Бірлік ауылының тұрғыны Мерген Ғайниевтің таеквондодан Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алуы ат шаптырып сүйінші сұрар жаңалық. Себебі, еліміздің спорт шебері атанудың өзі үлкен абырой.
Спорттың бұл түрінен халықаралық дәрежедегі атаққа қол жеткізу мүлдем оңайға түспейді. Бұл жарыстарда әлемнің таңдаулылары маңдай түйістіреді. Сондықтан мұндағы жеңіс санаулылардың ғана маңдайына жазылар бақ. Жалпы, Мерген мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, спорттың осы түріне ден қойып, белсенділік танытқан.
Ерінбей-жалықпай, тер төге айналысқан мектеп оқушысына 2018 жылы Қазақстанның спорт шебері атағы берілді. Жаттықтырған ұстазының еңбегі ақталды. 2018-2022 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының әскери академиясының курсанты атанды.
Таэквондодан Ұлттық құрама командасының мүшесі, 2025 жылы өткен еліміздің чемпионатында ерлер арасында 80 келі салмақта Қазақстан Республикасының чемпионы. Мерген үшін биылғы жыл табысты болды десек, артық айтқандық емес. Халықаралық ақпан, наурыз, қазан айындағы US Open G-2, Bulgaria Open Cup G-1, Albania Open G-1 рейтингтік турнирлерінде ІІІ, ІІ орындар алды. Маусым, шілде айларында Austrian Open G-1 халықаралық жарысында, Корея еліндегі әлем кубогі үшін командалық сайыста ІІІ орыннан көрінді.
Қарашаның 17-ші жұлдызында Катар елінде ұйымдастырылған Qatar Taekwondo international open championship чемпионатында І орын иеленіп отыр. Осының бәрі жас спортшының алдағы болашағында жеңісті жолдары жалғаса түсетінінің көрінісі деген ойдамыз.


