«28 ілмек» клубының еріктілері Атырау облыстық перинаталдық орталығына жаңа туған сәбилерге арналған 30–35 жылы тоқыма жиынтық табыстады. Әрбір бұйым — жай ғана жіп пен әдемі өрнек емес, бұл өмір жолын енді бастаған сәбилерге деген қамқорлық, бөлінген уақыт және шынайы жылу.
Әр жиынтықтың құрамына жылы плед, жаңа туған нәрестеге арналған бас киім, шұлық, қолғап-«антицарапки» және тоқылған комбинезон-боди енді.
Бұл шағын, бірақ аса маңызды сыйлықтардың барлығы қолдан тоқылған. Клуб кездесулеріне әдетте 6–8 адам жиналады: бірі тұрақты қатысса, енді бірі мүмкіндігіне қарай қосылады, ал кейбірі кезекті жиынтықты уақытында аяқтау үшін үйде тоқуды жалғастырады.
Еріктілер әр сенбі сайын сағат 12:00-ден 15:00–16:00-ге дейін қаладағы түрлі дәмханаларда бас қосады. Бір кесе кофе не шай үстінде үш-төрт сағат бойы тоқып, әңгімелесіп, бір-біріне қолдау көрсетеді. Жиынтықтарды дайындау жұмысы қатысушылар саны мен олардың бос уақытына қарай біртіндеп жүзеге асады. Бірақ өзгермейтін басты нәрсе — көмектесуге деген шынайы ниет.
«28 ілмек» клубы Атырауда 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде 17 қараша — Халықаралық шала туған балалар күні қарсаңында аналарды құттықтау игі дәстүрге айналды. Бұл күні еріктілер облыстық перинаталдық орталыққа сәбилерге арналған тоқыма киімдер салынған себеттерді табыстайды.
Клуб мүшелері — «Теңіз жүрегі» жобасының еріктілері мен «Теңізшевройл» компаниясының қызметкерлері. Олар ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға жылу сыйлау мақсатында бірігеді.
«Теңіз жүрегі» еріктілер жобасының жетекшісі Рысты Жексембаева:
«Әрбір тоқылған жиынтық — жүрегіміздің жылуы. Біз аналар қолдауды сезінсе, ал сәбилер өмірінің алғашқы күндерінен бастап қамқорлыққа бөленсе дейміз. Махаббатпен жасалған кішкентай бұйымның өзі үлкен жылу сыйлай алады», — дейді.
Мұндай бастамалар мейірімділіктің жай ғана әдемі сөз емес, нақты іс екенін еске салады. Кейде ол бір қарапайым ілмектен басталып, үлкен адамгершілік жылуға ұласады.


