Биыл Атырау облысында «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру» жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында ауылдық елді мекендердегі үй шаруашылықтарына дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жоспарланған.
Бұл ретте байланыс операторларының күрделі шығындарының (CAPEX) 50 пайызына дейінгі бөлігі орталық атқарушы орган тарапынан субсидияланады. Бұл туралы облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжанов мәлім етті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
– Қазір Атырау облысындағы 153 елді мекеннің 146-сы интернет желісімен қамтылған. Халық тығыз орналасқан аумақтарда 5G технологиясын енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Өңір бойынша барлығы 147 базалық станция орнатылған. Оның 116-сы Атырау қаласында, 20-сы Құлсарыда, төртеуі Теңізде, үшеуі Қарабатан вахталық кентінде, екеуі Исатай ауданында, сондай-ақ Мақат кенті мен Индер ауданында бір-бір базалық станция жұмыс істеп тұр, – деді Алмас Көпжанов.
Өткен жылы Ұлттық жоба аясында 14 шалғай ауылдық елді мекенге «OneWeb» спутниктік технологиясы арқылы тегін интернет қосылған. Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ оптикалық байланыс желілерін тарту және абоненттерді GPON технологиясына көшіру жұмыстарын жүргізілген. Нәтижесінде Атырау қаласында 1500, Құлсарыда 530, Жаңақаратонда 70, Мақат ауданында 250 және Индер ауданында 210 абонент кең жолақты интернетке қосылды.


