Астана қаласында өткен Ұлттық мектеп лигасының республикалық финалында баскетболдан ауданымыздың Орлы ауылының жас оқушылары жеңіске жетіп, чемпион атанған еді. Мұндай зор жетістік әрине аса мықты дайындықтың арқасында келетіні анық. Осы орайда, біз жас өрендерді бұл турнирге дайындаған жаттықтырушы, өз ісінің маманы Сисенғалиев Төремұрат Қадырбайұлымен әңгіме өрбіткен болатынбыз.
- Алдымен өзіңізді біздің оқырмандарымызға таныстырып өтсеңіз.
- Мен 1966 жылы 11 тамызда дүниеге келдім. 1988 жылы Гурьев педагогикалық инситутына оқуға түсіп, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Отбасын құрғанмын, ізімді жалғар Олжас және Асылмұрат атты екі ұлым бар. Жалпы, өзім жас кезімнен бастап спортпен көп шұғылданған болатынмын. Сөйтіп жүргенде, 2008 жылы «Жыл спортшысы» атағын иеленген едім. Қазіргі кезде, Н.Манаев атындағы жалпы орта мектептің спорт нұсқаушысы болып жұмыс жасаймын. Ал, ұлдарыма келер болсам, екеуі де дәл мен секілді спорт десе ішкен асын жерге қоятын жандар. Үлкен ұлым отбасылы екі немерем бар. Кіші балам болса, қазір менің қасымда дене тәрбиесі пәнінен сабақ береді. Сонымен қатар, баскетболдан қыздар үйірмесінің жетекшісі болып қызмет атқарады.
- Сіз баскетбол үйретуді қашан, қалай бастадыңыз?
- Қазірдің өзінде мен баскетбол үйретуді 4 - сынып оқушыларынан бастап қолға алдым. Өйткені, ерте жастан дұрыс бағыт беріліп, іргетас қаланса, оқушылардың спорттағы шеберлігі де соғұрлым жоғары болады деп есептеймін. Сондықтан кішкентай кезінен бастап оқушыларға тәртіп, сабақтан қалмау, жақсы оқу және үздіксіз жаттығу секілді қағидаларды ұстануды үйретемін.
- Жетекшілік ететін командаңыз туралы да айта отырсаңыз?
- Бүгінде мен өзім қызмет атқаратын білім ордасының 7 және 8-сынып оқушыларынан құралған қыздар командасын жаттықтырамын. Олар үлкен дайындықпен көптеген аудандық, облыстық, тіпті республикалық жарыстарда жеңіске жетіп жүр. Команда құрамында өте талантты, еңбекқор, тәртіпті оқушылар бар.
- Астана төрінде оқушыларыңыз чемпион атанған сәтте қандай сезімде болдыңыз?
- Бұл - сөзбен айтып жеткізу қиын зор қуаныш болды. 12-18 мамыр аралығында Астана қаласында ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған Ұлттық мектеп лигасы аясында баскетболдан жарыс өтті. Бұған еліміздің әр облысынан спорт саласының жас майталмандары қатысты. Жолымыз болып, бұл сайыста біздің команда чемпион атанды. Еңбектің, табандылықтың және үздіксіз дайындықтың нәтижесін көру – үлкен бақыт. Сол сәтте оқушыларыммен мақтандым, көзіме жас та келді.
- Осы жетістікке жету жолында қандай дайындықтар жүргізілді?
- Жарысқа дейін ұзақ уақыт бойы күнделікті жаттығулар өткіздік. Әрбір ойыншының техникалық шеберлігін арттыруға, командалық үйлесімділікті қалыптастыруға көп көңіл бөлдік. Ең бастысы – тәртіп пен тұрақтылық. Жаттығудан қалмау, өзара сенім және мақсатқа ұмтылу – бізге жеңіс әкелген басты қағидалар болды.
- Жарыс барысында қандай ма бір қиындықтар болды ма?
- Иә, қиындықтар аз болған жоқ. Жарыс басталмас бұрын-ақ күтпеген тосқауылға тап болдық. Астана қаласына келген күні, жарыс алдындағы құжаттарды тексеру барысында біздің команданы "құрам 8 адамнан аз" деген себеппен жарысқа қатыстырудан бас тартты. Бұл - біз үшін үлкен соққы болды. Алайда, “Дарын” орталығының өкілі бұл жағдайға бейжай қарамай, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Баскетбол федерациясының басшылығына ресми шағым жолдады. Нәтижесінде, әділдік орнап, біздің командаға қатысуға рұқсат берілді. Ереже бойынша 12 ойыншы болуы керек деген ұсыныс бар болғанымен, 8 адамнан кем болмау керек деген нақты талап жоқ екені дәлелденді. Осы сәтте біздің команданың намысы мен бірлігі сынға түсті. Қыздарымыз еш мойымай, соңына дейін күресіп, 34:31 есебімен үздік танылды.
- Болашақта тағы қандай мақсаттарыңыз бар?
- Алдымызда көптеген мақсаттар тұр. Республикалық жарыстарда тағы да жүлдегер атану, оқушыларымызды халықаралық деңгейге дейін көтеру, спорттың тәрбиелік маңызын кеңінен насихаттау – басты армандарымның бірі. Спорт арқылы оқушыларды тәрбиелеу, олардың бойына табандылық пен сенімділік дарыту – негізгі ұстанымым.
- Айтыңызшы, жастардың спортқа деген қызығушылығын қалай арттыруға болады?
- Ең алдымен, баланың спортқа деген ынтасын ояту керек. Бұл — ұстаз бен ата-ананың бірлескен жұмысы. Одан кейін балаға сенім артып, дұрыс бағыт көрсету қажет. Үнемі қолдау көрсету, жетістігін мадақтау, жарыстарға қатыстыру арқылы олардың қызығушылығын арттыруға болады.
- Өз тәжірибеңізге сүйене отырып, басқа мұғалімдерге қандай кеңес айтар едіңіз?
- Ешқашан балаға үмітсіз қарамаңыз. Әр оқушы – жеке тұлға, өз қабілеті бар. Тек соны дер кезінде байқап, дұрыс бағыт беру керек. Сабыр мен табандылық, адалдық пен еңбек — міне, жақсы жаттықтырушының негізгі қасиеттері осы. Балалармен жұмыс істеуде мейірім мен талап қатар жүруі керек.
- Бос уақытыңыз бола қалса немен айналысқанды жөн көресіз?
- Бос уақытымның көп бөлігі спортпен байланысты өтеді. Спортпен айналысқан жан ешқашан жаман жолға түспейді. Демалыс күндері серуендеуді, немерелеріммен уақыт өткізуді жақсы көремін. Сондай-ақ, спорттық жаңалықтарды қарап, өз білімімді үнемі жетілдіріп отырамын.
- Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға алғысымызды білдіреміз. Жеңісті сәттер көп болсын!
Сұхбаттасқан Әділет ҚАНАТҰЛЫ