Өнер – халықтың салт-санасымен, әдет-ғұрпымен біте қайнасып барып, сол елдің ішкі жан дүниесін, болмысын бейнелейтін негізгі құрал екені даусыз.
Орлы ауылдық мәдениет үйінде 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күніне орай «Өнерімді еліме арнаймын» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауы өткізілді. Қазылар алқасына «Қазақстан геологы» емдеу пансионаты басшысының орынбасары Ш.Есқалиева төрағалық етсе, «Қайыршақты» балалар саз мектебінің «халық әні» пәнінің мұғалімі Ж.Телеубаев, Атырау қалалық «Құрманғазы» атындағы саз мектебінің директоры З.Умралиева, қалалық оқушылар орталығының хореографы Ш.Нұрғалиева мүшелері болды.
Энгельс атындағы жалпы орта мектептің жанынан құрылған «Жас нұр» ұлт-аспаптар оркестрінің «Қос алқа» күйімен ашылды. Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектебі «Нұршуақ» театр үйірмесінің мүшелері «Биікке ұмтылған ұл» атты сахналық қойылымымен әртістік шеберліктерін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Одан әрі Абай, Әуезов, Шортанбай, Еңбекші жалпы орта мектептерінің оқушылары Д.Хайроллаева, Ә.Утепова, А.Әбесов, А.Мусағалиева өз өнерлерімен жұртшылықты тамсандырып, шараның көрігін қыздырды. Нұржау жалпы орта мектебінің «Нұр шашу» бишілер тобы мың бұрала билесе, Абай атындағы жалпы орта мектептің оқушысы А.Саламат Дәулеткерейдің «Керұғлы» күйін күмбірлетті. Гоголь, Ақкөл орта мектептерінің оқушылары А.Біржанов, З.Сапарова, А.Сәбитова Елбасы, туған жер туралы әндерін тамылжыта шырқады. Бегәлиев, Қиғаш жалпы орта мектептерінің «Наз», «Балғын» және «Балауса» бишілер топтары латынамерикандық, орыс билерімен көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ә.Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектептің оқушылары, Еңбекші, Бегәлиев жалпы орта мектебінен Ж.Нуриденов, М.Құзайырова, Е.Слухан, Д.Кәкімжанова Тәуелсіздік, Отан жөнінде жыр жолдарын арнаса, «Наз» бишілер тобына көпшілік ерекше ықылас танытты. Мерекелік байқау Гагарин атындағы жалпы орта мектептің «Адал ұрпақ» клубының мүшелері сүйемелдеуімен Еңбекші жалпы орта мектебінің хор ұжымы орындауында «Нұраға» әнімен тәмамдалды. Байқауды қорытындылаған қазылар алқасының төрайымы Ш.Есқалиева үздік нөмірлер іріктелгеннен кейін, олар Атырау қаласында өтетін шараға қатыстырылатынын қаперледі.
А.Шакупова