Атырау қаласында 100 шаршылы дойбыдан маусым айының 16-сы күні Шымкент қаласында ұйымдастырылатын Қазақстан чемпионатына іріктеу кезеңі өтті. Бұл іріктеуде Құрманғазы ауданының намысын қорғаған спортшыларымыз 8 алтын, 4 күміс, 1 қола алып, осал ойыншылар еместігін көрсетті. Іріктеу блиц және классика түрінен өткен болатын.
Нәтижесінде іріктеудің аталған екі түрінен Амира Есенғұл, Ерасыл Елеусін, Жайдар Шалқар 2 алтын медальдан иеленіп, қарсыластарынан басым түсті. Айару Есенғұл 1 алтын, 1 күміс, Жанерке Сағынжан 1 алтын, 1 қола олжалады. Бекхан Сағынжан 2 күміс, Марат Ғалымжан 1 күмістен алқа тақты. Аталған жас дойбышыларымыз Шымкент қаласында өтетін Қазақстан чемпионатында бақ сынайды. Оларды осы жарысқа дайындаған жаттықтырушылары Ернар Қаражановқа, қолдау білдірген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшысының орынбасары Алмас Мукашевке еңбектеріңіз ақталсын, дойбышыларымыздың жеңісті жолдары жалғассын деген тілектеміз.
Айнагүл Шакупова