Ән атасы Әміре

(0 Votes)

Халқымыздың дүлдүл әншісі Әміре Қашаубаевтың мәдениетіміздің өркендеуіне қосқан үлесі зор. Әміре әншілігімен қатар қоғам қайраткері де болды. КСРО Кеңестері ІV съезінің, РСФСР Кеңестерінің ХІІ Бүкіл Россиялық съезінің делегаты.

Әміре 1888 жылы Семей облысының осы күнгі Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының етегінде дүниеге келген. Анасы Тойған, ал әкесі Қашаубай екі ағайынды кісілер екен. Қашаубай күн көріс кәсібін іздеп, Қаражан Үкібаев дегеннің тері жаятын, мал сойғызатын, шеліні сыпыртатын, қасап сарайына тері кептіруші, шелдеу жұмыстарын атқарушы болып кіреді. Бұл – Әміренің жасы 10 - нан асқан, есейіп қолқанат болып қалған кезі еді. Әміре әкесіне көмектесіп тері жайып, шелін алып, тағы басқа жұмыстарына атқарысып, сенімді серік бола біледі. Немере ағасы Серік Тергеубайұлы ойынан өлең шығарып айтатын, домбыра мен гармонды бірдей тартатын сері жігіт екен. Сол Серік Әміренің қаршадай күнінде әнге, домбыра сазына құмарлығына қызығып, әдемілеп ән айту, домбыра тарту өнеріне баулыған. Қашаубай күнелтіс көзімен Семейге кеткенде Серік ағасы ұстатқан домбырасы қолынан түспей әнүзі ыңылдап ән салатын. Анасы Тойғанға «Серік ағамның әнін айтамын» деп алып, «Шұбартаудың басында қос барабан» деп басталатын әнді айтқанда анасының қуанышында шек болмайтын. Қаражан байдың қойма меңгерушісі «қоймаға күзетші керек еді, алыстан кісі іздегенше мына балаңыз қолына таңылдақ алып күзетші болмай ма?» – деп ақыл айтыпты.

- Ойбай-ау, әлі кішкентай ғой. Түнде мына қамбада жалғыз қалып қорқады емес пе?-депті әкесі. – Қорқатындай қауіпті ештеңе жоқ. Кішкене үйде отырады. Ішінде темір пеші бар, керосин шам қоямыз, тек күзет барын білдіріп тамылдақты соғып,қамбаны аракідік айналып шықса болды. Егер де күзетке келсе балаңыздың айлығы 8 сом, - депті әлгі адам.

Ақшаның аты аталғанда Әміре қуанып:

- Әке, мен күзетемін, -деулі.

