Ресейде шырқалды қазақ әні

(0 Votes)

Одағы тұсында аналарымызбен ілесіп талай барғанбыз. Ол кезде әйел адамдар шаһарға тек өрік, шие, қара өрік алу үшін ғана жолға шығатын. Оны әкеліп банкіге салып бастырады. Қақаған қыстың ішінде де сол жеңсік астар дастарханға қойылатын. “Аштықта жеген құйқаңды тоқтықта ұмытпа” демей ме халқымыз.

 

Одақ тараған жылдардағы, Тәуелсіздіктің алғашқы кездеріндегі қиындықтарда да екі елдің арасындағы қатынас үзілмеді. Дүкен сөрелері бос қалғанда халық азық-түлік пен киім-кешекті Астраханнан тасыды. Солардың қатарында талай рет өзіміз де қаланың Татар базары, Маркин, Большие Исады, Толкучка атанған сауда орындарына барып, қажетімізді алдық. Аталған базарларға балық, басқа да тауарлар апарып сатып күн көрдік. Осынау аппақ қалада еркін жүретінбіз. Большие Исадыға кіргеннен-ақ “Теңге бар ма?”, - деп ақша айырбастаушылар қарсылайтын. Қазір де Астрахань облысымен қатар даму үстіндеміз. Оның іргелес жатқан Қызылжар, Қарабайлы, Володар аудандарының бізбен өзара қарым-қатынасы жақсы.

Наурыз мерекесіне, ауданымыздың мерейтойларына, “Таза жағалау” акцияларына олардан ресми делегация келіп қатысып жүр. Өздерінде болған шараларға құрманғазылықтарды шақырып, құрметтейді. Өткен жылы Нариманов ауданында болған “Жолдастық тойға” қатысып, құрметтерін көріп қайтқан болатынбыз. Сонда Нариманов ауданы әкімдігініің экономика бөлімінің басшысы Евгения Булатова ауданда қазақтардың “Жолдастық” қоғамдастығы барын жеткізді. Мұндағы қазақтар өздерінің салт-дәстүрлерін, тілі мен дінін ұмытпай, оларды кейінгі буын жастар арасында кеңінен насихаттау үшін түрлі шаралар ұйымдастырып отыратынын, біз барған той соның бір көрінісі екенін айтты.

Ауданда қанша қазақтар барын сұрағанымда 2010 жылдан бері халық санағы жүргізілмегенін, дұрыс мәлімет қажет болса “Астраханьстаттан” алуыма болатынын айтып жөн сілтеді. Аталған орталықтың 2010 жылғы мәліметі бойынша бұл ауданда 45457 адам тұрса, соның 11185-і қандастарымыз екен. Саны жағынан орыстардан кейінгі орында.

Той барысында қазақы шапанмен жүрген бір ақсақал көзімізге жылы ұшырады. Сәлемдесіп сөйлестік. - Қалмақ елінен келіп тұрмын. Астрахан облысына сондағы 5500 қазақтың арнайы сәлемін жеткіздім. Өзім осындағы Ақсарай қаласында туғанмын. 48 жылдан бері қалмақтардың арасындамын. Жолдасым қалмақ қызы. Бұрын кәсіподақ, мәдениет саласында жұмыс жасадым. Қазір зейнеткермін. “Жолдастық тойға” бірінші рет келіп отырмын, маған ұнады. Басқа ұлт өкілдері де жүр. Бұл халықтар достығын насихаттаған үлкен той ретінде өтті. Қағанағына жарымаған құлын секілді тілінен ажыраған жан да оңбайды. Онымен бірге тектілігін жоғалтады. Сол себепті ана тілімізді жастар арасында көбірек насихаттаймыз. Ертеңгі күні олар мәңгүртке айналмағанын қалаймыз. Біз өзінің салт-дәстүрі мен мәдениеті бар текті ұлтпыз. Сондықтан қайда да қазақ болып қаламыз.

Қалмақ жерінде Өтепберген Әлімгереев, Өмірзақ Қажымғалиев ағаларың бастаған адамдар келіп кетті. Солардың шақыруымен сіздің ауданға да барып қайтқанмын. Мына шапанды сонда жапқан едіңдер. Қандастарымның құрметі ғой деп бүгін осында киіп шықтым. Құрманғазы ауданында туыстарым бар. Ауданның барлық халқына дұғай сәлем жолдаймын. Екі мемлекеттің, Қазақстан мен Ресейдің татулығы жараса берсін, ел аман, заманымыз тыныш болсын, - дейді Хатимолла Идиров ақсақал ақ тілегін ақтарып.

Өткен жылы Астрахань қаласына жолым түсті. Шаһарда көлікпен жүргенде заңғар күйші Құрманғазының зәулім ескерткішінің қасынан өттік. Алыстан мен мұндалайды екен. Ресейде сондай ескерткіш орнатылуы күй қағанының туған жерінен келіп тұрған менің бойымда мақтаныш ұялатты. Жат жерде қазақылығын жоймаған қандастарымызға деген ризашылық сезімім оянды.

 

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT