«Ұлағаты ұрпағына ұласқан»

(0 Votes)

Аудандық аналар кеңесі және аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасының негізінде «Ұлағаты ұрпағына ұласқан» атты өнеге шарасы өтті. Мақсаты – батыр, жазушы, сазгер, ақын, ғалымдарды тәрбиелеген отбасыларды дәріптеу, жастарға үлгі ету.

d427b76f-ff2f-43a3-988a-ee2e7a7cf9c1

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен шараның шымылдығы аудан өнерпазы Толыбай Қажыгереевтің «Әке-ана» әнімен ашылды. Жүргізушілер Болат Бидоллаев пен Гүлзада Жұмалиева сахна төріне батыр, «Даңқ» орденінің толық иегері Ғизат Әліповтің ұлы Рахмет Әлиев, академик-жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиев, «Жиделі» халықтық фольклорлық ансамбілінің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткер Талапқали Зайнуллин, ақын, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі Таңатар Дәрелұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «Құрманғазы» ӨК төрағасы Сабыржан Сұлтанов, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты дәрігер Талапбек Әженовті тәрбиелеген Мұрат атамыз бен Бөпежан әжеміз шақырылды.

d62c69e9-5172-4da6-af3b-4f63ffa913a7

Сыр-сұхбат форматында өткен кеште қонақтар балалық шағы, өскен ортасы, тәрбие берген ата-аналары, өнерге, ғылымға деген алғашқы баспалдақтары, еңбек жолдары жөнінде еске алып, отбасы құндылықтары, әке феноменінің мәні оның жанұядағы рөлі, баланы ерте жастан еңбекке баулудың негіздері туралы салмақты ой өрбетті. Тәрбиелік мәні зор шарада аудан әкімнің орынбасары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Гүлнар Хасанова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова сөз сөйлеп, ұрпағының қамын ойлап, елдік санаға қызмет еткен, ұрпақтар сабақтастығын лайықты жалғап келетін шараның бүгінгі кейіпкерлерін марапаттады.

 

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521