– Қорықпайсың ба? – десе,

– Қорықпаймын, таңылдағым болады. Қақпаны бекітемін, домбыраны аламын, ән саламын. Серік ағайдың гармонын сұрап аламын,- деп әкесін көңілдендіреді. –Ал, онда келістік, айлық еңбекақы есептеледі,- депті қойма меңгерушісі. Сонымен, Әміре жұмыс тауып маңайда «әнші бала», жеңгелеріне «әнші қайным» атанады. Серік ағасынан үйренген алғашқы әні – « Ардақ»: - Ой Ардақ, сен ақ қоян секеңдеген, Қолымда бір тазым бар жетектеген. Ойымда үш ұйықтасам бар ма менің, Айрылып сенен сәулем кетем деген- деп «Ардақты» құйқылжытып айтқанда, шешесі Тойған келіп, көзіне жас алады екен. Осындай асқақ даусының арқасында халық арасында Әміренің беделі бірте-біте арта түседі. Оның орындайтын әндері: «Ағаш аяқ», «Дударай», «Шұбартас», «Гаухар», «Маң –маң кер», «Қос қарагер», « Жалғыз арша», «Сырғақты», «Семет», «Қараторғай», «Қызыл бидай», «Үш дос», «Балқадиша», «Көк көбелек» және басқалары. 1925 жылды 9 шілдесінде Кеңес Одағының әртістері Парижге барады. Олар ондағы театрларда екі концерт беріпті. Әміре олардың екеуіне де қатысып, «Ағаш аяқ», «Дударай», «Жалғыз арша», «Сырғақты», «Смет», «Қараторғай», «Үш дос», « Балқадиша» әндерін орындайды. Париж тұрғындары: «Біздер аса қызықты ойын – сауық көрдік, ғажайып дауыс иесі – қырғыз (қазақ) Әміре Қашаубаев өз елінің жан жүйеңді балқытатын әндерін ұлттық аспаптары - домбыраның сүйемелдеуімен орындап берді. Парижге келген қазақ әншісі өз елін жан - тәнімен сүйетіндігіне қуанамыз» - деп ортақ пікір қалдырыпты. Сөйтіп, Әміре 1925 жылы Парижде болып, асқақ даусымен француз халқын таңдандырған, оның бірнеше әнін Сарбонна университетінің профессоры Прено фонографқа жазып алады. Әміренің орындауындағы сол әндер бүгіндері Парижде әлі күнге сақтаулы. Әміре қазақтың ән өнерін әлемге танытқан, сирек дауысты құбылыс деуге келетін, дұрысы әуен асқары еді. Аты мен атағы алты алашқа белгілі, алаштың ардақты азаматы, сол уақыттағы А.Ф.Керинский басқарған уақытша үкіметінің мүшесі Мұстафа Шоқай Ташкенттен келген сапарында орыс қызы Мария Яковлевнамен мешітке барып мұсылманша некелесіп қосылады. Мұстафаның жұбайы сол Мария Яковлевнаның жазуы бойынша Мұстафа Әміре Қашаубаевпен екі рет кездескен. 1925 жылы Франкфурт қаласында этнографиялық көрмеге барғанда Мұстафа Шоқай бір апта бұрын кездесетін үйді, қонақ үйді даярлап қойып, түн ортасы ауғаннан кейін Әмірені алып келіп қонақ етіп, ән айтқызып, әңгімелесіп, оны таспаға түсіріп, таң ата қайтадан қонақ үйіне апарып салады. «Сенің артыңда тыңшы болуы мүмкін ғой», деп аса сақтық жасаған көрінеді. Екінші рет 1927 жылы Парижде кездеседі. Қонақ үйден түн ортасы ауа алып келіп, құрмет көрсетіп, әңгіме - дүкен құрып , ән айтқызып, дем алғасын таң ата қонақ үйіне кері апарып салады, Мария Яковлевнаның жазуы бойынша.

Мұстафаға Әміре: «мен сізбен бірге болайын, осында қалайын» деп те өтініш еткен.

Мұстафа оған : «Жоқ болмайды, менің кетуім бір басқа, менде ол елдің азаматтығы жоқ, сондықтан ылажсыз келген болып есептелемін. Ал, сенің елге қайтпай қалып қойғаның сатқындыққа саналады», - деп елге оралуға солай көндірген деп жазады Мария Яковлевна. Бұл шынымен де Мұстафаның көрегендігі еді. Ал, Әміре елге келген соң оның соңына белгісіз адамдар түсіп, Мұстафамен кездескенін НКВД-ға жеткізген соң көп қорлық көрсетеді. Сол қудалау - қорлыққа шыдай алмады ма, азаматтық арына тиді ме, кім білсін, ол 1934 жылы ашылған қазақтың тұңғыш опера театрының сахнасында ән шырқай алмады. Бүкіл әлемге аты жайылған Әміре асқар тауы тәрізді қазақ елінің мақтанышы еді.

Ел аузында өлең атасы - Абай, күй атасы – Құрманғазы делінсе, ән атасы - Әміре деп кесіп айтуға болады. Әміре сынды топтан озған тұлпардың дүбірі қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Сол Әміре белгісіз жағдайда 1934 жылғы 46 жасында кенеттен қайтыс болады.

Мәдениет ХАРЕСТЕГІ,

Нұржау ауылдық округі, еңбек ардагері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT