Жанына жайлы үйреніс- кен жұмсақ төсегі 3-4 күннен бері бұрынғыдай маужыратып, тыныштық тұңғиығына тартпай, таңға ұйқылы-ояу беймазалықтан арыла алмайтын күйге түскен-ді.
Бүгін де көз шырымын алғанын біле алмай, бұлыңғыр есалаң қалыпта жатыр. Елден естіп жүретін, көңіл дос жолдасының басындағы келеңсіз жайлар болашақта өзіме кездесіп қалама деген суық ой денесін қарып жібергенде, келесі қырына аунап түссе де мазасыздығы басылмай орнынан еріксіз тұрғызды... Қасындағы кемпірін оятып алмайын деп еппен жайлап киініп тысқа шықты. Ескі ай желініп, жаңа ай тумаған шақ. Даланы түннің таңғы қою қараңғылығы қымтап алған. Өліара мезгіл еш дыбыс жоқ, ауылдың иттері де үруден шаршап дамылдаған. Табиғаттың меңіреу күйіндегі мылқау тыныштықта Азат қалшып қалт тұр. Құлағына жүрегінің дүрсілдеген соғысы ғана естіледі.
Шығыстан түнерген қараңғылықты келер күннің таңғы сәулесінің шашыранды шанағы көбесін сөккен әлсіз бозамық жарықтың құлан иектеніп көтеріліп келе жатқаны байқалады. Аспандағы шашылған моншақтай әлем шам шырақтары біздің өз жарығымыз жетеді дегендей жымыңдасып жалт-жұлт еткені адамның назарын еріксіз өздеріне тартады. Жұлдыздай пышырлап шашылған ойын жинақтай алмаған Азат далаға неге шықтым, не іздедім деген сұрағына қалай ақталып жауап берерін білмей тоқталып тұрғанда, үйдің сыртқы есігінің жайлап ашылған дыбысын сезді. Қараңғылыққа үйренген көзін тоқтатып қарағанда камзолын бүркене жамылып шыққан кемпірінің тұрпатын байқады.
- Кемпір-ай, таң қараңғысында қайда шықтың, құлап қалсаң не қыласың?
Жауап қайтарылмады. Әйелі жайлап, сипалап тауып: Қарағым-ау, саған не болды, бірнеше түн қатарынан дұрыс ұйықтай алмай жүрсің,мазалаған қандай ой?-деп қасына келіп құшақтап. Ертеректе шаруашылығыңда ауыр жағдайлар туындағанда таңға көз ілмей шығатынсың, қазір зейнеткерсің, ұйқыңды бөлетіндей рет жоқ емес пе?
- Мен тұрып кеткенде ұйықтап жатыр едің ғой.
- Жаным-ау, сен дөңбекшіп жатқанда менде ұйқы бола ма?
- Ол жас кезіміз, қазір немере сүйген шал-кемпірміз, күндіз уақ балалардың күйбіңімен жүріп шаршайсың.
Түнде мазаланбай дем алсаң қайтеді деп кемпірін бауырына алып, дүниедегі ең қымбат адамыңның тынысын сезіп, денесін құшқанда, өзіне таныс жұпар иісіне балқып:
– Айым-ау, ештеңе болған жоқ. Өміріңде қабағыңа кірбің түспесінші деп жүрген жанмын ғой. Ұйқыңды бұзып неге тұрдың, сүйіктім менің, - деп өбіп сүйіп алғанда, барлық ойдан арылып шаттықтың төрінде сайраңдағандай күйге түскен.
- Сенімен бірге жүріп өткізген әр күнім шаттық, бақыт, беймаза сәтіңді көрсем жүрегім сыздап ауырады. Менен жасырын сырың жоқ екенін білем. Жаңа киініп шығып кеткенде қорықтым, қайда барады, бірдеңеге ұшырап қала ма деп ойладым. Сенсіз өмір сүре алмаймын, - дегенде сөзінің соңында дауыс бұзылып тарғылданып жылағанын сездіріп алды.
- Жаным-ау, неге қорықтың? Сені тастап қайда барам, бұзылмашы, - деп жүрегі елжіреп әйелін құшырлана иіскеп, бетінен, көзінен, бал татыған ернінен шөпілдетіп өбе берді.
Таң өз билігіне еніп айнала тегіс жарықтанған, Шолпан жұлдызы кіреукеленіп көмескіленген. Басқалары біздің бүгінгі түнгі шаруамыз аяқталды дегендей әлсіз жымыңдасып жарықпен жамырап батып бара жатты. Азат ойына соңғы жылдары кемпірінің жүзіне зейін қойып көз тоқтатпағанына ұялып, таңғы жарықта, бажайлай қарап назарын салды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген, алпыстан асса да, аздап түскен әжім болмаса, ажары таймаған.
