«Мерген - республика чемпионы болыпты, кейіннен Еуропа біріншілігінде топ жарыпты» деген ақжолтай хабар Бірлік ауылына лезде тарап кетті. Бұған әсіресе С.Имашев орта мектебінің ұжымы, барша оқушылар ерекше қуанды. Өйткені Ғайниев Мерген осы аталған мектептің 11 сыныбында оқиды.
2014 жылы аудандық балалар және жасөспірімдер мектебінің таэквондодан жаттықтырушысы Руслан Аманғалиев үйірме ашқан кезде алғашқы болып келгендердің бірі де осы Мерген болатын. Әр жаттығуынан қалмайтыннамысқой, бірбеткей бала айналдырған 4-5 жылдлың ішінде қара белбеу иесі, таэквондодан спорт шебері атанды. Республикалық, халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып үлгерді. Атар болсақ, 2016 жылы VIII облыстық жазғы спартакиадада I орын, Рудный қаласында өткен кадеттер мен жасөспірімдердің республикалық ашық турнирінде I орын, Ауған жауынгерлерін еске алуға арналған ХII халықаралық турнирде III орын, Қостанай қаласында өткен БЖСМ біріншілікте III орындарға ие болды.
Сондай-ақ, Түркияның Белек, Ресейдің Дондағы Ростов және Мәскеу қалаларында өткен жарыстарға да қатысты.
Мерген жылдың басында Павлодар қаласында өткен Қазақстан Республикасы біріншілігіне қатысып, ел чемпионы атанып, Тунисте өтетін әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ақпан айында Түркияда жалауы желбірген Еуропа біріншілігінде күміс медальды иемденді. Мерген 2016 жылы таэквондодан «спорт шеберлігіне үміткер» атанса, енді «спорт шебері» деген құрметті атаққа ие болып отыр.
Жас таэквондошының осындай үлкен жетістіктерге ие болуы, біріншіден, оның тынымсыз төккен терінің, үздіксіз жаттығуының өтеуі болса, екіншіден, бапкері Руслан Саматұлының еңбегі екендігіне еш шүбә келтірмейміз.
Мерген қарапайым отбасында өмірге келді. Әкесі Әбенов Марат ауылда балықшы. Анасы Гүлжазира Қайыржанқызы - жоғары білімді маман, кезінде аталмыш «Алтын медальмен» бітірген ауыл мақтанышы. Қазір Сафон ауылдық округінде бас маман болып еңбек етеді. Мергеннің ата – анасы да ұлдарының осындай жетістікке қол жеткізуіне өз үлестерін қосып, бар мүмкіндікті жасап, бар жиған-тергендерін үмітті ұлдарының түрлі жарыстарға қатысуыларына жұмсайды.
Ел чемпионы атанған Мерген баламызға «Мерейің өсіп, жеңістен жеңіске жете бер. Туған еліңнің мәртебесін өсіріп, сәуір айында өтетін әлемдік додада сәттілік жолдасың болып, тек биіктен көрін! Берекесі тасыған, бірлігі жарасқан Бірлік ауылын әлемге танытар ұл бол!» демекпіз.
Нариманбек Шолтырұлы, штаттан тыс тілші, Бірлік ауылы.