ПАВЛОДАР қаласында жасөспірімдер арасында таэквондодан(WTF) ел біріншілігі өтті.
Атырау облысының намысын қорғап, 2 алтын, 1 күміс, 1 қоланы еншілеген спортшылар арасында жерлестеріміз Мерген Ғайниев (Имашев атындағы орта мектеп) пен Виктор Рудыкин (Ломоносов атындағы орта мектеп) жақсы өнер көрсетті. Мерген мықтылығын танытып бірінші орынға көтеріліп, «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын алды. Сонымен қоса, ол алдағы сәуір айында Тунис мемлекетінде өтетін әлем біріншілігіне жолдаманы иеленді.
Байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген екінші сайыскеріміз В.Рудыкин бұл жолы жартылай сында сүрініп, қола медальді місе тұтты. Спортшыларды жарысқа аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің(БЖСМ) таэквондодан жаттықтырушысы Руслан Аманғалиев дайындап барды.
Атырау қаласында өткен 2000-2001 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы облыс біріншілігінде де балғын боксшыларымыз табысты өнер көрсетті. 56 келі салмақ дәрежесінде Азамат Сайфуллин (студент) бірінші орын алса, 52 келі салмақта Бекзат Сиражев(Әуезов атындағы орта мектеп) жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді. Былғары қолғапшыларды аудандық БЖСМ-нің бокстан жаттықтырушысы Ербол Байдошев баулыды.
А.НӘЖІМОВ.