Бота көздерінің шарасынан мөлтілдеген тамшылар, жылжып иегі арқылы бірін-бірі қуалап бара жатқанын байқап, жаны ышқынып, аяп та, аялап бауырына басып уата берді. Шығыстан күн шықпаса да оның алқызыл арайы аспанды жалындатып әртүрлі түске бояп алаулап тұрған суретті иегімен нұсқап:
- Сүйіктім, шығысқа қарашы, қырық жылдай бұрынғы көрініс қайталанып тұрғандай. Айым да бетіндегі жас іздерін қолымен бір сипап табиғаттың ғажайып көрінісіне қарағанда жүрегі атойлап ұзақ жылдар көмбесінде қалған қуанышты сәтпен дидарласқандай әсерде.
- Жаным, ол күн менің өмірімнің өзегі, сенімен алғашқы табысқан кездеріміздің өшпес сәулесі емес пе?!
-Иә, тапал тамның терезесінен төгілген нұр мен алаулаған арай.
- Ой, жаным, сол түнгі Ай мен жаңа шыққан Күнге серт бергендей уәдемізге жетіп келеміз. Ол да Алланың бізге берген бақыты.
- Аллекем сол бақытынан айыра көрмесін.
- Азатым-ау, арамызда еш жасырын сыр жоқ, құпия болған емес. Соңғы кездегі ойқанысыңнан қатты секем алып жүрмін.
- Секемшілім-ау, үйге кірейік, сенен жасырып емес, мазалаған ойым тұрақтағасын бірлесіп шара жасармыз деп жүргенім...
* * *
Ұзақ жылдардан бірге жүретін көңілдері жарасқан, ата әңгімесімен суарылған, ұстамды билік сөзі бар Әбен, парасат-пайымды Олжатолла, жадышыл, зейінді Сейілғали, қой торы, тұйық Салқан бесеуі бүгінгі кездесулерінде әдеттегідей киік кісіленіп, одағайлануға бармай тұрлаулы сөз, толғандырар әңгімеге бастай берген. Тұжырымды ойлар, ақылдасар сәт туындаған тұста Азат салмақты жайтты кеңеске бастады:
-Мені біраздан бір түйткіл мазалап жүр. «Немере жаннан тәтті» дегендей, - аталық дәрежеге көтерген тұңғыш немереміз Тұяқжанымның мінезі үйлеспей барады. Бұдан екі жыл бұрын мешітке баруды бастаған. Кемпірім немерем имандылық жолға түсті деп қуанышқа кенелді. Мен де қарсы болмадым. Бастамада мұсылмандықтың әдемі сөздері мен көркем мінездеріне тәнті етіп бізді риза жасаған. Бірақ кейінгі кезде сөздері біз білетін діни ұстаным бағытынан өзгешелеу сияқты. Бәйбішеміз сейсенбі күні аталарға, жұма күні дүниеден өткен бізден дұға дәметкендерге арнап жалпақ нан пісіріп иіс шығарса:
– Ол Аллаға серік қосу, мұсылмандық жолға қайшы, - дейтінді шығарды. Шалбардың балағын қысқартып, тұйықталып бізден жырақтап бара жатқандай. Діннің де әр түрі бола ма? Осы жайтқа сіздер қалай қарайсыздар? - деп ортаға сөз тастады.
- Қайдам, біздің жерде діннің таралуының өзіндік жолы бар. Нарын бойына қоныстандыруда еңбегі сіңген Сырым батыр, діннің де халық арасында таралуы, сақталуы жөнінде үлес қосқан адам ғой, – деді Сейілғали. - Сәкеңнің білмейтіні жоқ, - деп Олжатай сөзге араласты.
Салмақты қалпын жоймай отырған Азат:
- Біздің Сәкең біледі ғой, бірақ сөз желімін пайдалануды ұмытпайтын әдеттен құр емес.
- Жігіттер, үй тұрғызғанда жардың кірпіштерін желім балшықсыз ұстата алмайсыңдар. Тек шындықтан әңгіме құралмайды, арасын кіріктірер көтерме сөз қосылса ғана сырланады емес пе?
- Дұрыс болар, бірақ шындықты 180 градусқа бұрмаған сәнді. Сырым баба діндар болғанын дәлелдесек, исламның ошағы алты алашта деуге де жақын қалармыз, – деп Әбен де ризашылық білдіретін достық пейілде күліп ортаны желпіндіріп тастады. Мырс етіп күлімсіреген қалпын сақтай:
- Айтыңдар, айтыңдар, дінді таратпаса да Сырым батырдың болғанын жоққа шығара алмайсыңдар, - деп Сейілғали да беріспеді. Үнсіз отырған Салқан орнынан қозғала тамағын кенеп ұзаққа шабатынын білдіріп:
- Жігіттер, сіздер келелі әңгімені үстіртін әзілге айналдырмасаңдаршы. Кеңес кезінде дінсіз болып ашылдық. Тәуелсіздік алғасын дінге құлай ұмтылып шашылып бара жатқандаймыз. Соның зардабын тартып жүрген жанның бірімін. Сыртым бүтін, ішімде қайнаған мұңдылық. Құрым ұстар ұлға зар болып елуге таяған шағымда бес қыздан кейін көрген жалғыз ұлды бетінен қақпай өсірдім. Жеке ел болып шаңырақ көтерген тұста дінге шөлдеген халық әркім өзінше сусап бас қойды. Біз ұмтылмасақ та жалғызымыз мектепте жүргенде 5-6 сыныптан мешітке баруды бастады. Қуандық, әсіресе кемпірім имандылық жолға түсті деп мәз. Көшеде будақтатып темекі тартып немесе арақ ішіп мас күйінде әркіммен ілесіп жүргендерден аулақ жүретініне шүкіршілік жасап, келісті мінез дарып, дұрыс жолға түсті деп мен де теріс көрмедім. Егемендік бастауында қай жағдай да тұралап тұрды емес пе?
