, қызметкері болып қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Жолдасбек Шөпеғұл еңбек етті. Ең бірінші жеке нотариус ретінде тіркеліп, қызметін ашқан адамдардың бірімін. Ол да оңайға түспеді. Бастапқыда көптеген түсінбестіктерге кезіктік. «Хабар» телеарнасында тележүргізуші болып та жұмыс жасадым. Өзімнің «Көзқарас» деген арнайы авторлық бағдарламам болды. Оған Президентті, түрлі дәрежедегі министрлерді, басқа елдің президенттерін шақыратынбыз. 800 рет шығарылымы болған екен. Артқа қарайтын уақыт жоқ, әлі де жұмыста жүрмін. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында кәсіпкерлермен жұмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің Астана қаласы бойынша төрағасымын. Осындай жұмыстар атқардық. Мұның бәрін мақтаныш үшін емес, егемендіктің арқасында мүмкін болғанын ел білсін деп айтып отырмын. Егемендікті сол үшін алдық қой. Төл мейрамымызбен құрманғазылық ағайындарды құттықтаймын, -дейді Ирак Қасымұлы.
Республикамыздың мақтанышы Ирак Елекеев ағамыз «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медальдарының, КСРО Әділет министрлігінің «Қызметтегі табыстары үшін» төсбелгісінің, «Сот жүйесінің құрметті қызметкері» Құрмет белгісінің иегері. Жұбайы Ғалия Мақажановамен бірге Ғалымжан, Ержан, Гүлжан атты ұл-қыздарын тәрбиелеп, қатарға қосқан бақытты ата-ана.
Айнагүл Күнұзаққызы