2025 жылдың 22 мамыр күні Нұржау ауылында ұмытылмас спорттық ойын орын алды. Ауылдың белсенді жастары мен спорт сүйер қауымның бастамасымен 2015 жылғы мектеп түлектерінің 10 жылдық мерейтойына орай ауылішілік кіші аяқ доп (футбол) жарысы ұйымдастырылды.
Жарыстың ашылу салтанатында округ әкімі Мұғалім Мұрабек құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
Ол бұл турнирдің тек спорттық қана емес, ұрпақтар арасындағы байланыс пен ауызбіршілікті арттырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Бұдан соң 2015 жылғы түлек, қазіргі уақытта шәкірт тәрбиелеп отырған, Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Талапбеков Дастан Марксұлы сөйлеп сәттілік тіледі. Турнирге ауылдың әр кезеңдегі жастары жиналып, барлығы 11 команда қатысып, екі топқа бөлініп өзара тартысты ойын көрсетті.
Жанкүйерлер мен көрермендерге нағыз спорттық атмосфера сыйлаған бұл жарыс достық пен татулықтың үлгісіне айналды.
Жарыс нәтижесінде үздіктер келесідей анықталды: I орын – 1992 жылғы жігіттер II орын – 1993 жылғы жігіттер III орын – 2002 жылғы жігіттер
Сондай-ақ, жеке шеберліктерімен көзге түскен ойыншылар арнайы марапаттарға ие болды: Үздік қақпашы – Мағпазов Айбек (1993 ж.) Үздік ойыншы – Нұрхат Азамат (2009 ж.) Сұрмерген (ең көп гол соққан ойыншы) – Ғаділбеков Елдос (1995 ж.) Жарыс соңында жеңімпаз командаларға ақшалай сыйлықтар, арнайы кубоктар мен медальдар табысталды.
Бұл шара ауыл жастарының бірлігін, туған жерге деген сүйіспеншілігін тағы бір мәрте дәлелдеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Нұржау ауылы – бірліктің, достықтың, спорттың ордасы екенін тағы да дәлелдеді!
Ұйымдастырушылар – 2015 жылғы мектеп түлектері – өздерінің туған ауылына деген сүйіспеншілігін осындай жарқын шара арқылы көрсете білді.