Мектеп те мерзімді сабағын беруден әріге бара алмады. Біздің заманда мұғалімдер шәкіртті тәрбиелейтін болса, қазір қағаз жазып есеп берумен шектеліп, үлгерімді білім беріп емес, баға қойып көтереді. Бұрынғы үйірме, қосымша сабақтар жайына қалды. Оқушылардың бос уақытын кім қалай өткізеді, олар түгелдей өздеріне беріліп, мектеп бақылауынан тыс қалды. Мектепке ұстаздарға сеніп қалған ата-аналардың да түгендеуі жетіспей жатты. Осы тұста ауылда жастар арасында неше түрлі келеңсіз жайлар етек алды емес пе. Баламыздың мешітке баруына қуануымыз, тентектіктен аулақ болады деген есебіміз еді. Бәрі біз күткендей өтіп жатты. Жаңағы Азекең әңгімесінде айтқандай ұлымыздағы өзгерісті байқасақ та мән бермедік. Жалғыз баланың дегеніне қарсы келе алмай уақыт өте бұрынғы күнімізге зар болдық. Аруаққа, ата-бабаға сыйынудан қалдық. «Ағайын-тумамен бастамада арақ құйылады, арам ас дастарханға келеді», деп араласымызды қақпайласа, кейіннен үйге қонақ кіруден қалды. Өзімізбен өзіміз жүріп жаттық.
Балалық мінез өсе келе ретке келер дедік. Ол үміт ақталмады, ол қазір зіңгіттей азамат, қарсы келе алмайсың. Көңіліне не ұстанымына қайшының бәріне ренжиді. Әйеліміз екеуміз бір-бірімізге қарап үнсіз қаламыз. Келін алғасын өзгерер деп күттік, онымыз да ақталмады. Ол да тұмшаланып киініп бізбен ашылып сырласпайды. Ел қатар немеремізге ат қойып, бесік тойын да жасамадық. Мұсылмандық жолмен жүреміз деп мешіттен атын қойдырды. Алланың үйіне бармайсыңдар, намаз оқымайсыңдар, ораза ұстамайсыңдар, бәрің де кәпірлер қатарындасыңдар дегенді шығарды. Сүліктей ұлым ажарын бұзып қаудитып сақал қойғаны арамызды салқындатып жіберді. Балаң емес, бөтен жандай болып барады. Сырыңды кімге ашасың, көңіліме тақаған жандарсыңдар. Біздің үйден су ішпегендеріңе де бес жыл болды. Одан әрісі түсінікті болар.«Уһ!», – деп тоқтағанда зіл батпан жүктен арылған жандай сезінді. Қалыбында ұяң адамның тағдырдың қыспағынан ұнжырғасы түсіп, үндемес ынжық бейнесін түсініп, бір-бірімізге қарадық. Жұбату айтарымызды ойлана әрқайсысымыз білгенімізше қолдау мен тоқтауымызды аямадық. Менің санама немеремнің кейінгі кездегі құлқаяты қылаң беріп, алда осындай жағдайға түсе ме деген қауіп туындады. Жабырқап жүдеп қалдым. Сол ойдан арыла алмай жүрген жайым бар. Сені «сары уайымға» салдырмайыншы деген сырым осы.
- Азатым-ау, қайдан білейін, бұрын кездеспеген қылығың, жастық шақтарыңда шығармаған салқамдықты ел ағасы болып қартайғанда тауып алды ма деп секем алдым. Мені қойшы, көнермін. Ел-жұрт, бала-келін, құда-құдағайлар не дейді? Абыройыңды төгіп ала ма деп қысылғаным шындық.
- Басқаны білмеймін «мен көнермін» дегеніңе сене алмаймын. Ештеңе болмағасын көңілді кеңге салып айтып жатырсың ғой.
- Шалым-ау! Ол да құр болмас, - деп қойнына тығыла түсті де:
- Жақсы екеуміз ештеңе емес, қырық жыл шатаспағанда алдағыны көрерміз. Мына Тұяқжанды шет қылықтан қалай сақтаймыз? Уақап дей ме, Бахап дей ме, сол пәле де бізге келіп қалған болды ғой, бірдеңе істесейші.
- Жарайды тұралық, шаруаңды жаса, бір жөні болар...
ӨМІРЗАҚ ҚАЖЫМҒАЛИҰЛЫ,
жазушы.
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер. (жалғасы бар)